Таң алдында
Дала қараңғы. Бірақ алыстан елеусіз ата бастаған таңның демі сезіледі. Сыртқа құлақ түрдім. Тыныш. Сәлден кейін қораз шақырады, содан соң ит үреді, торғайлар шырылдайды.
Дәлізде әлдекімнің ары-бері жүргені естілді. Әжем. Аяғын неғұрлым ақырын басуға тырысқан сайын ескі еден соғұрлым қатты сықырлайды.
Тұрып далаға шыққым келді. Салқын шығар. Әжемді ойладым. Неге ұйықтамайды. Неге дем алмайды. Өліп қалса қайтеді? Әжем өлсе не істейтінімді ойладым. Денемді суық толқын шайып өтті. Ұйқым ашылып кеткен. Ерте ме кеш пе бәрі өледі ғой. Сығымдалған жүрегім аузыма тығылды. Әжем өлмесе екен. Көргім келмейді сол күнді. Көзіме жас келді.
— Әже! Әже деймін!
— Не көрінді таң атпай?
— Неге ұйықтамай жүрсің?
— Әлі ерте. Жат.
"Ал сен өліп қалмайсың ба?" деп сұрағым келді. Қайтадан өксік тығылды тамағыма. Неге адамдар өледі? Әжемнің өлгенін көрсете көрме, Жаратқан ием. Жалынамын. Әжем өлсе қайда барамын, Жаратқан ием, мына үйде кім қалады, кім мені қарсы алады, кім шығарып салады, Жаратқан ием. Кім?
Бетімді жуған жас жастыққа тырсылдап тама бастады. "Одан да мен өлейін"...
....Түсіме үлкен үй кірген. Ішінде таныс емес адамдар жүр. Ал мен неге екені белгісіз шарап ішіп отырмын. Өте жақсы шарап.