meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  19.01.2022
  136


ҚИЗАТ МҰБАРАК

* * *

Етегіне тас толтырып ойнап өскен алтыным,
Атар таңның сәулесінен ем қондырған жарқыным.
Әппақ гүлін құшағына сиғызбаған даланы,
Шерлендіріп кетті бірден құралайдың салқыны.
Тауларға да елбелеңдеп ұшқысы бар мамығым,
Елең қылмас мұз құлағы Тайыншакөлдің дабылын.
Құлағына кірмейді әттең ұлы Есілдің тұнығы,
Бақбақ гүлге кеткен ұшып Айыртаудың сабыры.
Шексіз жатқан далалардың дарқан белін талдыра,
Түн жетеді уайым құшқан ару қыздың алдына.
Ұлы таулар қадағанмен кірпігін,
Жүрегінде бір уыс сезім қалды ма?
Жайқын құмдар жаяр енді күңірентіп көйлегін,
Көкжал теңіз шашалсада айтты сансыз сөйлемін.
Бірде түздің құшағына тосын қалғи бастайды,
Қоғалардың сыңғырына сүңги жылжып кейде мұң.
Қамығыңқы түн әлдилеп мұңды қыздың денесін,
Шерлі күндер бесігінде тербетпекші келесі.
Қыз оянар нәлет айтып қара жүрек жандарға,
Жараланар қапияда қамсыз жүрек неге осы?
Елес ұрған шаршар көңілі мол жүріп,
Бір үмітке титтей ғана қауашағын сендіріп.
Ұйқысын да абайсызда жіберді ол,
Қаралтқымдау қанаттарға қондырып .
Қызғылт далап жағылмайды уілжіген ерінге,
Таң шулайды алакеуім қылаң сыңсып демінде.
Ғасыр бойы салған әндер ың-жыңсыздан дем алар,
Шолпан туып келе жатар Қызылжардың көгінде.
Ыңылдайды тым солғындау Ібір-Сібір қияғы,
Жәудір көлдер жас сырғытып есін әрең жияды.
Аялаңдар Қазақ қызын ерлерім –
Ұлы Ғұнның жеткен бүгін тұяғы!





Пікір жазу