Ит - қазақтың қазынасы
Қыз ұзату тойында қызды әкетер кездің алдында бір абыр-сабыр басталады дейсің. Жерге ақ мата - ақ жол төселе бастағанда дастарқандағы тәтті-дәмді де тап-тұйнақтай болып жиналады, әркімнің алдындағы жылтыр дорбаға салынып үстел үсті жылан жалағандай жалаңаштанып қалады. Қыз сыңсуын айтып есікке беттегенде орындарынан көтеріліп “ақ жолдың” екі жағында тұрғандардың біртіндеп қатары сирейді, қыз соңынан “ілесе” кетіп, артынша-ақ той демде тарқайды. Бұл тіпті қыз ұзату тойының дағдысына айналып, ережедей бекітілген. Мейрамхананың даяшылары ыдыстарын жинап, үстел-орындықтарын реттей бастайды. Былай қарасаң, бәрі дұрыс. Бірақ тумысынан ырымшыл қазақ қызбен бірге ЫРЫС кететінін неге қаперге алмайды? (Мұны маған апам құлағыма құйған). Осыны ұмытқан. Қызды құтты ұясына ұзатқан соң өз ырысын өзіне қалдырып, сәл бөгелсе, ары қарай перзентін өзге әулетке жіберіп көңілі қоңылтақсып қалған әке-шешемен, ең болмаса, жарты сағат дастарқан басында арқа-жарқа отырып бір шыны шайды бірге ішпес пе? Өрісі кеңейіп жатқан шаңырақтың ырысы өз әулетінде қалуы керек қой...
Ит - қазақтың қазынасы, шаңырағының құты мен күзетшісі еді. Өйткені итте қазақтың ырысы бар. Жер бетіндегі кез келген дақыл мен жемістің жабайы түрі болғанымен иттің ұртында қап, жерге ғарыштан келген бидайдың жабайы түрі жоқ. Кез келген тағамды екі күн жегенде шығасың, бірақ нанды күніне үш рет және күнде жалықпай жейтінің қалай естен шықты? Нан дегенің қазақ ерекше қастерлейтін иттің ұртында қап кеткен сол бір түйір бидай арқылы жетпеді ме бізге...
Бұл күнде қалалы жерде тоқмейілсіп тойынған қазақ асылтұқымды итті үйінің ішінде ұстайды. Бұл - қазақта болмаған әдет. Ал ауыл қазағының көбі иттен жеріген. Кезінде босағасына иті ұстап, есігіне қара құлып салмаған ауыл қазағының көбі бүгінде зәулім сарайын қабырғасы қалың дуалмен қоршай бастаған. Ауылда өскен-өспегенін білмеймін, бірақ әжесінің ертегісін тыңдамаған, атасының өнегесін бойына сіңірмеген, қазақ қоғамы ғысырлар бойы ұрпағын тәлімді етіп өсірген үш сиқырлы һәм тыйым сөзді - ұят болады, обал болады, жаман боладыны естімей өскен есерсоқтың қорлаған итін мұхит асырып америкалықтардың әкеткенін жарыса жазып, сүйіншілеп суретін жариялап жатқандарды көргенде жүрегімнің су-у-у ете қалғаны-ай! Ит қазақ берекесінің күзетшісі еді ғой, онсыз да руға, жерге, діни сенімге бөлініп іріп бара жатқан, қадірі қашқан ынтымағымның берекесі кетсе, не болмақ? Жақсы көрген адамына астындағы жалғыз атын сыйлап жаяу қалатын мәрт қазақ ешқашан ер-тоқымын біреуге бермеуші еді. “Берекемнің күзетшісі”, - деп жеті қазынасының біріне балаған кешегі қазақтың бүгінгі ұрпағы иттен ажырады, итін әкеткенге намыстанбады да. Тайқазанның өзі келгенмен қақпағы қалып, ырысы шашылып жүрген қазағым-ау, жатқа құндақтағы шақалағың кеткенде селт етпедің, итіңді керек қылмадың, енді нем қалды? Немді берем...
О, құдайым, бір есерсоқтың бетіме таңба қып салған қылығын кешіре гөр! Итімді әкетсең де, ұлтымды берекесіз ете көрме! Татулығымды ту-талақай ете көрмеші!
Айгүл Болатханқызы