19.01.2022
  400


Автор: Мадина Омарова

Көл

Әжем әбден қартайған. Бірақ ширақ. Таңертең оянғанымда есіктің алдында жүн түтіп отыр екен. Бұл жүнді ермек қылғанына бір аптадай уақыт болды. Бір апта бұрын таудай болып үйілген қойдың жүнін жуды, есіктің алдында тұрған үлкен ошаққа от жағып, қазанға салып қайнатты. Кептірді. Енді, міне, түтіп отыр. Әрі қарай не қыларын бір құдайдың өзі білсін. Ақыр аяғында Сари екеумізге екі көрпе шығуы керек. Мені көріп:


— Алда қарағым-ай, оянып алыпсың ғой, — деп орнынан үш ұмсынып барып жер тіреп тұрды,-беті-қолыңды жуа қой. Самауырын қайнап тұр. Мана ғана атаң шай ішіп кеткен.


Мен далада тұрған қол жуғыштағы мұздай суық суға бетімді шайып алдым. Негізі суық су беттің терісін ширатады, қан айналымын жақсаратады. Сондықтан өзімді аса бақытсыз сезіне қойған жоқпын. Адам барлығына көнеді деген сөзді бір жерден естігенмін. Рас екен. Ауылдағы розеткаға планшетімнің зарядкасы сәйкес келмей, музыка тыңдағанды да қойдым. Тіпті бетмайдың өзін құлықсыз жағатын болыппын. Дастархан басына жайғастым. Томпиған аса сүйкімді майда бауырсақтар. Аузыңа салсаң, ери жөнеледі. Әжемнің шайы да ерекше. Қызыл күрең қою шайды қаймақ қосып бергенде, мен үш кесесін бір-ақ ішемін. Шай дегеннің не деген керемет екенін әжемнің арқасында енді ұқтым. Қалада таңертең тәтті су, шырын ішіп жүре беруші едім.


— Әже, ауыл не деген көңілсіз жер. Ішім жарылып өлетін болдым. Не істеуге болады?


Әжем бетіме аңырып қарап қалды.


— Қарағым, істеймін деген адамға жұмыс көп қой. Үндемей жүр едім, өзің айтқаннан кейін, амал не. Қыз балаға бос сандалған жараспайды. Белден шойырылып отырмын, әкең кеткелі үйдің едені сүртілген жоқ. Шайыңды ішіп алған соң сүртіп шық.


Шай тамағымнан өтпей қалды. Өмірімде еден сүртіп көрмеппін. Масқара.


— Әже, мен өмірімде еден сүртіп көрмеппін.


— Шешең үйретпеп пе еді?


— Жоқ.


Мен анамның да еден сүрте алатынына күмәнданамын. Үйдегі жұмыстың барлығын Зарина апай жасайды. Есімді білгелі солай.


— Қиын түгі жоқ. Қазір көрсетемін.


— Жақсы. Ал, маған дейін кім жуушы еді?


— Сүйіндік шалдың немересі, өзің де білесің ғой, Мәди келіп сүртетін. Өзі бір мың болғыр бала. Бейшара.


Әжемнен неге бейшара дедіңіз деп сұрауға ыңғайлана бердім де, тіл ұшында тұрған сауалды басқасына жылдам алмастырдым.


— Атам қайда?


— Кім біледі. Сүйіндіктің үйінде отырған шығар. Біржолата сонда көшіп ал десем, тыңдамайды, қайтем енді. Бір ауық қарайып үйде отырғанды білмейді, жасы сексенге келсе де секең-секең етіп...


Еден жуғанша атамның күйін тыңдағаным артық болатын еді, әрине. Атам туралы әңгімелегенде алдымен оның күндей күркіреген дауысын айту керек. Таңертең бізді оятып алмас үшін әжем екеуі сыбырласқанда, кішігірім көшкін басталып кеткендей, терезенің әйнектері діріл қағады. Ал, еркін сөйлеген кезінде дауысы бір ырғақпен ақырған арыстанның үнімен ғана салыстыруға келеді. Бірақ, ол кісі алда-жалда үйде бола қалса, басқа бөлмеден немесе даладан болсын дауысы шығып жатса, өзіңді дереу қауіпсіз жерде бұйығып ұйықтап жатқан мысық секілді бейқам, рахат сезінесің. Сондықтан атамның үйде отырғанын қалаймын. Оның үстіне ол кісі төрде малдас құрып отырып, шолақ қара домбырасын алып жиі күй шертеді. Ондайда үйдің іші күміс күмбірге, қоңыр мұңға толып, басқа бір ертегі әлеміне енгендей, таңғажайып күйге түсесің. Бірде ол кісі маған домбырасын беріп:


— Зереш, сен тартып көрші, — деді.


Мен тартынған жоқпын. Бірақ ағаштан кесілген домбыра қолға ыңғайсыз екен, шертіп көріп едім, маған көнбейтін ыңғай танытты. Шарасыз кейіппен атама қарадым.


— Қарама, тарта бер.


Мен «Әлқиссаны» тарттым. Нобайы келгенмен, ойымдағыдай шықпады. «Ерке сылқымды» тарттым. Жаман емес секілді. «Адайды» тарттым. Тым қатты желігіп кеттім ғой деймін. Өзімді өзім әрең тежедім.


— Тәп-тәуір шертеді екенсің,-деді атам мені жаңа көргендей таң қалып қарап.


«Тәп-тәуір» дегенге көңілім толмай қалды.


— Тәттімбетті де тарта аламын.


— Тартатын күйлеріңнің тарихын білесің бе?


— «Адай» — Құрманғазының қызға арнап шығарған күйі.


— Қандай қызға?


— Адай қызға.


— «Адай» — халықтың өшпес рухына, өжеттігіне арналған мәңгі мадақ. Қазақтың еркіндік сүйген қайтпас қайратының гимні. Жақсы тартасың. Бірақ әлі кішкентайсың ғой. Күйді сезінбейсің. Өзіңді өзің қызықтап, мақтанып кетеді екенсің, балам. Бірақ күй қоныпты, ботам.


Атам толқып, үні құмығып шықты. Мен еріксіз жанарымды төмен салғанмын. Сол кеш есіме түсіп, өзімнің де көзім жасаурап кетті. Онымды сездірмес үшін дереу әңгімені басқа жаққа аудардым.


— Сүйіндік ата екеуі жақсы дос қой деймін.


— Енді екеуі де осы ауылда туып өсті ғой.


— Сіз ше?


— Мен Ыстықкөлденмін. Қызылдар байларды қырғанда, әкем бізді алып, осында қазақтардың арасына келген. Сол күйі осында қалдық қой.


— Сіз қазақ емессіз бе?


— Қырғызбын.


— Мәссаған, сонда менің бойымда қырғыздың да қаны бар ма?


Әжем күлді.


— Бар. Бірақ қазақ болып кеттік қой. Бері ауғанда мен алты жаста едім. Есімде түк жоқ. Әкем марқұм ғана Ыстықкөлім деп аһ ұрып кетті. Біздің ел мына таудың арғы жағында ғой. Еш айырама жоқ былай қарасаң, бірақ туған жер деген қиын ғой, балам.


Мен Ыстықкөлді сағынып, жүрегі қарс айырылып жүрген атамды елестеттім. Жүрегім аяныштан шымырлап кетті.


— Ол кісі қашан қайтыс болды?


— Әкем осыдан жиырма жыл бұрын жүз алтыға келіп, өлді. Көзі жұмылғанша тік тұрып, тік жүріп кетті ғой, ешкімге масыл болмай. Сүйегі асыл еді. Балалардан қалғаны мен. Менің қолымда тұрды. Зейнетақысынан ақша жинап, төрт жылқының құнын тастап кетті ғой, несін сұрайсың. Сондағысы - күйеу бала қайын атамды мен көмдім деп айтпасын дейді. Соны мына атаң ойлап жүргендей. Ой, қарағым-ай, қазақ қызды бала деп санамайды. Шешең тағы туамын деп айтпайды ма?


— Ол жағын білмеймін, әже.


Әжем күрсініп, менің алдыма жентті жылжытты.


— Түк тамақ ішпейсің қылтиып.


— Болдым, әже. Еден жуайық.


Ол тағы да жер тіреп, орнынан тұрды. Мен бұл кісінің жасы нешеде екен деп ойладым. Сұрауға батпадым. Бірақ, өте кәрі екені анық.


Еденді жуып болғаннан кейін қыруар жауды жалғыз қырғандай марқайып, еңсем көтеріліп, көңілденіп алдым. Қиын түгі жоқ екен.


— Әже, енді басымды жуайын.


— Моншадағы су жылы, таңертең атаң шайынып еді, сенің басыңа жететін су бар.


Сусабын мен сүлгімді алып, моншаға беттедім. Ыстық су мына бөшкенің ішінде. Оны алдын ала суық су толтырылған кірленге біртіндеп құйып, суды жылытып алу керек, содан кейін басыңды кірленге жартылай тығып тұрып сусабынмен жуғаннан кейін, төбеңе түйіп, сабын суды төгіп, қайтадан енді шаятын су әзірлейсің. Сондықтан сусабынды әу баста неғұрлым аз құйсаң, соғұрлым тез шайылады. Лондондағы балаларға арналған оқу орталығында немесе ағылшындардың отбасында жүріп, мен бұл құнды тәжірибеден хабарсыз қалар едім. Бәлкім, әкем мені салқын моншада бүк түсіп тұрып, бас жуу рәсімімен таныс болуымды қалаған шығар. Бәлкім бұл бойжеткен қыздың білуі шарт әлдебір біліктілік сапасының бір деңгейі болар.


Мен есіктің алдына күнге шығып шашымды жайып кептіре бастадым. Күн енді феннің қызметін орындап шығуы тиіс. Бізде барлығы табиғи. Табиғи сұлулық.


— Сари! Сари!!! Әже, Сариға айтыңызшы далаға шықсын.


— Ау?


— Сари, менің үлкен қызыл тарағымды алып бері келші.


Саридың қабағынан қар жауып тұр. Мені жұмсап қойды дей ме әлде басқа себеп бар ма? Ол ауылға келгелі кітаптармен әуре. Алдымен өзінің оқулықтарына шұқшиып, есеп шығарумен болды. Содан кейін атамның кітапханасына ауыз салды. Күні бойы кітап бөлмеден шықпайды (әжем үйдегі ең үлкен, сіресіп кітапқа толған бөлмені осылай атайды). Сариды ауылдағы күні батып, таңы атып бітпейтін марғау тіршілік барысында көрудің өзі мұң болды. Мен де кітап оқуға ынталанып көрдім. Бірақ, бүкіл жазғы демалысым түгел ауылда өтетініне мойынұсынбағандығымнан, бір мезет тыныш отыра алар емеспін. Алаңсыз кітап оқып жатқанымда, әлдебір маңызды оқиғалардан тысқары қалып, Алматыға қайту мүмкіндігін жіберіп алатын тәрізді сезімнен, тағатсыздықтан арыла алар емеспін. Міне, басымды жуып алдым. Неге десеңіз, қалаға қайтар жол екі күнге созылатындықтан, жолда бас жуу мүмкін болмайды. Күнде таңертең сапарға шығуға сақадай сай тұрамын. Жол сөмкем буып-түюлі. Заттарым мұқият жиналған. Тек сәтті жіберіп алмау керек. Мен тышқан аңдыған мысықтай, демімді ішіме тартып, сол сәтті күтумен жүрмін.


— Сари, шашымды тарап берші.


Түюлі шашымды жайып, оның әкелген тарағын өзіне қайтып бердім. Ол үнсіз шашымды баппен тарай бастадым. Саусақтары нәзік, мақта тәрізді, тарақты да батырмай, бет жағын ғана салалайды. Бірақ еш нәрсе деместен, күннің көзінде маужырап отыра бердім.


— Не оқып жатырсың?


— Қобыланды батырды.


— Мммм... Қызық па?


— Иә.


— Не туралы?


— Қобыланды батыр туралы.


Мектептен еміс-еміс есімде. Алпамыс батыр мен Қобыланды батырды қатты шатастырамын.


— Жарайды, рахмет.


Сари менің қасыма сәкіге отырды. Ол да бір өзгеше әлемге енгендей күйде жүрген шығар. Себебі мен бұдан бұрын ауылға келген болсам, ол тіпті болып көрмеген.


Қасымызға әжем келді.


— Ботам, мен жаңа Мәдиге айттым. Келіп, қыздарға ауылды көрсет. Іштері пысып, зерігіп жүр дедім. Қазір келіп қалу керек. Шашыңды жина. Қазақта әйел баласы шашын жаймайды, жаман ырым.


— Қойшы, әже, қайдағы ырым.


Әжем іркіліп қалды.


— Е-е-е, қарағым, бірақ «заманың түлкі болса, тазы боп шал» дейді. Қазір заман басқа, ырым-жырымға сенбесеңдер сенбей-ақ өсіңдерші осы сендер. Балапандарым сол.


Күбірлеген әжем үйге қайтадан кіріп кетті.


— Түкке түсінсем бұйырмасын, — дедім мен Сариға.


— Біреу қайтыс болғанда әйел шашын жайып жіберіп, бүйірін таянып жылайды. Басқа уақытта шашты жинап, бас киімге жасырып жүру керек. Сонда асқа қыл-қыбыр түспейді, істеген тамағың таза болады. Содан кейін шаш жатқан жерге жын-шайтан үйір болады.


— Мәссаған, Сари, бір аптаның ішінде қалай ақылды болып кеткенсің. Онда шашымды өріп берші. Құрысын, қатерге қарап отырып бас тікпейік, әйтпесе шашым сыпырылып түсе бастаса, мына жерге жын-шайтан толып кетер.


Ол сықылықтап күліп жіберді.


Біраздан соң Мәди де келді. Ыңғайсызданып тұрғаны сезіледі. Оған қарап мен де қысылдым.


— Жүр, үйге кірейік, атам жоқ.


— Иә, білем, ол кісі менің атаммен көлге кетті.


— Бұнда көл бар ма?


— Иә, ауылдың сыртында.


— Оу, Мәди, кел, төрлет, жоғары шық. Қазір шай қойып жіберейін.


Әжем жер таянып отырған орнынан тұра бастады. Ол кісі еденге көрпе төсеп, оның үстіне түрлі кездемелерді жайып, өлшеп, қайшымен кесіп, нирванаға еніп отыр екен.


— Әже, отыра беріңізші, өзім шай берем.


— Астапрылла. Қалай бересің?


— Отыра беріңізші.


— Жоқ, шай ішпеймін. Рахмет. Қазір ғана тамақтанып келдім.


— Олай болса, кітап бөлмеге барып отырыңдар.


— Жақсы, әже.


Екеуміз тездетіп, Саридың күндіз-түні шықпайтын бөлмесіне кірдік, мен есікті жауып алдым.


— Сен Алматыдан келдің бе?


— Иә.


— Біз де Алматыда тұрғанбыз.


Мен оның күнге күйген, жылтыр қара бетіне көз тоқтатып, мұқият қарадым. Үстінде жеңі шолақ футболка. Бастапқы түсі белгісіз, оңып кеткен жеңіл шорты. Шашы тақырлап алынған, бас терісі де әбден күйіпті. Бірақ менің ар жағымдағы бос кеңістікке қадалған жанары оны бір мезетте жиырма жасқа есейтіп жіберген. Мен ыңғайсызданып қалдым.


— Анам екеуміз Алматыда тұрғанбыз. Пәтеріміз Үлкен Алматы өзенінің жағасында болатын.


— Ол қазір қайда?


— Кім?


— Анаң.


— Білмеймін.


— Қалайша?


— Білмеймін, ол кісі...


Ол қабағын түйді. Содан кейін кенет жадырап, маған күлімсірей қарады. Орнынан тұрды.


— Қазір біраздан соң келемін. Ауылды аралайық.


— Көлге барайықшы.


Ол күмілжіп қалды.


— Жақсы.


Ол жалғыз келген жоқ, екі досын ала келіпті. Біреуінің аты — Жасұлан, екіншісі — Еркебай. Олар басында жасқаншақтап, кібіртіктегенмен, аз ғана уақыттан кейін бойлары үйреніп кетті.


— Алматыдан келдің бе?


Еркебай — кішкене батылдау ма деймін. Мені тіпті басымнан аяғыма дейін сынағандай шолып өтті. Анам Парижден арнайы алып келген күнқағарымды түзеп қойдым.


— Балық аулауға жиналып жатырмыз. Барасың ба?


— Көлге ме?


— Иә, бірақ бұл — құпия,-деді Мәди.


— Неге?


— Ауыл балаларына көлге баруға рұқсат жоқ. Ата-әжең естісе, қииқ,- деген Еркебай мойнын қолының қырымен қиып өтті,-барлығымыздың басымыз кетеді.


— Қызық екен. Неге?


— Оны жолда естисің. Біз қазір қармақтарды алып келеміз, дайын тұр.


— Жақсы, Сариды алып алсам бола ма?


— Ол кім?, — деп елең ете қалды Еркебай. Оның үміттене қойған сауалына барлығымыз жымиғанбыз.


— Зеренің сіңілісі, кішкентай қыз, — деп Мәди оны арқасынан қақты.


Еркебай қызарақтап қалған. Сонда да еш нәрсе болмағандай:


— Әрине, алып ал, көлді көрсетеміз. Жолда Кемпірдің үйі бар, оны да көресіңдер,-деп бастырмалатып жатыр.


— Кемпір деген кім?


Бір таң қаларлығы, Жасұлан мен Еркебай кенет тосырқап, Мәдиге қарады. Мәди жарайды дегендей қолын сілтеп ишара жасаған соң барып:


— Көлдің жанында Кемпірдің үйі бар. Негізі көлге сол Кемпір үшін баруға болмайды. Оның үйіне жақындауға болмайды, тыйым салынған.


— Кім тыйым салды?


— Білмеймін. Барлығы. Ешкім оның үйінің маңына жоламайды. Ол — мыстан кемпір,-деп сыбырға көшті Жасұлан.


Мен күліп жібердім. Түрлеріне қарасаң, бозбала жасқа жетіп қалған, жасөспірімдер секілді. Айтып отырған әңгімелері мынау. Әрине, бұлар түрлі компьютер ойындарынан бас көтермейтін, айтатын әңгімелері де сол компьютер маңынан ұзамайтын қаланың балаларына қарағанда, адам затына көбірек ұқсайды. Дегенмен, мыстан кемпірге сенетіндері балалық шаққа саяхат болып кеткен тәрізді. Мәди менің жүзімнен ойымды оқығандай болып жымиып:


— Олай болса, біз үште осында келеміз. Сари екеуің жиналып отырыңдар,-деді.


Мен үйге қайтып келе жатып көлге не киіп барсам екен деп ойладым. Джинсы шалбар мен жеңі шолақ ақ футболка дұрыс болатын тәрізді. Бір жағынан, әдемі, жарасымды, екінші жағынан қарпайым. Дженнифер Лопес ойнаған «Анаконда» фильмі есіме түсті. Шамамен қазіргі жағдай сол картинаға келетін тәрізді.


— Әже, Сари екеуміз ауылды аралап келеміз. Қазір Мәди келеді. Қасында Жасұлан мен Еркебай деген тағы екі бала бар. Ауылды көрсетеміз деді.


— Алысқа ұзамаңдар, ауылдан шықпаңдар.


«Көлге бармайық па?» деп сұрағым келіп, тілім қышып кетті. Бірақ өз-өзімді ұстап қалдым. Құрысын, ұйықтап жатқан жыланның құйрығын басып қайтем.


— Барсаңдар барыңдар, Сариге бас-көз бол.


— Жақсы.


Кенет тұман басқан санамның түкпірінен тамаша бір мүмкіндік жымыңдап есігін ашты. Егер біз суға батып кете жаздасақ ше? Екеуміз де. Немесе Сари. Немесе мен. Әжем бізден ат-тонын ала қашып, әкеме хабарласады. Ал ол атам мен әжем алып кет десе, қайда барады...


Айтуға оңай. Қалай өтірік суға батасың. Егер шынымен батып кетсең ше? Қой, Сариды араластырмайын. Өзім ептеп-септеп батуға әрекет жасап көрермін. Іштей осылай тас-түйін шешіп, Сари екеуміздің бөлмемізге беттедім. Ауылға келгелі Сари шынымен көп өзгерді. Айналдырған алты күннің ішінде, елтең-селтең етіп, күніне тоқсан тоғыз мәрте көйлек ауыстыратын тоғыз жасар сіңілім, бұйығы, төсектен тек тамақ ішіп, дәретханаға бару үшін ғана тұратын бейтаныс әлдекімге айналды. Төсекте жастығын биіктетіп салып алып, кітап оқиды. Күні бойы, кейде жарым түнге дейін. Осы алты күн бойы жуынбады ма деп те күдіктенем. Әдетте анам шомылдыратын. Ал бұл жерде Сариды күтіп баптайтын да адам жоқ екен-ау шынымен де. Әжем бізге күніне төрт мезгіл тамақ берумен ғана шектеледі. Басқа тіршілігімізде жұмысы жоқ. Атамның ауыл аралаудан қолы босамайды. Мен суға бату туралы шешіміме беки түстім.


Ұлдар тура сағат үште келді. Мен Сариды сүйрегендей болып алып шықтым. Шынын айту керек, неге екені, жалғыз баруға жүрексіндім. Дәлірек айтқанда, соншама ұлдың арасында жалғыз өзім суға батып жатуға ыңғайсыздандым. Ал, Сари қанша кішкентай болса да, ес қой. Оның үстіне куә керек.


Біз ауылдың шетіне шыққаннан кейін майлы сары топырақтың шаңын боратып, күнбатысқа бет алдық. Мен Dolce&Gabbana шалбарымның балағын түріп алдым. Аппақ Chanel футболкам ауаға көтерілген шаңнан сұрғылт сары түске боялып үлгерді. Таңертең ғана жуған шашым мен бетімді айтпағанның өзінде. Күнге қарсы крем жағып үлгергенім ғана жанға жалау. Көңіл-күйім түсіп кетті. Ұлдар балықтың көлдің қай жағында көп екені жайлы таласып, өздерімен-өздері мәз. Мен Сариды қолынан ұстап алдым. Басымызда күнқалпақ. Күн ауа бастағанмен, аптап басылмаған. Екі белестен асқаннан кейін алдымыздан көл көрінді. Үлкен екен. Арғы беті көкжиекпен астасып, теңіз секілді діріл қағып жатыр. Тіпті ақ бауыр, айыр қанат шағалалары да ұшып жүр. Үйректің қаңқылы естіледі.


— Аққу, қара, аққу жүзіп барады,-деді Сари қолымнан тартып.


— Иә, расымен де аққу…


— Қандай әдемі.


— Көл туралы неге ешкім осы уақытқа дейін айтпаған? Атам да,әжем де, тіпті әкем де еш нәрсе айтпапты.


Еркебай масаттана жымиды. Мәдиге қарап едім, ол ернін жымқырып алыпты. Ернінің үстіндегі тыртық ұлғайып, күнге қақталған қараторы жүзінде ерекше ағарып, бөлектеніп көрінеді. Ақырындап асқазан тұсым мұздап, суық леп жүрегіме қарай қозғала бастады.


— Негізі бұл көлге ауылдың адамдары келе бермейді.


— Ал атам ше?


— Енді үлкен кісілер тілін біледі ғой. Бізге болмайды. Суға жақындамай, алшақтау тұрайық, - деді бағаналы бері томаға тұйық келген Жасұлан кенет дауысы жарықшақтанып. Келерін келіп алып, қорқып тұрған сыңайлы. Оның бұл күйі Сари екеумізге де ауып, біртүрлі тосырқап суға қарап қалдық. Алдымен мен ес жинадым.


— Неге?


— Түрлі әңгімелер айтады.


— Қандай әңгімелер?


— Қазір, орналасып алайық, содан кейін айтып беремін,-деді ол.


— Жарайды, айтпай-ақ қойыңдаршы, ауылға қайтқан соң ести жатармыз,-дедім мен.


— Жоқ, айтыңызшы,-деді Сари.


Еркебай мен Жасұлан күліп жіберді.


— Жасұлан, қыздарды қорқытпа. Жай әшейін алып-қашпа әңгімелер ғой. Нақты ешкімді ешкім қолынан ұстап алған жоқ.


Еркебайдың жайбарақат, аздап мақтаныш араласқан дауысынан өз-өзіме келе бастадым.


Олар қармақтарын, сөмкелерінен құрал-саймандарын шығарып, көлдің шетіне жайғаса бастады. Мәди қалбырдан тірі жауынқұрттарын шығарып, қармақтың ұшына кигізді. Мен теріс айналып көлге көз тастадым. Қандай әдемі. Оң жақ бетін ну қамыс басыпты. Құстар, аққу. Жайбарақат тіршілік. Кенет ойыма таңертеңгі жоспарым оралды. Бірақ, дәтім шыдап суға түсе алмайтын сияқтымын.


— Көлге шомылуға болады ма?


— Жоқ, болмайды.


— Неге?


— Жасұлан, айтып берші көлдің жайын.


Маған Мәди кенет ересек тартып, тіпті алыстап, бөтен болып кеткендей көрінді. Дауысы да біртүрлі шаршап шықты. Сүлесоқ. Өзінің еркінен тыс, біреудің бұйрығын орындап жүрген тәрізді немесе... зомби тәрізді. Жасұлан алдыға ұмсынып, әлдебір түсініксіз шабытпен әңгімесін бастады.


— Бұл Кемпірдің біздің ауылда қашан пайда болғаны ешкімнің есінде жоқ. Мысалы, менің 85-тегі әжем «менің бала кезімде осындай мыжырайған кемпір еді, әлі күні сол қалпы» дейді.


Еркебай оның сөзін кенет бөлді.


— Сенің әжең баяғыда алжыған. Оны елдің бәрі біледі.


Жасұлан қызарақтап қалды. Сонда да алғаны бетінен қайтпайтын ниет танытып, сөзін жалғастырды.


— Ол ес білмейтін ерте заманда, тіпті мына ауыл түп тамырымен жоқ кезде осы көлдің түбін мекен етіпті. Оның мешкей жалғыз ұлы бар. Күніне бір қой жейді. Ал Қазақстанда аштық болған кезде ол ұлын осы ауылдың адамдарын сойып беріп аман алып қалыпты деседі.


— Оны да әжеңнен естідің бе?


— Иә, әжем айтты!


Біз ду күлдік. Жасұлан қызарақтап, көзі жасаурап кетті.


— Қызыл әскер келіп көлді қоршап, кемпірді «канибал» деп тұтқындамақ болғанда, ол кейпін өзгертіп, ғажайып сұлу қызға айналып, ән салады екен. Сонда жаңағы қызыл әскер түгел көлге өз-өздерінен түсіп, батып отырған. Сонда Сталин қанша әскер жіберсе де, ала алмаған. Ақыры бір заманда әскер жібергенін тоқтатып, бұл маңайдан халықты көшіріп алған.


— Бұл маңайдан халықты көшіріп алған...


Еркебай сайқымазақша мың құбылып, Жасұланның сөзін қайталап шықты.


— Күлкімді келтірмеші. Ал біз ше? Біздің ауыл ше? Барлығы әжетайыңның қырық өтірігі.


— Ал көлге адамдардың бататыны ше? Ол да өтірік пе сонда?


— Адамдардың бататыны қалай?


Мәди «иә, батады» дегендей болып маған басын изеді. Ол өзі қобалжып, әрі-сәрі күйде тұрған секілді көрінді. Оның бұл күйі неге екені маған қатты ұнамай тұр, бойымды дегіберсіздік биледі. Тезірек бұл жерден кету керек тәрізді. Әсіресе Жасұлан мен Еркебай сөз таластырған сайын ауа екеш ауа да құрамын өзгеріп, әлдебір қатқыл леп пайда болғандай.


— Бұл көлге атам заманнан ешкім шомылмайды. Адам батқанда ғана мәйітін шығару үшін орталықтан суға сүңігіштер келіп, түседі. Осы күнге дейін олардың үшеуі батып үлгерді.


— Ешкім шомылмаса адам қалай батады?


— Мал бағып жүрген адамдар жақындаса болды сиқырланғандай өз-өздерінен түсіп кетеді немесе қолын шаяйын деп еңкейсе болды, сол қалпы суға құлап тіл тартпай кетеді. Тіпті тобықтан аспайтын таяз жердің өзіне батып өлгендер бар,-деді Жасұлан,-бұл - рас.


— Көлдің асты саз, сор балшық, соған малтығып қалады десең нең кетеді. Міндетті түрде адамдардың үрейін ұшырып, ерекше бір нәрсе ойлап табу керек,-деді Еркебай бұрқ-сарқ етіп.


Біз күліп жібердік. Мен өзімнің неге күлгенімді, Сари мен Мәдидің неге күлгенін түсіне алмадым. Бірақ Жасұлан өзеуреп сөзін дәлелді етуге тырысқан сайын, барлығымызды үрей билей бастаған. Соны бойдан қуып, көзден таса ету үшін күлетін сияқтымыз. Мен ақырын ғана көл жаққа көз салдым. Бетіндегі толқын діріл қағып, бейне бір тыныс алып жатқандай. Ал Еркебай болса керісінше шындап ашулана бастады. Саусақтарының ұшы діріл қағып, Жасұланға өшпенділікпен қарайды.


— Қалай болғанда да суға түсуге болмайтыны өкінішті,-дедім мен Мәдиге. Ол кенеттен:


— Көлдің асты толған қураған сүйек, 30-шы жылдары кемпірді алып кетпек болған әскердің сүйегі. Олар кейде күңіреніп, дауыс шығарады. Тірілерден көмек сұрайды. Жандары о дүниеге беттей алмай осы судың астында мәңгі тұтқында жатыр,-деді. Қалжыңдап тұрмағаны анық. Тіпті Жасұланға дейін аңтарылып, бір-бірімізге қарап қалдық. Еркебай:


— Мәди, қойшы, сен де осы ертегіге сенесің бе?-деді шарасыз кейіппен көзі жасаурап. Мәдидің өзін қоштап айтқан сөздеріне қанаттанған Жасұлан енді шабыттана сөйледі:


— Кемпір көлге жылына бір рет құрбандық шалады. Бір реттен де көп болуы мүмкін. Бірақ бір мәрте — міндетті түрде. Әдетте көлге сырттан келген, демалып балық аулап жүрген адамдар батады. Ал ондай жолаушы болмаса, кемпір ауылдың тұрғындарына ауыз салады. Сен екеуің,-ол қолымен Сари екеумізді нұсқады,-сен екеуің осы ауылдың адамы саналасыңдар, себебі әкелерің осы жерден. Сондықтан ол сендерге тие қоймайды. Былайғы жерде. Ал егер өздерің барып топырлап көлге түсіп жатсаңдар, кім біледі, кім біледі...


— Құрбандық?


— Бұл жайында барлығы біледі. Сондықтан да балаларға көлге келуге рұқсат жоқ.


Дауысы сондай ресми. Жалпы оның бүкіл болмысында конферансьеге тән немесе көрермен алдында сөз сөйлеп әбден машықтанған адамдарға тән бір мінез мен мұндалап одағайланып тұрады екен. Бір жағынан күлкіңді келтіреді, екінші жағынан, мынандай жағдайда қорқыныш тудырады.


— Сонымен кемпірдің үйі қайсы?


Еркебай:


— Әне, анау тұр,-деп көлдің шетіне саусағын шошайтты,- бірақ бұның барлығы далбаса. Түгі де жоқ. Кәдімгі алжыған кемпір. Делқұлы ұлымен тұрады.


— Қойшы, неменеге батырсынасың, саған барлығы алжыған, саудасы біткен болып тұрады екен осы.


Жасұлан жанұшыра қарсыласты.


«Балалар, қойыңдаршы, қалай болса да, бұл жерден кетейікші» дегім келді. Сари да мына ыстық күні тоңазығандай бүрісіңкіреп кемпірдің үй жағына қарап қалыпты.


— Мен қазір Кемпірдің үйіне сендердің көздеріңше кіріп, қайтып шығамын. Мен ол үйге талай кіргенмін. Сонда сенетін шығарсыңдар, түк те жоқ екеніне.


Мәди Еркебайдың иығына қолын салып еді, ол бұлқынып жүгіре жөнелді.


— Еркебай! Еркебай!!!


Жасұлан оның артынан жүгірді. Мәди сең соққандай қимылсыз тұрып қалды. Біз оларды жоғарыдан бақылауға кірістік, дегенмен қоға аралас қамыс пен биік өскен шөп оларды жасырып, қараңдаған сұлбаларын анда-санда шалып қаламыз. Кенет олардың артынан Сари жүгірді. Есімізді жиғандай болып Мәди екеуміз де солай қарай ұштық. Біз жеткенде Жасұлан Кемпірдің үйінің қамыс шарбағының сыртында өң-түссіз тұр екен.


— Кіріп кетті, — деді бізді көріп ақырын ғана.


— Күте тұрайық, қазір шығып қалатын шығар.


Біз бір-бірімізге үрпие қарап, біршама тұрдық. Жоқ.


— Әдейі бізді қорқытып, тығылып отырған шығар, шынымен үйдің ішіне кірді ме?


— Иә.


Мәди шарбаққа сүйеніп жерге отыра кетті. Оның қасына Жасұлан жайғасты. Біз Сари екеуміз бір-бірімізге қарап тұрып қалдық. Уақыт өткен сайын бұл жерден кеткім келіп, тағатсызданып барамын. Оның үстіне Саридың, кішкентай Саридың басын қауіп-қатерге тіккеніме ызалымын.


Кенет Сари білегімнен шап берді, мен шоршып түстім, ол «қара, қара» деп сұқ саусағын белгісіз бағытқа шошайтты. Мен бұл көріністі ешқашан ұмыта алмайтын шығармын. Кемпір ұлы екеуі келе жатты. Кемпір үстінде ұзын сұрғылт түсті сөлпиген көйлек киген, кәрі, масқара кәрі, қасындағы ұлы тым үлкен, алып, қарны жер тірейді. Кенет мен оны бір жерден көргенімді түсіндім. Келесі сәтте ауылға келе жатқанда көрген түсім есіме сап ете түсті. Тұп-тура, айна-қатесіз сол! Жүрегімнің қалай тоқтап қалмағанына таң қалып үлгергенім жоқ, дүние апыр-топыр болып кетті. Бір ұққаным — біз қашып келе жатырмыз. Мен Сариды қолынан мықтап ұстап алдым. Еш нәрсеге қарайламай қаша бердік, қаша бердік... ауылдың ішіне кіргенде барып артыма бұрылғанмын, ешкім жоқ. Қасымда Сари және Жасұлан. Мәди жоқ! Біз жүгіре жөнелдік. Екінші мәрте біздің үйге жеткенде тоқтадық.


— Жасұлан, тоқта, не істейміз?


— Білмеймін!!!


— Мәди қайда?


— Білмеймін!!! Байқамадым. Кемпір ұстап алған шығар. Мен үйге кеттім.


— Еркебай мен Мәди ше?


— Білмеймін. Тек ешкімге айтпа. Айтсаң, біттік. Бүкіл ауыл құриды.


Ол кетіп бара жатып, қолын сермеді.


— Ешкімге айтпа.


Міне, қызық. Ешкімге айтпасы қалай? Неге бүкіл ауыл құриды. Мәди мен Еркебайды кім құтқарады?


Алдымен моншаға кіріп, беті-қолымды жудым, Сариды да жуындырып, үсті-басының шаңын қақтым. Ол дір-дір етіп тұр.


— Анау Кемпір, шынымен мыстан екен.


— Қайдан білдің?


— Мыстан, мен мыстандар туралы оқығанмын. Қасындағы ұлы Дәу, кәдімгі Дәу, ертектердегі.


Дәу есіме түскенде, жүрегім аузыма тығылып, лоқсып құсып жібере жаздадым.


— Сари, енді не істейміз?


— Білмеймін. Үйдегі Құранды алып, қайта барайық.


— Құранды?


«Не айтып тұр?» деп ойладым, көрген киноларын есіне түсірген шығар.


— Жақсы, күте тұрайық, Еркебай мен Мәди өздері-ақ келіп қалар. Кішкене күтейік, келмесе, үлкендер іздей бастаса, шынымызды айтармыз.


— Жақсы, жақсы, — деді Сари.


Екеуміз осы шешімге тоқтап, үйге кірдік.


— Ойбууу, жандарым-ау, түрлеріңе не болған? Қарындарың ашты ма?


— Иә, апа, қарнымыз ашты.


— Кеспе жасап қойғанмын, қазір-қазір, жандарым.


Ернімді тістеп, көз жасымды әрең іріктім. Саридың иегі кемсеңдей бастаған екен, оны білегінен шымшып алдым. Екеуміз киімімізді ауыстырып, дастархан басына отырдық.


Қас қарайғанға дейін шарбақтың сыртындағы орындыққа жайғасып, көл жаққа телмірумен болдым. Мәди де, Еркебай да көрінбейді. Кеш бата бастаған. Кенет жердің астынан шыққандай болып тура қасымнан біреу пайда болды. Ақырын сыбырлап:


— Зеремісің, — деген кезде жүрегім тоқтап қала жаздады. Шыңғырып жібердім.


— Көкем, қорықпа, мен Еркебайдың анасымын.


— Иә, кешіріңіз, қорқып кеттім, кешіріңіз.


Жүрек тұсымды басып, демімді әрең алдым, алдыма келіп бетіме үңіліп тұрған қызыл орамалды әйелдің алдыңғы тістерінің жоқ екенін байқадым, бір ғана күректей ұзын тіс қалыпты.


— Еркебайды көрмедің бе? Таңертең кеткеннен келген жоқ.


— Жоқ, білмеймін, білмеймін. Білмеймін.


Жаңылтпаш айтқандай тез-тез қайталадым. Ол кісі менен секемденгендей, тосылып тұрып, естілер естілмес дауыспен «жарайды» деді де, қоюлана бастаған қараңғылыққа сіңіп жоқ болды. «Ух» деп демімді ала бергенім сол еді Жасұлан пайда болды. Осы ауылдың адамдарының жердің астынан шыққандай сап ете қалатындары несі екен.


— Еркебайдың анасы келіп кетті біздің үйге. Еркебайды іздеп жүр.


— Иә көрдім, жүрші ең болмаса шарбақтың ішіне кіріп тұрайық, маған да келді. Осы қазір ғана. Мәдиді ешкім іздеген жоқ па?


— Жоқ. Енді не істейміз?


— Кемпірге бару керек.


Жанұзақ төмен қарады.


— Болған жайды айтайық. Шынымен жалмауыз емес шығар.


Бірақ өз сөзіме өзім сенбедім. «Жалмауыз, жалмауыз болғанда қандай».


— Басқа амал көріп тұрған жоқпын. Немесе менің атама айтайық.


— Бұнда келгеніңе бір апта болды ма?


— Иә.


— Біздің ауылдан біртүрлі өзгешелік байқаған жоқсың ба? Басқа ауылдарға ұқсамайтын?


— Білмеймін. Мен басқа ауылдарда болып көрген емеспін.


Былтырғы жаздың дәл осы уақыты есіме түсті. Испаниядағы Кастелдельфейс қалашығы. Теңіз, бес жұлдызды қонақ үй, әкем, анам, Сари төртеуміз. Не деген алаңсыз едім сол кезде. Көзімді жұмып жұтындым.


— Біздің ауылда байқаған шығарсың, орта жастағы адамдар жоқ. Айналдырған он екі үй бар, барлығында тек кемпір-шал тұрады.


— Иә... Еркебайдың мамасы ше?


— Ой, ол кісі... кішкене есі дұрыс емес. Ақыл-есі кеміс. Байқамадың ба?


— Жоқ. Тек тістері... Қалайша есі дұрыс емес?


— Кәдімгідей. Ауырады. Шынымен ауырады. Еркебайды байқамадың ба, оның да сондай бір нәрселері бар. Мектепке бармайды. Бірақ мәселе онда емес. Бізді ауылда кілең кемпір-шал тұрады. Баладан біз Еркебай екеуміз ғана едік. Содан соң екі жыл бұрын Мәди келді. Ол да Алматыдан келген. Анасын іздеп.


— Анасын іздеп келгені қалай?


— Оның анасы осында әкесіне келген ғой, Мәдидің атасына. Содан үшті-күйлі жоғалып кетті. Ауылда оны көрген адам жоқ. Мәдиді әкесі алып кетпек болғанда, ол келіспей осы ауылда қалып тұрып жатыр ғой, әйтеуір. Анасын қатты күтіп жүр... күтіп жүрген...


— Түу, не деп кеттің? Бірді айтып, бірге кеттің ғой. Өлдіге балап тұрсың ба енді оларды?


— Жо-жоқ, бірақ кемпір... Оның ұлын көрдің ғой. Олар адамның етін жейді, Зере.


— Бірақ олар сырттан келді ғой. Еркебай кіріп кеткен кезде олар үйлерінде болған жоқ.


— Бәлкім, қақпан құрып қойған шығар, қайдан білесің. Немесе үйлерінің ішінде жолбарыс бар шығар.


— Қайдағы жолбарыс???


Мен шыдамымның таусылып бара жатқанын сездім. Бірақ кемпірдің делқұлы баласын елестеткенімде құйқа тамырым шымырлап кетті. Түсімдегі аузынан ақ май ағып, тамақ ішкен бейнесі елестеп денем түршікті. Бәлкім, түсімде ол адамның етін жеп отырған шығар!


— Сонымен неге үлкендерге айтуға болмайды? Түсінбедім?


— Болмайды. Үзілді-кесілді болмайды.


— Неге?


— Білмеймін. Мысалы, ауылда сағат түнгі он бірден кейін далаға шығуға болмайды, байқаған шығарсың?


— Иә, оны байқадым...


— Көлге баруға болмайды. Кемпірдің маңына жолауға болмайды. Тәртіп солай. Заң.


— Енді ол тәртіп бұзылды. Жасырғаннан не шығады? Екі бірдей бала жоғалып отыр ғой.


Жасұлан басын шайқады.


— Егер олар ертеңге дейін қайтып келмесе, атама айтамын.


— Атаңа еш нәрсе айтпашы. Егер ертеңге дейін келмесе, кемпірдің үйіне бірге барайық.


— Рас айтасың ба?


— Жігіттік сөзімді беремін.


Шаршағаным сонша тіпті іштей күлуге де шамам келмеді. Үйге кіріп, жатып қалдым. Таңертең бір-ақ ояндым, тынығып алыппын және бір таң қаларлығы түк түс көрмедім. Кеше күні бойы Кемпірдің ұлы тағы түсіме енетін шығар деп қорыққан едім. Таңертеңгі шайға отырғанымда әжем:


— Еркебай мен Мәди үшті-күйлі жоғалып кетпіті. Бүкіл ауыл іздеп жатыр, атаң сонда кетті,-деді.


— Мммм...


Әжемнің жүзіне қараудан тайсақтап қабағымды шыттым.


— Көңіл-күйің жоқ қой.


— Иә.


— Жасұлан кеше дүкеннің қасында қоштасқанбыз, сонда қалған дейді. Күлбағила сенімен сөйлеспек болып еді, мен рұқсат бермедім. Баланың мазасын алма деп.


— Күлбағила деген кім тағы?


— Еркебайдың анасы да.


— А-а-а. Дұрыс жасағансыз. Мен оларды көрген жоқпын. Сари ұйықтап жатыр ма?


— Жоқ, ол шайын атасымен ішіп алған, қағаздарын оқып отырған шығар. Бір жапырақ болып, неменеге соншама оқиды екен. Көзмайын тауысып, жасына жетпей соқыр болатын болды. Әке-шешең не ойлайды, қаршадай баланы ақ қағазға телміртіп қойып. Жаңағы Күлбағилаға ұқсап оқу өтіп, жынданып кетер бір күні... Астапыралла, Алла өзің кешіре гөр, не айтып кеттім сандалып.


— Ол кісі көп оқығаннан кейін осындай болып қалған ба?


— Мәскеуден бітірген ғой оқуын. Архалок дей ме, жер қазатын оқуды оқып келіп, осы ауылды зерттеймін деп далаға қонып жүргенде, осындай күйге ұшырады ғой. Қандай тамаша қыз еді, бейшара. Содан кейін Еркебайды босанып алды. Кімнен тапқаны белгісіз... Бұл бала да сол сырқаттанып жүріп босанғандікі ме, кішкене қиялилау болды. Мектеп алмай қойды. Ой, несін сұрайсың, бұл өкімет не біледі. Басқалардан кішкене ерекшеленсе, ат тонын ала қашады, маңына жолатпай тулап, майып қылғанша секіреді. Өкімет солай ғой. Ботам.


— Әже, мен Жасұланға барып келемін. Рахмет, шайың дәмді болды.


— Ботам, атаңның домбырасын алып алшы.


— Оны қайтем?


— Атаң сұрап еді, кездестірсең, бере салшы.


— Жақсы.


Әжем домбыраны арқа дорбама салып, иығыма іліп берді. Ол кісінің әдеттен тыс қылығына таң қалып үлгере алмадым, себебі есіл-дертім тезірек Жасұланға жетіп, Кемпірмен істі біржақты қылу еді. Оның үстіне денемнің сол жағы түгел мұздап, бойымды діріл басып, үрейім ұшып, қорқып бара жатырмын. Жасұлан мені күтіп отыр екен. Үрпиген түріне қарап оның да жайының мәз емес екенін ұқтым. Екеуміз сол сүмірейген қалпы дөң асып, жота қуалап кемпірдің үйіне келе жатырмыз. Шегінетін жер жоқ. Еш амал да жоқ. Шарбақтан өтіп, тоз-тозы шығып, жаңқа-жаңқа болып үгітілуге әзір тұрған ағаш есікті ашып, тоқал тамға кірдік. Ішінен сыздың иісі шығады, ә дегенде салқын, ылғал леп анталап, өн бойымды аралап өтті. Олар дастархан басында тамақтанып жатыр екен. Өңкиген дәу еркек төрде дастархандағы табақтан сығымдап ұстап, қылғытып ақ майды жұтып отыр. Түсімде көрген көрініске өңімді соқтығысып, құлаққа ұрған танадай есеңгіреп тұрып қалдым. Жасұланның жас балдырған шөп секілді майда саусақтары білегіме тигенде барып, сәл-пәл ес жиғандай болдым.


— Ау, Зере, Жасұлан, жеттіңдер ме? Жоғары шығыңдар. Төрлетіңдер.


Кемпір қолымен ишара жасап, дастарханды нұсқады. Жасұлан екеуміз сүрініп қабынып, жайпақ үстелдің шетіне жайғастық. Атымызды атап, түсімізді түстеген кемпірдің бетіне аузымызды ашып қарап қалыппыз. Дастархан басында отырған Дәу кенет екеумізге қарап, неге екені, ырсылдап күлді де, қақалып қалғаннан кейін күлкісін дереу тыя қойды, бірақ алдындағы табақтағы майды қылғытып жұту қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Оған қараған кемпірдің шүңірейіп, бет қаңқасының ішіне түсіп кеткен жанарынан шексіз мейірім мен жей түссе екен деген әлдебір хайуани тілек аңғарылады. Жүрегім айнып кетті. Кенет арқама жабысқан атамның қара домбырасынан ақырын салқын леп тарап, бойыма қуат құйғандай сезім биледі. Өз-өзіме келіп, жинақталып алдым.


— Не бұйымтаймен келдіңдер?


Қатпар-қатпар, сұмдық терең әжім басқан бетінен, қушиған арық денесінен кемпірдің барлығын білетіні, қазір жай әшейін әлдебір бетперде киіп, әлдебір рөлді ойнап отырғаны аңғарылады. Мен де амалсыз осы спектакльге бастан-аяқ қатысып, өз кейіпкерімді құлықсыз сомдап шығуым керек сияқты.


— Еркебай осында, сіздің үйге кіріп кетіп еді, бүгін екінші күн жоқ. Оның артынан Мәди де жоғалды. Бүкіл ауыл сабылып іздеп жатыр. Олардың осында кіріп кеткенін көзімізбен көрдік. Балаларды босатыңызшы.


Дауысымның осыншама сабырлы шыққанына өзім таңмын. Мен емес, артыма таңылған қара домбыра сөйлеп отырған сияқты.


— Балаларды босатыңызшы...


Кенет кемпір мені мазақтап соңғы сөзімді қайталап, шәлкем-шалыс ыңғай танытты. Кеше ғана Жасұланның артынан дәл осылай айтқан сөздерін қайталап, жөнсіз көтерілген Еркебай ойыма оралды. Кемпір мен Еркебайда ортақ әлдене бар секілді көрініп кетті. Менің ойымды сезгендей Кемпір:


— Оларды кім шақырыпты? Атасының басын іздеп келіп пе мұнда? Бой жаза қояйын деп сүт пісірім уақытқа көлдің жағасына шыға қойып едім, иттің балалары, абыройымды айрандай төгіп... өздеріне сол керек... жатқан шығар қазір көздері бозарып,-деді сауысқанша шақылдап.


— Қайда? Олар қайда? Білсеңіз айтыңызшы, әжетай.


— Әжетай? Қайдағы әжетай? Бірақ...


Кенет ол маған қуақылана қарады.


— Олардың қайда екенін айтайын. Бірақ жалғыз шартым бар. Сен мына ұлыма тиесің.


— А?


— Мына ұлыма тиемін деп серт берсең ғана айтамын деймін балалардың қайда екенін?


Мен таң қалып Кемпірге бір, төрде қайта ырсылдап, ықылық атып ыржалақтай бастаған Дәуге бір қарадым. Жасұланда өң-түс жоқ, есінен танып құлаудың алдында отыр. Қаным басыма бір-ақ тепті. Масқара! Папам мен мамама не бетімді айтамын? Тигені қалай? Мектеп ше?


— Тимесең тиме, жалынбаймыз. Аулақ жүр онда. Оларға үйіме кір деп шақырған жоқпын. Білгендеріңді істеңдер. Қайдан тапсаңдар одан табыңдар, онысы несі екен, түге. Төкешімді менсінбей отыр, о сорлы, бойында бір қарым еті жоқ, ілмиген кусүйек, сорлы. Сығарға биті жоқ сені қайтеді Төкеш.


— Жақсы, әже, тием Төкешке.


Мен Дәу отырған жақты көзіммен бір шолып өттім. Тік қарауға жүзім шыдамайды. Ұят пен үрей аралас сезім тамағыма тығылып, удай ашытып бара жатыр. Ол ырсылдап күліп, әрқайсысы бір бөрене болатын жуан саусақтарымен бетін басып ыржалақтап, бір жаққа қисайып барып, жатып қалды. Кемпір орнынан ұшып тұрды. Бірнеше мәрте ұмсынып, аһілеп-үһілеп әрең көтерілетін әжемнің қасында мына кісі лақша секіреді екен. Мен оның шынымен де тегін адам емес екенін ұғып, жарық дүниеден ақырындап күдерімді үзе бастадым. Көкірек тұсымды әлдебір сұрғылт тұман басып, суық та ауыр салмағымен езіп бара жатқандай ұнжырғам түсіп кетті. Ол менің қолыма қағаз бен қалам беріп, жаз деді.


— Не жазамын?


— Төкенге тиемін деп ант етемін. Ешқашан ешқандай жағдай осы сертті бұзуға себеп бола алмайды.


— Жаздым.


— Олай болса, отыр мында.


Мен ол кісі көрсеткен жерге, пештің түбіндегі тулақтың үстіне жайғастым.


Кемпір кенет алжапқышының астынан жарқ еткізіп, ұзын кездік суырып алды да, менің қарсы алдыма жүрелеп отыра қалды. Содан соң қарсыласқаныма қарамастан сол қолымды жұлып алып, білек тұсымды ішкі жағын тіліп жіберді. Қан сау ете қалған. Ол жаңағы серт жазылған қағазды алып төсей қойды, осылайша қағаз да, ондағы менің жазуым да қызыл қанға бөкті. Мен бұның барлығының шын екенін, және бүгінгі осы әрекетімнің бүкіл болашағымды 180 градусқа бұрып жібергенін түйсініп, ерік-жігерінен айырылған адамша бүк түсіп отырып қалдым. Кеше ғана кездестірген, бейтаныс деуге болатын екі бала үшін неге осыншама құрбандыққа бас тіктім? Айта алмаймын. Оларды құтқару керек. Бәлкім, оларды атам мен әжем немесе Сүйіндік ата еш серт-мертсіз-ақ құтқарар ма еді? Бәлкім, олар қазір ауылда, үйлерінде отырған шығар. Ал мен мында мыстан кемпірмен анттасып жатырмын. Кемпір алжапқышының астынан оттық шығарып, жаңағы қағазды жағып жіберді. Қанға малынып, суланған қағаз жанбайтын шығар деп ем, жоқ, лап ете қалды. Аппақ түтін ауада қалықтап, бөлмедегі біздің жүзімізді жаттап алғанысы келгендей аз-кем бөгелді де, лезде ыдырап көзден ғайып болды.


— Енді айтасыз ба балалардың қайда екенін?


Дауысым тістеніп, еркімнен тыс өшпенділікке толы болып шықты. Бірақ кемпірге енді бәрібір еді.


— Олар мынаның ішінде.


Үйдің бұрышында елеусіз тұрған көне шкафты нұсқады. Мен орнымнан ұшып тұрып есігін ашып қалдым. Түк жоқ, бос. Осыны түйсініп үлгергенімше кенет кемпірдің етсіз қусүйек қолы иығымнан жұлқа тартып тұрып шкафтың ішіне қарай итеріп жіберді. Көзімді жұмып қараңғылыққа қойып кеттім. Кенет шкафтың ішінің ақылға сыймайтын дәрежеде кең екенін аңғардым. Аяқтарым да астына тым жұмсақ мамық төсеп тастағандай рахаттанып барады. Көзімді ашып едім, қып-қызыл түкті кілемнің үстінде тұрмын. Кенет:


— Міне, тағы біреуі пайда болды,-деген майда қоңыр үн жетті құлағыма.


— Бұл — Зере, — деді таныс дауыс. Еркебай!


— Екіншісі де шықты,-деді сол үн. Мен қасымда Жасұланның пайда болғанын байқадым.


— Мәссаған, үшіншісі де бар екен,-деді сол дауыс.


Үшінші — Сари болып шықты. Әрі қарай түк есімде жоқ, есімнен танып құлап бара жаттым.


— Әй, балапандарым-ай, солай деңдер.


Көзімді аштым. Маңдайыма салқын шүберек басып, бір әйел отыр екен. Оның өте ажарлы екені алдымен көзге ұрады. Жатқан орнымнан көтеріліп, жан-жағыма қарадым. Төрт көзіміз түгел. Еркебай, Жасұлан, Мәди, Сари — барлығы осында. Еденге түгелімен түкті кілем төселіпті. Бөлме өте кең, кілемнің әсері болар, отқа оранғандай қып-қызыл болып көрінеді екен. Қабырғаларына майда тастан қашалған неше түрлі ою-өрнек түсіріліпті. Өте салтанатты, мұражай сияқты жер. Жаңағы дауыс иесі орта жастағы еркек екен. Маңдайы ашық, беті жылтыраған, өзі аппақ, кескіні келіскен адам. Өзін «Менің есімім — Зақан. Мені Аға, Ата демей, тек Зақан деп атаңдар» деп таныстрды өзін. Мен «Зеремін» дедім. Барлығы үнсіз отыр. Сари маған жабысып алды. Мен оны иығынан құшақтап, өзіме тарттым. Бұл әлі кемпірдің үйі ме? Жоқ, мүлде ұқсамайды.


— Мен сендерді кері жібере алмаймын. Бұл жерде де заң бар, алдымен Хан иемнің рұқсаты керек. Қазір кішкене тамақтанып алыңдар, содан кейін Сарайға барамыз.


Мен оған таң қалып қарадым. Тағы да есі ауысқан біреу ме? Сарайы несі?


Кенет есік ашылып, үстеріне кең пішілген шапан тәрізді киім киген екі қыз кірді. Олар еденге, біздің алдымызға дастархан төседі. Оның үсті лезде жүзім, алма, ет, палау секілді неше түрлі тағамға толды.


— Арғы жақтың тамағынан аздап хабарым бар, мыналар сендер жейтін ас болуға тиіс. Қысылмаңдар.


Мен жаңа ғана маңдайыма су шүберек басқан әйелдің Мәдиді құшақтап, бауырына басып отырғанын енді аңғардым. Таң қалғанымды байқаған Мәди:


— Зере, мына кісі менің анам,-деді біртүрлі толқып. Өзіне өзі сенбей отырған сыңайлы.


Мен басымды изеп амандастым. Ол кісі табылды ма? Қайдан табылды?


— Біз қазір қайда отырмыз?


Дауысым жарықшақтанып шықты. Шынымды айтсам, мен біздің барлығымыз өліп қалған шығармыз деп ойлаған едім. Көзімнен бұршақтап жас төгіліп кетті. Шаршаппын. Сари да жылады. Жасұланның да өңі бұзыла бастады. Зақан абыржып қалды, сонымен қатар күлкісін әрең тежеп отырған сыңайлы.


— Балалар, балалар, қойыңдар.


— Зере, бұл жер адам қорқатын орын емес. Мен осында өмір сүріп жатырмын. Бұл жерде ешкім сендерге зияндық жасамайды. Қорықпа. Жылама, сен жылаған соң Сари да жылап жатыр. Есің бар ғой. Қой, андағы кішкентай сіңілің қорқып қалады.


Сондай майда, жұмсақ шыққан қоңыр үн ананың әлдиіндей тыныштандырып, әлдебір сенім ұялатты. Мен көзімді, бетімді сүрттім.


— Қол жуатын жер бар ма?


— Иә, иә. Зария, қол жуатын жерді көрсетіп жіберші.


Жаңағы қыздардың бірі ақырын ғана бері жүр дегендей ымдады. Сари екеуміз бірге тұрдық, артымыздан Жасұлан мен Еркебай да ілесті. Бірақ оларды екінші қыз басқа жаққа алып кетті. Өте үлкен ғимарат екен, төбесі күмбез тәрізді дөңгеленіп, көз жетпес биікке кетеді, қабырғалары да қалың, барлық жеріне ерінбей жалықпай, түрлі түсті әйнектің сынықтары ма, әлде осылай қисық кесілген тас па, әйтеуір жылтыраған әдемі моншақ тәрізді зат жапсырылып шығыпты. Қол жуатын бөлмеден лалагүлінің иісі аңқиды. Керемет нәзік, сырлы хош иіс. Мен сол жердегі алтын жалатылған тарақпен шашымды тарап, үсті басымды ретке келтіріп алдым. Кенет айнаға қарағанда, біздің сыртқы кейпіміздің қатты өзгергенін байқадым, анықтап қараған сайын жүрегім тарсылдап, аузыма тығылды. Мен... мен қартайып кетіппін. Маңдайымда екі терең сызат пайда болыпты, бойым да өскен, омырауым... Сариға қарадым. Ол да басқа... Бойының сұңғақ тартқанымен қоса жүзінде ересек адамға тән ойлы мұң қонақтапты. Маған біртүрлі томаға тұйық, аяушылықпен қарайтын тәрізді.


— Сари, бізге не болған?


— Білмеймін, ұлдар да өзгерген. Сен жаңа байқамағансың ғой.


— Жоқ, еш нәрсені байқамадым.


— Сен мұнда қайдан пайда болдың? Үйде қалған едің ғой.


— Әжем айтты, Зеренің артынан бар, бас-көз бол деді.


— Сен маған бас-көз боласың ба? Тоқта, тоқта, әжем біледі ма біздің осында екенімізді?


Өзім көзімнің қырымен айнадағы бейнеме қарадым. 17-18-дегі бойжеткен қыз қабағын шытып, таң қалып қалды.


— Иә, білетін сияқты, себебі, Зеренің артынан бар, айт, домбырасын бір жерге тастап кетпесін деді.


— Масқара!!! Домбырам қайда?


— Домбыра менде, міне.


Ол арқасындағы дорбаны қисайып тұрып көрсетті.


— Жаңа сен талып қалғанда, мен алғанмын.


— Жарайды, жарайсың, бері әкел.


Сариды сын көзбен шолып өтіп, көйлегінің шаңын қағып, шашын қайта өріп бердім. Қалай болғанда да, менің жасым он төртте, ал оның жасы тоғызда. Мен оның әпкесімін. Бастысы өзіміз жаңылмауымыз керек.


— Кемпірді көрдің бе?


— Иә.


— Сен оған ешқандай серт берген жоқсың ба?


— Жоқ.


Сари маған таң қалып, жанары дөңгелене қарады. Тым ересек. Мен көзімді тайдырып әкеттім.


— Сен де шкафқа кірдің бе?


— Иә, сендерді итеріп кіргізіп жатқанда, мен де кіргенмін үйге, ол кісі сөзге келместен мені де кіргізіп жіберді. Болды.


— Сенің келгенің бекер болды ма деймін.


Сыртымыздан бағып тұрған Зария әр қимылымызды қалт жіберер емес, атылғалы тұрған мысық сияқты екен. Оның көзінше сіңіліммен басы артық сөйлесуге де жүрексіндім. Содан кейін жаңағы бөлмеге қайтып келдік. Не де болса шыдауға тура келеді. Басқа амал жоқ. Мен ұлдарға байыппен қарап өттім. Мәди де есейіпті, жиырмадан кем бермейсің. Жоғары ерніндегі көзге көрінер-көрінбес тыртық құлақ жағына қарай тартылған ұзын жырыққа айналыпты. Бағаналы бері есім шығып жүріп байқамағанмын ғой. Түріне қарауға жүрек шыдамайды. Жыртқыш аң сияқты. Ал Жасұлан, қап-қара, бас бармақ сияқты тапал, нығыз Жасұлан сұңғақ бойлы, қағаздай аппақ, гүлдің сабағындай нәзік жасөсіпірмге айналыпты. Ал Еркебай болса... Ол да өзгерген, бірақ сипаттау қиын. Біртүрлі сабын сияқты жылтыр, сырғанақ әлдене. Тіпті ешкімге, еш нәрсеге ұқсамайды. Мен қабағымды түйдім. Түсініксіз. Мәдидің анасы Гүлнәр сұлу екен. Жуан бұрымын алдыға қаратып, қисық өріпті. Өңі де балауса қыз секілді, үлбіреп, алабұртып тұр, жанары тұнық, қап-қара, Мәдиді айналсоқтай береді. Ал ол сұлық отыр. Әлі өз-өзіне сенбейтіндей. Немесе есіне әлдене түсе бастаған адам секілді. Қиналыста. Назарымды қызмет көрсетіп жүрген екі қызға аудардым. Олардың шеберлігі таң қалуға, қошеметтеп қол соғуға лайық екен. Лып-лып, зып-зып. Тіпті аяқтары жерге тимейтін сияқты. Қалықтап ұшып жүрген тәрізді...


— Мәди, сен түсінбей отырсың ғой. Мен бұл жерге қалай тап болғанымды айтайын. Және кішкене жүректеріңнің орнына түсіп, өз-өздеріңе келуге сеп бола ма,-деді бізге қараған Мәдидің мамасы.


Рұқсат бергені немесе қоштағаны белгісіз Зақан басын изеді.


— Өзің білесің, екеуміз Алматыда еш алаңсыз өмір сүріп жатқан едік қой. Сен мектепке барасың. Ал мен беделді бір фирмада аудармашы болып істедім. Қағанағымыз қарқ, сағанағымыз сарқ, былайша айтқанда уайым-қайғысыз өмір сүріп жаттық.


Мәди басын изеді.


— Сөйтіп жүргенде маған бір дерт жабысты. Аты жаман ауру. Саған айта алмадым. Кішкентай ғана жүрегіңді ауыртқым келмеді. Тал қармап, барлық мүмкіндікті сарп етіп шықтым. Ем қонбады. Күн санап семіп бара жаттым. Сені амалсыз интернатқа өткіздім. Ақыры халім нашарлап, дәрігерлер көмек бере алмаймыз деп ашық айтқан кезде, әкеме жеделхат жолдадым. Әкем... Мен оның жалғызымын ғой. Жалғыз қызы едім дейміз бе...


Кенет ол жасқаншақтап, Зақанға қарады. Мәдидің жүзінің күрт өзгеріп, қанының басына тепкенін аңғардым. Мен Гүлнәрдің бұл жерде неге кіріптар күйде жүргенін түсіне алмай, дал болып отырмын. Бірақ келесі сәтте ол бұл жұмбақты өзі шешті.


— Мында түк үйрене алар емеспін. Міне, жарты жыл болды ғой. Арғы жақтың есебі бойынша екі жыл... Сонымен әкем екеуміз ауылға келдік. Шынымды айтсам, өліп кетсем, үлкен кісі сүйегімді ауылға қалай жеткізеді, тірі кезімде өзім жетіп алайын дедім. Әкемде өң-түс жоқ, сол үш күннің ішінде шынашақтай болып семіп қалды. Амал не, қыларға қайран жоқ. Іш қан жылайды. Тірі адам тіршілігін істейді. Бірақ әкем мені өз үйімізге емес, көлдің жағасына Кемпірдің үйіне алып келді. Мен есім кіресілі-шығасылы, елес қуып, сандырақтай бастағанмын. Әкемнің үйдегі шкафтың ішіне кіріп кеткенін де, араға біраз уақыт салып одан шыққанын да көріп жаттым, бірақ шын өмірге қатысы бар, әлдебір деректі нәрсе санатына қосқан жоқпын. Содан кейін шкафтың ішінен шыққан әкем мені көтеріп алып, әлгі шкафқа қайта беттеді. Ішіне күмп етіп еніп, көзімді қайта ашқанымда осы жерде жатыр екенмін. Кішкене әлденіп, өз-өзіме келіп қалыппын. Күн санап емес, сағат санап жазылдым десем артық айтқандық болмас. Қазір, міне өздеріңіз көріп отырсыздар, аман-есенмін. Бірақ, Мәди, алтыным, кешір, саған хабар бере алмадым. Шарты солай болды. Енді сені қайтып көремін деген үміт те жоқ еді. Бірақ Құдайдың көзі түзу екен, өзіңмен қайта қауышып отырмын...


— Егер жазылсаңыз неге қайтпайсыз енді?,-деп сұрады Сари таңданған дауыспен.


Гүлнәр күйзеле жымиды.


— Мен арғы жақтың табалдырығынан аттай салысымен қайта ауырамын. Себебі, бұл жақта менің тағдырым, маңдайымда сызығым жоқ. Мен бұл жерде елеспін. Ал ана жақта, ана жақта мені ажал күтіп тұр...


— Анашым, онда осында қала бер, оралма.


Мәди анасының қолынан сүйді. Біз бәріміз төмен қарадық. Ойыма өзімнің анам оралды. Оның бірқалыпты биязы кейпі, кішкентай бала секілді сенгіштігі мен аңқаулығы. Көлік айдағанда бұрылатын болса, шамын жағуды ұмытып кететіні есіме түсіп, кенет бойымды мазасыздық биледі. Ернімді жымқырып, басқа нәрселерді ойлауға тырыстым. Мысалы, мен енді сөзімде тұрып, Дәуге тиюім керек. Масқара! Анам қасіреттен-ақ бір жайлы болатын шығар. Не істедім? Неге сол мезетте анамды ойламадым. Өкініштен өзегім өртеніп кете жаздады. Егер өмірде де компьютердегідей «кері оралу» деген бұйрық болатын болса ғой. Онда мен... Онда мен... Білмеймін. Егер бәрін қайта бастауға мүмкіндік болса, басқа таңдау жасарым неғайбыл екен-ау. Кешір, анашым...


— Осылай, балапаным...


Үнсіз отырып қалдық. Барлығы бір қарағанда ақылға қонымды, мүмкін нәрселер сияқты. Шаршағандікі ме, әлде басқа бір себептері бар ма, әйтеуір барлығымыз бір самарқау, меңіреу күйге еніппіз.


— Олай болса, жүріңдер, Хан-иеме барып, сәлем беріп шығыңдар. Ұлы мәртебелім рұқсатын беріп жатса, бүгіннен қалдырмай кері жіберемін сендерді.


Қыздар бізге де бір-бір шапаннан үлестірді. Оны барлығымыз да өз киіміміздің сыртынан киіп алдық. Сөйтіп далаға шығып, есіктің алдында тұрған моншақтай шағын әдемі күймеге отырдық. Барлығымыз жапатарғамай сыртқа көз тастадық.


— Мың бір түндегідей,-деп күбірледі Сари.


Шынымен де тура Шығыс ертегілерінде суреттелетін қала секілді. Бір қызығы Түркістандағы көне мазарлардың да елесі бар. Барлығы соншалықты таныс әрі соншалықты суық әрі бөтен. Таныстығы — қайда көз тастасаң да қазақтың ұлттық рәміздеріне жанарың сүрінеді. Орындалу шеберлігіне келгенде бұның барлығының ғылымы дамыған, жоғары саналы қоғамның ғана тудыра алатын туындылары екенін ұғасың. Бір байқағаным еркектер де, әйелдер де түгел кең, белінде белбеуі бар шапан киеді екен. Бірақ еркектердің шапанының матасы қалыңдау және ою-өрнектері де сәл қоюлау, қылыштың жүзі секілді тым кілт, шалт кестеленген. Ал әйелдердің шапаны... Жеңіл, лүпілдеген матадан қызылдың мың алуан реңін ойнатып, асыл тастармен, түрлі-түсті жібек жіптермен айшықталған. Сонымен бірге әсіре кету, талғамсыздыққа ұрыну деген атымен жоқ. Бұттарындағы шалбарлары да солай, аяқ киімдері де. Орта ғасырдағы қазақтың ұлттық киімі болашақтың, әлдебір отызыншы ғасырдың озық ойымен астасып, бір бөлекше өнер тудырған тәрізді әсер береді. Мен де осындай шапанның үш-төртеуін алғым келіп кетті. Адамдардың барлығы керемет ұстамды, биязы, көшенің басынан аяғына дейін әлдебір бекзадалық, сыпайылық есіп тұр. Мен Зақаннан:


— Бұл кісілердің барлығы қазақтар ма,-деп сұрадым. Ол жымиды.


— Жердің бұл бөлігінде тек қазақтар тұрады.


— Басқа ұлт өкілдері қайда? Бұнда да біздегідей ағылшындар, француздар, америкалықтар бар ма?,- деді Жасұлан.


Ол ойланып қалды.


— Жер бетінде, мұндағы мағынадағы Жерде он мыңнан аса ұлт бар. Мен шынымды айтсам, барлығын түгел атын атап, түсін түстеп білмеймін. Француздар дегенді естіген сияқтымын. Бұл жерде әр ұлт өз құндылықтарын дамытады, өздерін зерттеумен айналысады. Бір-біріне бөгет жасамай, оқшау өмір сүреді.


— Сонда мына адамдардың барлығы қазақ қой.


— Иә, барлығы қазақ.


Ол жымиды.


— Бұндай бірінен кейін бірі тізбектеліп келетін әлемдер сансыз көп. Сендердің әлемдеріңмен біздің әлемнің арасында өткел бар. Кейбірі туралы тіпті біздің өзіміз хабарсызбыз. Біз осындай төрт әлеммен ғана жақсы байланыстамыз. Ол жердегі қазақтардың өмірін зерттеп, жетістіктерін алып, қателіктерін қайталамауға тырысамыз.


— Қазағы жоқ әлем де болады ма?


— Иә, әрине, кей әлемде қазақ болған, бірақ әлдебір себептермен ұлт ретінде мүлде жойылып кеткен. Кей әлемде қазақ халқы мүлде қалыптаспаған, құрылмаған. Тарих даму барысында басқаша бағыт алып кеткен. Атауы басқа, бірақ бізге тұрмысы мен салты ұқсас ұлттардың да болуы мүмкін. Қысқасы, мүмкін емес нәрсе жоқ.


— Ал біздің әлем ше? Біздің әлем туралы не айтасыз?


Саридың сауалы әрқайсымыздың көкейімізде тұрған еді, барлығымыз Зақанның бетіне қарадық. Ол ойланып қалды.


— Сендерден үйренетін нәрсе өте көп.


— Мысалы, не?


Ол жымиды.


— Бәлкім, уақыт өте, салыстыра келе өздерің де түсіне жатарсыңдар. Мен қазір оның бәрін айтып бәрібір үлгермеймін.


— Ал бізде ше? Сіздер туралы неге ақпарат жоқ? Неге ешкім білмейді?


— Уақыт әлі келген жоқ. Әлемдер туралы ақпарат көпшілік қауымға арналмаған. Саусақпен санарлық сенімді адамдар ғана біледі... Олардың өздері анда-санда жалт беріп, жеке пайдасын ойлап, түрлі қитұрқы істерге барып жатады. Адамға нәпсіні тыю қиын ғой.


— Менің атам ше?,-деп сұрады Сари.


— Оооо, сенің атаң үлкен адам. Сендердің ауылмен мына ғасырды қосып есептегенде алты ғасыр байланыстамыз. Ол ауылдың барлық қариясы — көлдің шырақшылары ғой. Өткелді, есікті күзетеді. Нағыз қаһармандар.


— Ал менің әжем ше?, — деп үміттене сұрады Жасұлан.


— Әрине, сенің әжең де — шырақшы.


Жасұлан көрдіңдер ме дегендей бізге масаттанып қарады.


— Олар есікті кімнен күзетеді?


— Пиғылы жаман адамдар бар. Олар бас пайдаларын ойлап, орны толмас өкінішті жағдай тудыруы мүмкін. Ниеті түзу бірақ өз әлеміне сыя алмаған жандар бар. Олар өз өмірлерінен баян таппай, орын ауыстыруға, көшуге, кетуге асық болып тұрады. Әрине, бір қарағанда ең үлкен мүмкіндік - басқа әлемде бақ сынау болып көрінеді. Айықпас дертке шалдыққандар ше? Олар мына жаққа өткеннен кейін ауруларынан құлан-таза айығатындарын білсе, жағдай қалай болады? Біз Гүлнәрды Сүйіндік қарияның үлкен өтінішімен қабылдадық. Бұл осы алты ғасырда орын алған алғашқы және соңғы жайт.


— Түсінбедім, — деді Мәди, — неге адамдар қалауынша ары-бері өте алмайды? Неге?


— Болмайды, Мәди, сен не айтып тұрсың,-деді Гүлнәр шошынып,- дүниедегі тепе-теңдік бұзылады, тіпті біздің әлемдердің тізбектен шығып, мүлде жойылып кетуі мүмкін. Оған жол беруге болмайды.


— Иә, Гүлнәр дұрыс айтады. Сондықтан арғы беттегі шырақшылар үлкен жұмыс атқарып отыр.


Мен өз құлағыма өзім сенбедім. Жасұлан да таң қалған дауыспен:


— Ал Кемпір ше?, — деп сұрады, — ол да шырақшы ма? Сіздің әңгімеңізге сенсек, Кемпірдің бас шырақшы болуы керек қой онда.


— Кемпір? А, иә, кемпір... Жоқ, ол шырақшы емес, Кемпірдің тарихы бөлек. Ол менің құзырымдағы әңгіме емес.


Осы сәтті күтіп келе жатқандай күйме кілт тоқтады. Біз далаға шыққанда үлкен керемет сарайдың алдында тұрған едік. Баспалдағы ақ мәрмәрдан соғылған еңселі ғимараттың есігі сонау көз ұшындағы биікте. Баспалдақтың жағалауы алтын секілді сары металлмен көмкеріліпті. Жақынырақ келіп қарап, оның шынымен де алтын екенін ұқтым. Біз еңселі, алтынмен қапталған есікке келіп жеткенде, Зақан мен Гүлнәр «әрі қарай біз бармаймыз, өздерің жүресіңдер» деп қалып қойды. Сарайдың ішіне бесеуміз ғана ендік.





Пікір жазу