20.01.2022
  196


Автор: Арман Шеризат

Іңкәрлік

Тәкәппар таулар алыстап,
Манаурап ауыл жататын.
Кәрі әжем дұға бағыштап,
Күн, әйтеу, кештеу бататын.
Жаралы жанның қонағы,
Жүрегім талай сыздарсың.
Бір сынып менен жоғары,
Шеткі үйде сұлу қыз бар-тын.
Өткенге бүгін жүгінсем,
Тоқтау жоқ уақыт сынапта.
Хор қызы көріп жүруші ем,
Айналған жаз да жұмаққа.
Сеземін отты мен кейде,
Алғашқы жазған хаттардан.
Сыңғырлап жұмбақ кеудемде,
Беймәлім сезім басталған.
Ақ қанат аппақ періштем,
Қимадым оны төменге.
Жүз ақын сүйсе жаза алмас,
Айналып кетті ол өлеңге.
Жарты әлем сыйып кететін,
Жәудіреп тұрған көзіне.
Ғашық боп қалдым нетесің,
Өлеңге, әлде, өзіне.
Өтеді екен ғой жарысып,
Бақытты күндер байқалмай.
Мектепті бұрын тауысып,
Кетіпті маған айта алмай.
Жанымды мұңның басқаны,
Жауатын бұлттай түнергем.
Сағыныш еді сап-сары,
Есейтіп мені жіберген.
Таусылып аңсар төзімін,
Көңілге алған көшіріп.
Кеткен бе суып сезімің,
Жеткенде бір жыл кешігіп.
Ауылды... мендей ғашықты,
Қалада қалай ұмыттың?
Көркіңді көрдім бақытты,
Көзінен бөтен жігіттің.
Алданып әлде қалдым ба?
Мойындап жеңілгенімді.
Жүрекке жерлеп тастадым,
Қалалық қыздың алында
Балалық сезімдерімді.





Пікір жазу