20.01.2022
  174


Автор: НҰРБОЛАТ ҮСЕНОВ

КӨК ПІШЕН

Ауылға барсам күйбең тірлікке дөп түсем,



Қалада "бастық" болғанмен мұнда шөкті шен.

Бейнеттен қашып құтылмақ болдым,

Бірақ та

Күтіп тұр екен орылмай тұрған көк пішен.


Түс қайта сағат төрт пенен бестің шамасы,

Он шақырымдай ауыл мен шөптің арасы.

Ықылық тиген мотоциклді өңгеріп,

Кетіп барамыз ақ тер, көк тер боп, қарашы.


Мінгесіп алдық бір-ақ көлікке он адам,

Ешқандай елде дәл мұндай рекорд болмаған.

Ақ орамалмен үстімді қағып отырмын,

Құтыла алмай маса мен шыбын, сонадан.


Үйренбегенмін жұмысты жолдан тастауды,

Су жаңа орақ, ұстауға қолым жасқанды

Қырық градус ыстығын күннің елемей,

Қырық бау үшін пішенмен айқас басталды.


Кірісіп кеттік бейнетімізбен табысып,

Қос жұмыскерім - қолым мен тілім жарысып.

Икемге келмей жүйкеге салмақ түсірді,

Шылқыған термен арқаға көйлек жабысып.


Демалу - арман, мойныңа жүкті артқан соң,

Құр сүлдең шығар күн ұясына батқан соң.

Масаханаға сүйретіліп кеп құладық,

Бар күш-жігерді пішенге сыйға тартқан соң.


Әңгіме айтып кеш жатып ерте тұрамыз.

Айтпаймын мүлде қиялдан туған құр аңыз.

Ауылдың жайы, саясат, өнер, махаббат,

Барлық саланы ауызбен шолып шығамыз.


Әңгімемізде болмайды кейде ырыс құт,

Ұйқыға кетіп аузымыз тапты тыныштық.

Түрік сериялын таңертең қайта бергендей

Таң атпай тұрып пішенге тағы кірістік.


Сағаттың тілі көрсетті тоғыз жарымды,

-Қайтайық үйге!

Не деген дауыс жағымды!

Пішеннен қайтқан үш дөңгелекті көліктер

Бір-бірін қуып ауылға қарай ағылды.


Елеп ескермей шыжыған күннің тал түсін,

Пішен орам деп қол-аяғымыз талды шын.

Өрістен қайтқан төр түлік мал да жамырап

Өз тілдерімен жаудырып жатыр алғысын.


Ешқандай істің болмайды, әсте, жаманы,

Бейнеттің елім зейнетін содан табады.

Малдың алғысын алдым деймін-ау,

Әй, бірақ,

Адамнан алғыс алып жүргенім шамалы.


Көк пішен орып, тірлікпен таңын атырып,

Тұрады ауыл бейнетке мені шақырып.

Өзіңде өткен әр күнім - жырым, өлеңім,

Мен үшін ауыл - өлмейтін мәңгі тақырып! 





Пікір жазу