20.01.2022
  107


Автор: Арман Шеризат

Боздақ

Күмбірлеші ... Күмбірле, Күй — Құдайым!
Шанағыңнан төгілген мұңды ұғайын.
Бозінгендей боздатшы қос ішегіңді,
Сеніменен қосылып бір жылайын.
Әуеніңе тербелсін кеуде — бесік,
Қалғанынша қара тән жерге кетіп.
Байлап берсем қайтеді өзегіңе
Жүрегімді оныншы пернең етіп?!
Өн бойыңа даланың үні тұнған.
Тарихымды сен айттың ұмытылған.
Қолыма алып, бір иіскеп қалайыншы,
Шығып кетпей тұрғанда уысымнан.
Ойып алған орманның түп жағынан,
Кісінескен домбырам — бір қазынам.
Құдірет-ай, тілсізге тіл бітіріп,
Сыйладың Күй, сан ғасыр сыйладың Ән.


Қасиетіңді мен түгіл халық білген.
Аңыз болып жеттің бе алыс күннен?!
Жаратқаннан қазақты жарылқауға
Түскендейсің үзіліп жарық Күннен ...





Пікір жазу