Қызға қырық үйден тыйым. Қыз тәрбиесі
Құрылыста істеп жүрген кездерімде бір өзбек кісі болды. Біздің елдің өзбегі. Өзі бір әңгімешіл адам болатын. Қол боста қолқаласақ пәлсінбей әңгімесін бастап кететін.
--Біздің өзбектерде дейді ол, қазақтарға қарғанда қыздарға қаталдау қараймыз. Тіпті, аяғының аттап басуы аңдулы. Сондықтан қыздарымыз кәмелеттік жасқа толғансоң тұрмысқа кетуге өздеріақ асығады. Шамадан тыс қысымға шыдамай, "Осы үйден бір кетсем қайтып желкемнің шұқыры көрсін!" деп жылаған қыздарды талай көрдім. Кейін әлбетте солай боладыда. Олар болмашы нәрсеге ренжіп ата-анаға қайтып келмейді. Келсе бұл жақтағы күніне зар боларын жақсы түсінеді. Бұл біздің қатал тәрбиенің нәтижесі.
Тағы бір айырмашылық, бізде сулу қыздарымызды сыртқа жібермейміз. Тіпті өзіміздің өзбектегеде ұзатылмайды. Жақын әулетіміздің ішінен біреуіне атастырып соғанғана қосамыз. Ал, қарапайым қыздарымыз кейде өз дегеніне кетіп жатады. Олардыда мүмкін болса өз ұлтымызға ұзатуға тырысамыз.
--Сонда өз қарындастарыңды ала бересіңдерме?! - дейміз біз таң қалып. Өзбек шал мүдірмейді:
--Несі бар, егер жиен болса оның қаны басқа, алуға әбден болады. Ал, ағайын болса екі-үш атадан асса бола береді.
Өзбектің бұл салты өзімен кетсін. Бірақ салыстырмалы түрде алғанда біздің оң жақта отырған қазақ қыздары үлкен құрметке ие. Қазақ, "қызым қонағым" деп төрден орын береді. Аялап, әлпештеп өсіреді. Тау қозғалса қозғалмайтын қазақтың небір салмақты жігіттері қарындастың бір тал шашы түссе аттандап шыға келеді. Қазақ қыздары әкеденде, ағаданда мейрім көріп емін-еркін еркелеп өседі. Қазақтар еркелету арқылы болашақта барған жерін баурап алатын қылықты қыз тәрбиелеген.
Ал енді, қызды қысыммен өсіріп қайтып келмейтіндей еткен дұрыспа, жоқ еркелету арқылы еріне жаққан қылықты жар, аяулы ана еткен дұрыспа? Ара жігін ашып, айтарың болса қосып, "Қыз тәрбиесі былай" дегің келсе ерік өзіңде ағайын!