Әке - асқар тау
Бүгін марқұм әкемнің қайтқан күні екен. Осыдан 25 жыл бұрын, 46 жасында дүниден өтті. Бұл күн біз үшін үлкен соққы болды. От басылық тарихымызда үлкен өзгерістер болып, "Болашаққа!" деген бағытымыз жүз сексен градусқа бұрылып кетті. Бұл енді бөлек әңгіме.
Көзі кеткенді ойласаң, есіңе естеліктер орала кететіні барғой. Енді содан аздап бөлісе отырайын.
Әкемді көзі тірісінде аға тұтып соңынан ерген інілері баршылық болды. Сондай бір інісін өзі үйлендіріп, құдасын шақырыпты. Қона жатқан құдаларды әбден күтіп, ат-шапан кәдесін берер тұсында әкем, "Он екі құдаға он екі қара мінгіздім. Шопыр балада құр қайтпасын, оған бір тай атадым!" деген екен. Ағайындарының алдында абұройы көтерілген құдағи шалқып отырып, "Ақ сүтімді ақтаған осы қызым болды" деп разы болған деседі.
Әкем, қыстың көзі қырауда соғымға екі түйе артпақ болады. Оны совхоздың тракторына артуды бір інісіне тапсырыпты. Өзі қонақтармен үйде отырған әкеме әлгі інісі келіп, "Аға екі түйені арта алмадық" деп қайта, қайта келе берген екен. Сонда әкем, "Мен тұрғанша екі түйені телешкаға артып қойсаң, біреуін еншіңе бердім!" депті. Шері атанған әкемнің сөзінде тұратын мәрттігін білетін жұрт жабыла балаға көмектесуге ұмтылады. "Болмайт" деген тірлікті сүт пісірім уақытта аяқтаған інілері әкемнің бір түйесін бөлісіп алған деседі. Бұл менің елден естігендерім.
Әкемнің тірі кезінде үйден қонақ үзілмейтін. Арнайы келседе қонақ, жолаушы келседе қонақ. Кісі келсе күн-түн демей шешеме ет астыратын. Түн қатып қазан көтеретін шешемнің қалғып отырып шәй құятын кездері әлі есімде. Жарықтық әкем, дүниенің бетіне қарамайтын мәрт кісі еді.
Мен әкеден ертелеу қалып, қасына ерген күндерім тым аз болсада ғұмырыма жетерлік азық алғандай сезінемін өзімді. Қырық алты жасында қош айтысқан қысқа ғана ғұмырында ол мен мақтан тұтар дара тұлға болды. Ауырып жүрген күндерінде бізге айтары тым көп болды. Тіпті бір уақыт тоқтап, ойға шомған көздеріде сөйлеп тұрғандай көрінетін маған. Айналдырған ауыру алмай қоймайтынын іші сезген болар. Уақыт аз, айтары көп. Сырты бүтін, іші ала сапыран болған шығар. Артында қалып бара жатқан жан-жарымен, әліде бұғанасы қатпаған шиеттей жеті баласын қимай ішінен қан жылағанда болар. Иә, тап солай болғаны анық! Өйткені мен бұл күндерде әкемін. Сенің жан күйзелісіңді толық түсінемін, әке!
Әкеден айырлған алғашқы жылдарымыз туған ауылдан көшумен басталды. Құлағынан күн көрінген кішкентай інілеріммен тұлымшағы желбіреген қарындастарым қатайып кеткенше от басы жауапкершілігі мойныма артылды. Жігіт болып бой түзеген бойдақ күндерімде әртүрлі жағдайларда болды. Шамам келгенше шалыс баспауға тырыстым. Ел-жұртым, "Пәленшенің баласы жаман атты болыпты" демесін деп, әлі күнге аяғымды аңдап басумен келемін. Өзім үшін емес әке атына кір келмесін деп солай жасайтынмын. Осы әрекетім өмірде талай бәледен қақты. Олда болса әке әруағының желеп-жебеп жатқанынан шығар. Мұндай жағдайды, көзден кетседе көңілде жүретін әкемен баланың үндестігі, ұрпақ сабақтастығы деугеде болады. Бұл күндерде әкемнің жеті баласыда жетіліп ел қатарына қосылып кетті. Әкем жаққан бір шырақ енді жеті үйде жарқырап тұр. Негізгі әке арманыда осы емеспе?
Әке!, арманың орындалды. Біз оқыған құрандармен рухың шат-шадыман болып қуана бер. Мәңгілік тұрағыңда, жәннәттай жайыңа жайғасып нұрың шалқи берсін! Артыңда қалған ұрпақтарың аманат арқалай алатындай азамат болды. Алаңсыз бол!, ӘКЕ!