Жаңбыр
Сыртта жаңбыр жауып тұр. Терезеге жақындап далаға қарадым. Күңгірт әлем. Төмен қарай төніп қатуланған аспан. Жаңбыр. Әрбір тамшысының өз үні, өз тілегі бар тірі жаңбыр. Үсті-үстіне төгілген сайын кеудеңдегі мазасыздық өрши түседі. Келесі сәт әлдене әкелетіндей. Дүние іш пыстырар ырғағынан жаңылып астаң-кестең болатындай. Жаңбырды жек көремін. Үнемі мұңда ұстайды. Себепсіз күткізеді. Үміттендіреді. Күткенді жек көремін. Сырттан аяқ тықыры естілді де артынша-ақ арсын-дүрсін басып інім кірді.
— Мысықты іздеп жүрмін.
— Оны не қыласың?
— Ұйықтатамын. Ал сен неғып тұрсың?
— Жаңбырды тыңдап.
Түсінбей қалды. Қалқиқан құлақтарына қарап күлкім келген.
— Жаңбыр жауғанда бәрі біртүрлі болып кетеді, иә.
— Иә, — деді ол.
— Өлгім келіп тұр.
Жанары үрейге толып шыға келді. Тамағыма келіп тірелген өксікті әрең іріктім.
— Мысықты таба алмай қойдым, еш жерде жоқ. Су-су болған шығар.
Жылдам сөйледі. Әңгімені басқа жаққа аударғысы келген түрі.
— Не істесем екен?
Дауысыма діріл араласып кетті. Өз-өзіме ызаландым. Титтай баланы шошытып. Оңбаймын ғой.
— Өтірік! Бәрі өтірік! Мен сені мамама айтамын!
Есік тарс жабылды. Жаңбырдың ірі тамшылары терезені осқылайды. Бұл жерден кеткім келді. Жаңбыры жоқ жаққа. Айдалаға. Кенет келесі бөлмеден інімнің жылаған үні естілді. Не деген адаммын деп ойладым. Оңбаймын ғой. Оңбаймын.