19.01.2022
  206


Автор: Назерке Серікқызы

* * *

Тілейік,
Астанаға жаңбыр жауса екен деп,
Көшер сонда топырақтар, көшер леп.
Ақ нөсердің астында біз айғайлап,
Ақша бұлттың бауырында ол мекендеп.

Ішейік,
Ақ жауынды құйып алып кесеге,
Ел-жұрт бізді «жынданғандар» десе де.
Сізге ұнайтын ақ көйлекпен шығайын
Мені үйден әкетесіз нешеде?

Күтейік,
Астанаға жаңбыр жауар, шыдаңыз,
Су мен күннен жаралғандай мына біз.
Сонда екеуміз құшақ жайып тұрайық
Ақ жаңбырмен жуылғанша күнәміз.

Жүрейік,
Денемізді сүйе берсін су мейлі,
Демімізден бақыт бүрі бүрлейді.
Жауын қашан басыларын білмейміз
Ол да қашан таусыларын білмейді.

Білейік,
Астанаға жауын жауар бір күні,
Көзде тұнып күннің күңгірт күркірі.
Тек ол күні мен қалада болмаймын
Сіз де мүмкін келе алмайсыз ол күні...





Пікір жазу