20.01.2022
  189


ОРАЛХАН ЗАҒЫПАР

Күмбір

Соры қысқан кеудеде арым ұйып,
Алқымынан өксіктің шағын тиып.
Сеңгір-сеңгір сілемнен сыр саулаған,
Кеткен ұлдың семсер жыл бағын қиып.
Боз далада боздақ үн жатқан ұлып,
Алартпадық салуға жатқа құрық.
Көкіректе кісінеп кегі қалды,
Ат жалынан өткенім тарқатылып.
Құрсағынан уақыттың сусып күш кем,
Сәтті сөгіп селдір мұң сыңсып іштен.
Тас жанарын жасқанбай жасырынды,
Жас моншағым мөлдіреп ыршып түскен.
Күн үстінен дөңгелеп дөңбекші нұр,
Дірдегінен тірсектің сөнбекші бір.
Өңі кірген өлкеде өпкен желдің,
Өзегінен өзеуреп келмекші жыр.
Күрсінісім бұлт па еді, бұлыңғырым,
Бұлыңғырдан бу ұшар бұрынғы тым.
Телміріп кіл сүрлемге сүрлеу салсам,
Тамырынан теңселіп жұлынды кім?
Шыдамынан сейіліп сұм қылықтың,
Күн дұғасын оқыдым, түн жылыттым.
Тәңір жұтқан бақыттың исі сіңген,
Дұға оқыдым басында мыңжылдықтың.





Пікір жазу