19.01.2022
  228


Автор: Мадина Омарова

Ғажайып көл

/Ертегі-повесть/


Бірінші тарау


Ай мен күннің аманында төбемнен жай түсті. Бастан кешкен күйімді басқаша қалай сипаттауға болатынын білмеймін. Мектептегі оқу аяқталмай тұрып, көп нәрсені жоспарлап қойғанмын. Алдымен, әрине, Лондонға баратыныма бек сенімді едім. Себебі, жыл бойы ағылшын тілінен ақпа құлақ екенімді анам да, ағылшынның мұғалимасы да бас шайқай отырып мойындады. «Дұрыс нәтижеге қол жеткізбесең, жазда ағылшын тілді ортада боласың, Ұлыбританияға жібереміз» деген анамның үкімі алдымен қатаң жазадай естілсе, артынан көгілдір көкжиекке айналып, сол күнді асыға күтумен жүргенмін. Ата-анамсыз, өзім ғана саяхатқа шығып, Лондонда тұратынымды, жаңа достар тауып, тәуелсіз өмір сүретінімді елестетумен болдым. Бірақ жазғы демалыс басталған күні төбемнен жай түсті. Анам «Қыздар, сендерді ертең әкелерің ауылға апарып тастайды, жазғы демалысты сонда өткізесіңдер» деп қарап отыр...


— Қалайша? Қай ауылға?


— Ата-әжелеріңе. Жаздай сонда боласыңдар.


Мен алдымен қалжыңға балап күлдім. Бірақ анам:


— Киімді беталбатты көп алмаңдар. Онда баратын жер де жоқ. Алақандай ауыл. Үй киімдеріңді, спортқа киетін киімдеріңді жинап қойдым. Ертең жолға шығасыңдар, бүгін жақсылап дем алып, жуынып-шайынып алыңдар,-дегенде барып бізбен ешкімнің қалжыңдасып тұрмағанын түсіндім.


— Менен неге сұрамайсыңдар? Бармаймын. Ал, Лондон ше? Менің ағылшын тілім?


— Ағылшын тілінен кітаптарыңды алып ал. Айтпақшы, Сари математикасын алсын.


— Бармаймын. Қақыларың жоқ. Ешқайда бармаймын.


— Барасың.


— Маматай, сіздер не деген қызықсыздар. Менің жасым он төртте. МЕН ауылға, айдалаға барып, жаз бойы НЕ ІСТЕЙМІН?


Анам кәдімгідей абдырып шарасыз түрмен әкеме жалтақтады, Әкемнің жүзіне қарадым да, ауылдан мені тек ажал ғана құтқаратынын ұқтым...


Ауыл, ауыл. Ауылда мен екі рет қана болғанмын. Онда да кішкентай 4-5 жасымда. Есімде түк жоқ. Тек қапырық ыстық, жайсыз сезімдер ғана еміс-еміс бұлдырайды. Демалысты ауылда өткізгенімді естісе, сыныптастарым, бізді кедей деп ойлайтын шығар. Неге ауыл? Неге, мысалы, ең болмаса Түркия емес?


— Мама! Маматай!


Көз жасыма ерік бердім, күні бойы жыладым. «Бармаймын». «Қызым, әкеңнің шешімі, мен қарсы болмады дейсің бе. Бірақ қасарысып қалды». «Маматай, не үшін? Шектен шыққан жоқпын ғой, үлгерімім де жақсы. Айтқан уақыттарыңда үйге қайтып жүрдім. Артық қыдырған жоқпын. Не үшін?!». Бір уақытта маған қосылып анам жылады. «Мама, ал менің биім ше? Үш айда топтан қалып қоятын болдым ғой...ағылшын тілі ше?».


Жүрегім қарс айырылатындай көрінген. Тіпті осы бүгін өліп кетсем деп тіледім. Жүрегім жарылып, қан қысымым көтеріліп өліп кетсем, ооо, әкем қалай өкінер еді, ауыл және өзінің туған қызы. Зересі. Өмір бойы өкініштен өзегі өртеніп өтер еді. Бірақ өлу қайда. Таңертең екі көзім қып-қызыл, ісіп кеткен, шашым дода-дода, жүк сөмкені көтерген әкемнің артынан еріп кете бардым. Көзімнен ыстық жас құйылып жатыр. Жазда ең болмаса, Алматыда, өз үйімде де қала алмайтын болдым. Сариға қарасам, томпиып отыр. Жыламаған. Ботадай боздаған анама қарап, жымиып қояды. Маған көз салмайды да. Өзінен өзі мәз болып отыр. Ол кейде осылай мені ызаландыру үшін әдейі істейтіндей көрінеді. Бәлкім, кішкентай болғаннан кейін жете түсінбейтін де шығар. Оның жасы тоғызда. Менен аттай бес жас кіші. Екеуміз де қазақ мектебіне барамыз. Үйде тек қазақ тілінде сөйлесеміз. Бұл әкемнің бұлжымас қатаң талабы. Бұған бойымыз да, ойымыз да үйреніп кеткен. Жазғы демалысты ауылда өткізу де осы қазақшылыққа бет бұрудың бір шарты болса керек. Әкемнің өзі ауылда өскен. Ата-әжеміз әлі ауылда. Қалаға жылына бір рет дәрігерлерге көріну үшін келіп кетеді. Онда да бір жылы атам келсе, келесі жолы әжем келеді. Бұл да әкемнің оларға қойған талабы. Әйтпесе байқауымша олардың өздері Алматыға келіп, емхана аралауға құштар емес. Кетуге асығады. Мен оларды соншалықты жақын тұтамын деп айта алмаймын. Бірақ, әрине, бәрібір ыстық.


Әкемнің ауылы екі күндік жол, алдымен трассамен бір күн жүріп, аудан орталығына жетеміз, содан кейін тауға қарай бір күн жүреміз. Жолда жылауға да зауқым болған жоқ. Бәрібір болып кеткен сияқты. Әкеме жыладың не, жыламадың не. Сол томаға-тұйық үндемеген қалпы. Ашуланған кезінде тесірейіп көзіңе қарайды. Ондай сәттері құйқа тамырың шымырлап, өз-өзіңнен жерге кіріп кете жаздайсың. Қанша жерден өзіңдікі дұрыс екенін біліп тұрсаң да, ыңғайсыз бір күйге түсесің. Мысалы, мен әнші боламын десем, солай қарайды.


Бірақ негізі әкем қатал емес. Бәлкім, дәл әкемдей балажан, жұмсақ адам жер бетінде жоқ шығар. Әкемді қатты жақсы көремін. Жолда жыламай келе жатқаным да сондықтан шығар. Себебі ол сыр білдірмесе де, қатты уайымдап қалады. Сари машинаның артында бүк түсіп жатып ұйықтап қалды.


— Қарашы, мысықтың баласы сияқты кіп-кішкентай,-деді әкем. Мен сәл ғана басымды бұрып, көз қиығымды тастадым. Сари маған мысықтың баласы сияқты болып көрінбейді. Біріншіден, ол ауылға бармаудың амалын бірге қарастырайық, сен де бармаймын деп айт дегенімде тыңдамады. «Қызық қой. Көрейік те» деп, керісінше қуана жиналды. Мен оның бұл сатқындығын ешқашан кешіре алмаспын. Екіншіден... Жалпы Сари менің жыныма тиеді. Үнемі өзінше болып, бір білгені бар адамға ұқсап жүреді. Бейнебір үйдің үлкені мен емес, сол сияқты. Сіңілімнің кішкене басқашалау болғанын қалар едім. Мысалы, осыдан бір-екі жыл бұрын анамның Диордан алған бетмайын байқатпай бетіме жағып жүрдім, оның әжімге қарсы екенін білсем де, пайдаландым. Себебі жаман айтпай жақсы жоқ, әжімнің алдын алып, сақтана бергенді жөн санаймын, әлі күнге осы пікірім өзгерген емес. Ал Сари болса, соны байқап, анама айтқан. Содан бері ол бетмай біткенді кілттеп тығып тастайтын болды, ал маған жағуға рұқсат жоқ, әпермейді. Бірақ сөмкемнің түбінде жатқан Лореалдың опа-далабы, күннен қорғайтын бетмай — менің құпиям. Соларды ойласам, жүрегім жылып, бойымды бір әдемі тоқмейілсіген сезім билейді. Бәрін ақшамды үнемдеп жүріп өзім алғанмын. Ал, Ланкомның әтірін анам сыйлады. Ол да сөмкемде жатыр. Ауылға аттай үш айға бара жатқанымды айтып, жаралы жаныма дауа болар жалғыз нәрсе болса, ол осы иіссу екенін сездіріп, кеше ғана алдырғанмын. Жолға шашып шығуға жүрексіндім. Әкемнің түсінбей қалуы мүмкін. Ауыр күрсіндім. Рөлде отырған әкем маған көзінің қиығымен қарап қойды. Міне, тағы бір шытырман оқиға, тағдырдың күтпеген сынағы. Жазғы демалысымды ауылда өткізем деген ой үш ұйықтасам түсіме еніпті ме. Ешқашан ешнәрсеге ұрынбай жүру мүмкін емес. Мен әдетте ірі оқиғаларға ұшырамаймын. Кей қыздар болады, жүрген-тұрғанының барлығы төтенше жағдай. Ғашық болса, бала көтеріп қалады, біреуді жек көрсе, оның ақыры қанды төбелеске, одан соң полиция бөлімшесіне әкеліп соғады. Ал менің өмірім олардың қасында бірқалыпты, еш қызықсыз өтіп жатқандай. Қазір ойлап отырсам, менің өмірім әке-шешеме өзімнің құқықтарымды дәлелдеумен өткен екен. Ең алдымен әкемнің ашуын қоздыратын нәрсе - менің әнші болғым келетіндігі. Бірінші кластан музыка мектебіне бардым. Вокалдан сабақ алдым. Бес жасымнан биге қатысамын. Дауысым кәсіби қойылған, мүлтіксіз деуге келмесе де, табиғаттың жомарт қолмен сыйлаған дарынын байқамау мүмкін емес. Оны ұстаздарым да, құрбы-достарым да, тіпті әкемнің өзі де мойындайды. Ал күйді мен секілді тартатын қыз бүкіл Алматыда жоқ. Бұған толық сенімдімін. Былай қарасаңыз, мектеп бітіргеннен кейін шоу бизнес әлеміне хоп деп енуге барлық мүмкіндігім бар секілді. Бірақ, әкем қарсы. Оның дүниетанымы мен әншілік деген ұғым - бір-біріне тікірейіп, көздеріне қан толып қарайтын кереғар нәрселер. Тіпті қоймай бара жатсам, менен бас тартуы мүмкін. Бірақ рұқсатын бермейді. Бұл - анық. Ал менің әнші болғым келеді. Одан басқа еш арман-тілегім жоқ. Әнші болу үшін барлығына көнер едім. Тіпті медицина институтында тоғыз жыл оқуға бармын. Тек қосымша әншілікті алып жүруге рұқсат болса.


— Ажарың ашық екен, атқан таңдай,


Нұрлы екен екі-ай көзің жаққан шамдай.


Анаңнан сені-ай тапқан айналайын,


Күлім көз, оймақ ауыз, жазық маңдай...


Әкем жымиды. Мен де еріксіз күлімсіредім. Содан кейін ирелеңдеген түнгі жолға көз айырмай қадалған күйі қалай ұйықтап кеткенімді аңғармай қалдым. Түсіме белгісіз бір үй кірді, жалғыз бөлме, ортада дөңгелек жайпақ үстел тұр. Дастархан басында өте семіз, іркілдеген еркек кісі тамақ ішіп отыр. Мен ауа жетпегендей жанталасып, мына жайсыз көріністен құтылуға тырысып жатырмын. Бір жағынан түс екенін білемін. Екінші жағынан, мына дәуқара мені байқап қалса, бір сұмдық болатын секілді жүрегім суылдап бара жатыр. Ал ол дастарханда тұрған табақтан кесек-кесек ақ майды уыстап алып, ауызына нығыздап тығады, сол кезде саусақтарының арасынан май сорғалап иегіне, тамағына қарай сала-сала болып ағады. Омырауы баттасқан ақ май, айғыз-айғыз. Майды екі ұртына сығымдап тығып, бұлтылдатып шайнап жатып, қолымен табақтағы тамақты тағы қармайды. Жүрегім айныды. Қорқып бара жатырмын. Кенет Саридың «Зере, Зере» деген үні талып естілді алыстан. Сол-ақ екен қорқынышты сурет бірте-бірте ғайып болып, сұрғылт мамық тұман басқан ұйқының тәтті әлемі қойнауына тартып әкетті.


Таңертең, жан төзгісіз қапырықтан ояндым. Денем былжырап, терге малынған. Басқа планетадан келген құбыжықтың жабысқақ терісі секілді. Тез арада суға түсу керек. Жан-жағыма алақтадым. Машина тоқтап тұр. Әкем ауызын әнтек ашып, ұйықтап жатыр екен. Бірқалыпты қорылдайды. Сариға қарап едім, ол оянып алып, сыртқа көз тастап отыр екен. Артқы жақтың терезелерін түгел ашып тастапты. Кішкене құтыдан су жұтып қояды.


— Маған да берші,-дедім.


Ол артқы жақтан, жүк салынған бөліктен тырмысып жатып ашылмаған жаңа бөтелкені алып шығып, қолыма ұстатты. Су жылып кетіпті. Амалсыз іштім.


— Қай жерде тұрмыз?


— Білмеймін, ауылдың сырты сияқты.


— Біздің ауыл ма?


— Жоқ, біздің ауылға кешке жетеміз.


Сыртқа шығып, құтыдағы суды басыма мойныма құйдым, содан кейін сөмкемнен сүлгі алып шығып, беті-қолымды асықпай сүрттім. Сергіп қалған сияқтымын. Түнде көрген түсім есіме түсті.


— Жаман түс көрдім. Түнде сен мені оятқан жоқсың ба?


— Жоқ.


— Сенің дауысыңды естігендей болдым.


— Бәлкім, түсіңе кірген шығар барлығы. Не көрдің?


— Бір сұрықсыз кісіні, ауызынан май ағып, қомағайланып тамақ жеп отырды. Неге екені одан өлердей қорықтым.


— Құрысын, айтпашы.


Ауылға жеткенде барлығымыз қуандық. Атам мен әжем алдын ала дайындалып, ет асып, шай қайнатып күтіп отыр екен. Дегенмен мен бірінші кезекте ескі моншаға кіріп, шайынып алдым. Содан кейін киімімді ауыстырып, жеңіл ақ майка мен шолақ шалбарымды кидім. Шашым кір, өзімнен өзім жиіркенемін, амалсыз бір өрім етіп өріп, төбеме жинап қойдым. Өстіп, өз-өзіме келгеннен кейін бір-ақ дастархан басына келдім. Біздің қариядан өзге тағы екі шал пайда болыпты және қап-қара бір жасөспірім бала терлеп-тепшіп сорпа ішіп отыр. Жерге жасалған дастарханның бүйіріне келіп отырдым, аяғымды қайда жіберерімді білмеймін, ыңғайсыз. Бірақ менің жайым ешкімді алаңдатпайтын секілді. Шалдар әңгіме соғып отыр. Әкем көзін төмен салып үнсіз тыңдайды. Сари тамаққа тойып, әкемнің қолтығына кіріп бүрісіп, маужырап бара жатыр екен. Мен бейтаныс балаға қарадым. Ол мен кіргеннен кейін ыңғайсызданып, кесесін дастарханға қойып үлгеріпті. Бірақ мұрны жылтырып, маңдайы шып-шып терлеп, жақсылап сорпаланғаны көрініп тұр. Күлкім келіп кетті. Ауыл туралы ескі бір фильмнің кейіпкері секілді. Ол осыны сезгендей, қараторы жүзі алабұртып, көзімен дастарханды шұқылады. Кенет оның жоғарғы ернінде тыртық бар екенін аңғардым. Маған ең қызығы бұл баланың түрі таныс болып көрінді. Бір жерден көрген сияқтымын. Әжем алдыма тәрелке қойып, ішіне бешбармақтың нанынан салып берді. Ет жемейтінімді ұмытпапты.


— Танысып қойыңдар, бұл Мәди деген жігіт, көрші тұрады. Мына Сүйіндіктің немересі.


Әжем төрде отырған ақсақалды меңзеді.


— Қай класты бітірдің, Зере екеуің қатарсыңдар ма деймін.


— Жетіні аяқтадым.


— Міне, Зере де жетіні аяқтады. Екеуің бірге ойнаңдар, қыздарға ауылды көрсет.


Кенет дастархан басындағылардың барлығының назары бізге ауғанын байқадым да, қып-қызыл болып кеттім. Жоғарыда отырған екі шал да, атам да, тіпті әкеме дейін аңтарылып, әлдебір тылсымның шешімі енді табылғандай, қарап қалыпты. Әжем де қызық, бірге ойнаңдар дегені несі, кішкентай балаға ұқсатып. Ұятын айтсаңшы. Ал мына бала не ойлады екен? Мәди «жақсы» дегендей басын изеді. Көзімнің астымен жүзіне қарап едім, мінезімді қызықтағандай күле тік қарап отыр екен. Ендігі жетпегені осы еді, өркениеттен мың шақырым қашықтан жігіт тауып жетісіп қалатын болдым...


Келесі күні түс ауа бір-ақ ояндым. Жуынып-шайынып, үйден шығып әкемді іздедім. Кетпегені анық, көлігі аулада тұр. Бірақ өзі еш жерде жоқ.


— Сари!


Үйдің сыртында жүрген сіңілімді дауыстап шақырдым.


— Әкем қайда?


— Жаңа ғана көшеге шығып кетті.


— Қайда кеткенін айтқан жоқ па?


— Білмеймін, әйтеуір былай қарай жүрді.


Саридың нұсқаған жағына беттедім. Қарасы шалынбайды. Таппасам, қайтып келермін деп ойладым. Ауылды аралап көрейін, не қызық бар екен. Алақандай ғана ауыл. Екі-ақ көше. Жиырма шақты үй. Бұл ауыл да емес, ферма деп аталады шатаспасам. Бұнда аттай үш ай не бітіріп жатамыз. Әкемнің ақыл-есі дұрыс па екен, осы? Басыма келген сұңғыла ойдан тосылып қалдым. Әкемнің жындануы, ақылынан алжасуы неге мүмкін емес? Олай болса, біздің күніміз не болады? Ал ертең ауылға емес, мысалы, интернатқа өткізіп жіберсе ше? Оған кім тосқауыл бола алады? Мынандай ойдан өне бойым шымырлап, шошынып кеттім. Кенет ту сыртымнан:


— Зере, — деген таныс, қоңыр үн шықты. Әкем екен. Оның әдеттегі байсалды өңін, өңменіңнен өтердей болып тесірейетін көздерін көргеннен кейін жаңағы үрейім бір сәтте сейілді.


— Әке!


Жүгіріп барып, құшақтай алдым. Қымбат парфюмнің таныс иісі. Көзіме жас үйірілді. Дизайнері есіме түспей тұр, тілімнің ұшында тұрғанын қарашы. Живанши емес.


— Әке, бізді тастамашы, алып кетші өзіңмен. Мұнда қалғым келмейді.


— Зере!


— Әкетай, айтқаныңның бәрін істейін, 11-сыныпқа дейін төртсіз оқиын, тек тастамашы...


Әкем үнсіз тұрып қалды. Мен солқылымды баса алар емеспін. Ол менен бойын тартып, кішкене алыстап тұрды. Үнсіз. Бұндай жағдайда ұзақ жылау мүмкін емес. Көп ұзамай екпінім басылып, тек көзімнен аққан жасты сүртумен болдым.


— Қызым, өмір қарыздар мен парыздардан тұрады. Бұл менің де шешімім емес. Бастысы есіңде болсын, еш нәрседен қорықпа, не болса да, ешкім, еш нәрсе саған зияндық жасай алмайды, осыны есіңде мықтап сақта.


Түк түсінсем бұйырмасын. Қазақша бір адамдай білемін, осы әкемнің арқасында қазақтың әні мен күйін де, тілін де шексіз сүйетін деңгейге жеткенімді осы соңғы уақытта түйсіне бастаппын. Мына ауылдан да соншалықты шошынып, жатсынбай тұрғаным содан болар. Бірақ бұл сөзін түсінбедім. Бір нәрсе ғана анық, өлі болсақ, өлігіміз, тірі болсақ өзіміз — бұл жазда осы ауылда боламыз. Ал әкем... әкем ақылынан алжаса бастапты. Дүниені сұрғылт тұман басқандай, тіпті ауаның өзі демін ішіне тартып, оттегі үшті-күйлі жоғалғандай. Әйтеуір быт-шыт бір нәрсе болып кеттім. Әкем кешкі салқынмен жолға шығып кетті. Ал біз қалдық.





Пікір жазу