19.01.2022
  165


Автор: Айдар ТЕМІРБЕКҰЛЫ

Мектепке ең алғаш барған кезім

Ең алғаш мектепке барған күндерім күні кешегідей есімде қалған екен. Айдалада қойшының қараша үйінен, аул жанындағы аппақ мектепке бірден "топ" ете қалсаң қалай ұмытарсың.


Бәрі қызық көрінетін. "Мектеп деген апамның ақ жаулығындай аппақ болады екен -ау", деп ойладым. Алты жасқа дейін сол ақ жаулықтың айналасында жүрген соң, ойыма басқа теңеу түспеген болар. Мектеп, ауыл үйлері, талдарға шейін тым үлкен болып көрінетін. Таң қала қараушы едім. Мектеп түгілі, тау етегіндегі шағын ауылды бірінші мәрте көруім. Мен таңқалмаған бір ғана нәрсе -ауылдың шәуілдеген иттері болды. Әкемнің тайыншадай паң төбеттеріне көзім үйренгендіктенбе ауылдың майда-шүйде иттеріне өзімше менсінбей қарадым.


Мектепке бір кісі кіріп, бәрімізді жайғастырып отырғызды.


"Мен сендердің апайларың боламын" деді сосын. Түсі суықтау көрінді. Алдымда тұрған адамға, құрық көрмеген асау құлындай үрке қарадым. Ол, қасыма жаймен жақындап басымнан сипағанда барып аздап көңілім жайланғандай болды.


Енді, "кім қаншаға дейін санай алады, қандай тақпақ білесіңдер?" деп сұрағанда менің бар білетінім -жеті атаммен, кімнің баласы екендігім ғана болып шықты.


Бастауыш сыныпқа барғаным осылай басталды. Кейінірек орталыққа барып оқыдық. Біздің ауылмен арасы жеті шақырым. Жаяуда, атпенде, белесебетпенде қатынайтынбыз. Совхоздың берген көлігі тұрақты жүріп тұрса ауылға келгенше хормен өлең айтушы едік. Алыс демей, жаяу демей балалардың барлығы көңілді жүретін. Қызық еді сол күндер...


Ауылға барған сайын мектепке бір қарап қоямыз. "Ескі мектеп" дейді екен қазір.


--Мектеп бұрынғыдан кішіріейіп кеткенге ұқсайды -деймін досыма.


--Жоға, бұрынғыдайғой дейді ол жайбырақат.


--Мектепте директор кім, қазір?


--Ее, пәленше ағайғой...


--Бұрынғы еңбектен берген ағай директор болып кеткенбе?


--Трактордан берген -деп түзетіп қойды досым.


--Әй!, жарайды дедім сосын. Еңбектен берді не, трактордан берді не, ең бастысы жетістікке "өз еңбегімен" жетсе болды да. Ауыл болашағы қолында екенін сезініп, балаларға жауапкершілікпен қараса болғаны. Аман болсын!





Пікір жазу