19.01.2022
  115


Автор: Назерке Серікқызы

Ақталу


Түтініне ұзақ қарап түнгі оттың,
Өзімді оған қарғаттым да, тілдеттім.
Нені білмеу керегімді білсем де
Нені білу керегімді білмеппін...

Талдар да үнсіз тербеледі күйді ұғып,
Жапырағын жадау желге сүйдіріп.
Мен отырмын ел отырмас шақта анық
Өз қолымды өз отыма күйдіріп.

Кейде жиі мазалайды таң шала,
Мендегі ұят, мендегі ойлар, ар, сана!
Білмей жасап қойған күнәм көп менің
Біле тұра жасағаным қаншама...

Жетпейтінін сезсем-дағы шамамның,
Мен сонда да жыламайтын боп алдым.
Бірақ бір күн талқандалсам тағдырға
Өзімді-өзім ұстап бере салармын.

Ақшам туар шашылғанда шамшырақ,
Әуре қылар түннің жайын таң сұрап.
Ал мен болсам, тағы ақталдым Тәңірге
Көздерімнен күнәларым тамшылап.





Пікір жазу