20.01.2022
  118


Автор: НҰРБОЛАТ ҮСЕНОВ

* * *

Еліктіргенім, еркелегенім,
Жабырқағанда сен керек едің.
Сенімді артып көтермелесем
Шығып алмағын желкеме менің.
Қараған көзге жағымдысың-ау,
Сүйікті ісім – жаныңды сынау.
Сабырлы бол деп ескерте берем, Əй, бірақ, менен сабырлысың-ау.
Күлімдеп жаным түрленбей жатыр,
Демеймін сені сын көрмей жатыр.
Қым-қуыт үйдің тіршілігіне Əкемнің жары үлгермей жатыр.
Сүрінбегенді ұлы адам дер ек,
Бақытқа мас боп құлаған бөлек.
Ағамның, бірақ, келіншегіне
Қолғабыс жасар бір адам керек.
Бөгде кейіпкер түсіме енбейді,
Ойнап күле бер кішімен мейлі
Барлығын қойшы, мына менің де
Өзіңсіз, жаным, ісім өнбейді.
Жан-жағыма көз салып көрейін,
Үйленіп үйге жарық берейін.
Ақ көйлек киген қап-қара қызды
Шаңырағыма алып келейін.
Көктемнің жылы күні жетеді
Түні кетеді жыр құрап.
Мазмұнсыз ғұмыр жүріп өтеді
Сыры кетеді жылтырап.
Ал, сенің бейнең зарықтырып жүр,
Шабытты қып жүр,
Бекер ғой.
Беймаза сезім қамықтырып жүр,
Бұл өмір жалған екен ғой.
Басқан ізіңе үңілудемін
Түңілудемін өзімнен.
Қан тамырыммен жүгіруде мұң
Сезімді оятып көз ілген.
Молданы көрген баласың деумен
Оқытушы едің құранды.
Мұңның ішінде адасып өлген
Өлеңнің өзі күмәнді.
Жақынның жинап тойыңа бəрін
Өлең оқитын едің сен.
Жырыңа қанып тойып аламын,
Ойыма аламын егілсем.
Естеліктерден сыр алды күнім,
Санамда енді тоқимын.
Бейітте оқытқан құранды бүгін
Өзіңе арнап оқимын
Көке...
Жапалақ болып далада ақ қар жауып тұр,
Жас жүрек, сен де бір тыным алмай сауық құр.
Шер-мұңы қашқан, жер жүзін басқан, аппақ қар,
Дамылсыз жауып жанымды менің сауықтыр.
Ақ қарға қарап сауырын аттың қамшыла,
Кеудеме қонған өр мінез сезім бар, сірә.
Сол сезім суып кетердей қарап ойланам,
Аппақ қар еріп, төбеден аққан тамшыға.
Көңілге қонса кір шалмас үні шаттықтың,
Төбеден төгер сәулесін елге шаттық күн.
Қуантып мені аппақ қар тағы жауып тұр,
Белгісіндей боп жер бетіндегі пәктіктің.





Пікір жазу