19.01.2022
  167


Автор: Мадина Омарова

Менің ауылым

Тоқал тамның алдында тұрған кейуана әжім көмкеріп, тілім-тілімі шыққан алақанымен күннен көзін қалқалады. Саусақтары жуан, икемге көнбейтін тарамыс. Өмір бойы қара жұмыс істегені, аянбай істегені көрініп тұр. Суалған жанарымен қара жолға демін ішіне тартып телміреді. Бір нәрсе қараятын тәрізді. Мал ма, адам ба? Ажырата алар емес. Ернін жалады. Кезеріп тұр жарымағыр. Таң атқалы шайдан өзге нәр сызбағаны түсті есіне. Аяғы қақсап, орнынан тұра алмай қалды емес пе? Автобус келетін уақыт болғанда дәті шыдамады. Тұрды. Күн батып бара жатыр. Ол орамалын түзеп жол жаққа аяңдады. Қытайдың арзанқол орамалы құрғырда жылу да жоқ, сусылдап түсе де береді. Ол жолдың шетіне шығып көзін қайта көлегейледі.


— Жұт жалмағыр, арам қатқыр, қара сайтан, балалардың біреуі ма десем, сен екенсің ғой, қасқырға жем болғыр.


Жолға түсіп алып, бейқам келе жатқан Олжабектің қара танасы екен. Ызалы күбірмен кері бұрылды. Сол жақ жамбасынан төмен аяғы сырқырап әкетіп бара жатыр. Үй сыз ба, әлде жас кезінде сән қуып, жалаңаш жүріп құртты ма білмейді. Биыл суық үйде қыстап шықты. Үш мың зейнетақы неге жетсін? Балалардікі өздерінен артылмайды. Әйтеуір бұған жармаспай өз күндерін өздері көріп жүргендеріне шүкіршілік етеді. Үйге кірді. Сырттан келгенде, үйдегі жаман иіс әсіресе қатты сезіледі екен.


Дәу де болса, Қаратабан, сенен келген пәле бұл, — деді ол, төсектің үстінде үрпиіп жатқан мысықты қағып тастап. Ол жерге “дік” етіп түсіп, “Не болды соншама?” деген кейіппен жақтырмай қарады.


— Көзің шықсын. Көзің шыққыр, сорлы. Балалар жоқ. Өстіп жалғыз қалайын деп таптым ба бес баланы. Өлсем келіп көмуге жарар ма десеңші, шіріктер. Енді қайтейін. Ой, Алла-ай. Аман болсын әйтеуір. Қайтейін.


Төсегіне қисайды. Қараңғылық коюлана бастаған. Үйдің іші суық. Көктем шыққанмен, жер жылына қоймаған кез. Кемпір аш болатын. Сүйектері де удай ашып барады. Бірақ кәрі ана төзімді еді. Күте білетін.





Пікір жазу