19.01.2022
  175


Автор: Назерке Серікқызы

Жаратылыс

Арпалысып жатқанда сынақ біткен,


Жағаласа беретін тұман бұлтпен.


Шын мәнінде мына мен бір бейбақтың,


Кірпігінің ұшынан құлап түскем.


 


Таусылғанда төзімің тайталастан,


Құшағын аспан саған айқара ашқан.


Мен сонда пәк анамның ақ шашынан,


Адамға айналам деп жанталасқам.


 


Жазғырмастан жасыңның жығылғанын,


Жүрегіме тағы үнсіз сыбырладың.


Мен сонда жәннаттың ақ гүлінің


Жұпарын жұтқан сәтте туылғанмын.


 


Білмейсің, небір күндер күтеді алдан,


Әйтеуір, сен бір жеміс пісе қалған.


Мен сонда жер бетіне періштенің


Мөп-мөлдір жасы болып түсе қалғам.


 


Құрғамаған сәттерде көзің жастан,


Қателігің бой бермей өзің басқан.


Мен сонда бір әдемі перизаттың


Күлкісінен күмп етіп көзімді ақшам.


 


Сені таптым, сезімнен сүрінбедім,


Сенің арқаң тірлікте түңілмеуім.


Мен сенің жүрегіңде өлім құшып


Жүрегіңде қайтадан тірілемін!





Пікір жазу