20.01.2022
122
Жалғыз
Мыңғырады мал үні қай қыраттан?!
Аңсақ құрған арланға қайғы — қақпан.
Орақ айдай азуын түнге сұғып,
Омыраулап бір кезде тай құлатқан.
Қойшылардың аузында аты — жұмбақ.
Олжа иісін сезеді алты қырда-ақ.
Апаның да аңсайды бөрі күнін,
Ай астында жортатын шақырымдап.
Үдірейген төбедей көк жал сұсы.
Емен құлап езгендей ел қарғысы ...
Алты тұтам аяғы жер тырмалап,
Ақ жаңбырдай жатыр-ау боздап іші.
Әл тайғанда жалғыздық жаяды мән...
Ғайып болған әуек те маңайынан.
Біз тұмсығын дал қылып, алып шыққан
Көмейкөзді ажалдың талайынан.
Барлығы да екен ғой қуатында,
Сол абадан жан қиды бір ашуға.
Тісін қайрап, тістеніп өліп кетті,
Бата алмады қара жер жұбатуға ...
Р.S: Жауыздықпен жалмайтын жалғыздарын
Тіршіліктің түйіні — міне осында...