17.01.2022
  128


Тілек Ырысбек: «Абай жолы» – пропагандалық шығарма»

Қазіргі таңда қазақ әдебиетінде либералды көзқарастағы жастар буыны пайда болды. Олар жаңаша ойларымен, тосын пікірлерімен, күтпеген мәлімдемелерімен көпшілікті тосырқатуда. Әдебиеттанушы, аудармашы, ақын һәм дизайнер Тілек Ырысбекті осындай жастар қатарына қосуға болады. Ол Хулио Кортасар, Сэмюэль Беккет, Томас Элиот секілді т.б батыс авторларының шығармаларын аударып, қазақ оқырмандарының әлем әдебиетімен сусындауына өз үлесін қосып жүрген жайы бар. Біздің Тілекпен әңгімеміз қазақ әдебиетінің қазіргі жай-күйі хақында өрбіді. 


 


– Социалистік Совет Одағының тұсындағы әдебиеттің негізгі миссияларының бірі – пропаганда болды. Яғни, Одақта атқарылып жатқан жұмыстар көркем әдебиет арқылы халыққа жарнамаланды, насихатталды. Ал, қазіргі капитализмде әдебиеттің миссиясы не? 


– Бұған дейін ақын-жазушылар Жазушылар Одағының мүшесі болуы керек, өзге қаламгерлермен бірге ішу керек, ақын болған адам міндетті түрде сауық-сайран құру керек деген мифтік қағидалармен өмір сүрді. Бұл қазіргі уақытқа сай емес. Ескірген. 


Әдебиет пен өнер – әлеуметтік қоғамда болып жатқан проблемаларды оқып біліп, түсіну үшін керек. Адам екенімізді сезіну үшін керек. «Кітап өртелген жерде ертең адам да өртеледі» деген сөз бар.


Кітапты қандай қоғам оқымайды? Тозған қоғам оқымайды. Кедейге кітап оқығаннан гөрі тамақ тапқан әлдеқайда маңызды. Надандық, әсіредіншілдік, фанатизм дегендер кітап оқымайтын кедей қоғамнан шығады. Ал кітап оқитын саналы қоғам мұндайға жол бермейді. Сондықтан да бізде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру керек.   


«Неге қазақ әдебиеті халықаралық аренаға шыға алмайды» деп жиі айтып жатамыз. Біздің әдебиетті аренаға шығаратындар – догмалық көзқарастағы қаламгерлер емес, ешқандай идеологияға мойынсұнбайтын тәуелсіз индивидтер. Әдебиет даму үшін – әдеби орта керек емес.  


– Дегенмен, кей ақын-жазушылардан сұхбат алсаңыз, олар «әдеби ортадан алыс жүргендіктен шығармашылығымда тоқырау болып жатыр» деп айтады. 


– Ешқашан әдебиетті топ жасамайды. Әдебиетті жеке тұлға жасайды. Әлемдік әдебиеттегі Габриэль Маркес, Эрнест Хэмингуэй болсын, олар жеке ізденістің нәтижесінде жетістікке жетті. Оларға әдеби орта ештеңе жазып бермейді. Мысалы, Харуки Мураками мен Казуо Ишигуро, сонымен қатар Нил Гейман, Стивен Кинг секілді осы заман жазушылары бірігіп алып дастарханда өсек айтып арақ ішпейді ғой. Мураками өз алдына жеке тұлға, Орхан Памук та өз алдына бөлек. 


Біздің еліміздегі әдеби орталардың басым көпшілігі – алкогольді өнімдерге жақын. Халық оларға сенбейді. Қадір-қасиеттері төмендеген. Себебі, идеологиялық пропагандалардың шырмауына әбден қамалған. Мүшәйра, конкурстарсыз жанын баға алмайтын, әдебиеттің тонын киіп журналистикада жүргендер өте көп. Бұл қазақ жазушыларының белгілі бір деңгейде материалдық мұқтаждыққа ұшырауына алып келеді. Ал, материалдық мұқтаждықты шешіп беретін - әдеби орта емес, оқырман. Әлемдік тәжірибелерге сүйенетін болсақ, нарықтық қоғамның негізгі шарттарының бірі – жазушылардың нарықпен өз алдына дербес жұмыс істеуі.  Енді жазушылар одақтан емес, нарықтан шығады.


– Қазіргі мектеп оқушыларына арналған әдебиет оқулықтарынан қандай шығармаларды алып тастап, оның босап қалған орнын қалай толтыруға болады?


– Егер менің таңдау мүмкіндігім болса, онда қазақ әдебиеті оқулығында қазір оқытылып жүрген 50-70 пайыз шығармаларды алып тастар едім. Кезінде Совет қоғамының пропагандасы үшін жұмыс істеген авторлардың шығармаларының басым көпшілігі мектеп оқулықтарынан алынып тасталуы керек. Тіпті Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясының оқушыларға көп насихатталғанын қолдамаймын. Өйткені мұнда Мұхтар Әуезовтың пропагандаға жыға екпін бергені рас. Сол үшін де ол Совет Одағының ең беделді сыйлығы – Ленин атындағы сыйлықты алды. Барынша дәріптелді. «Абай жолының» негізгі идеясы – «бай жаман, кедей жақсы». Және «орыстан үлгі алыңдар» деген мазмұнда. Бұл – пропаганда. Бірақ,  «Қаралы сұлу»,  «Көксерек», «Қараш-қараш оқиғасы»,«Кінәмшіл бойжеткен» сынды көптеген жауһар туындыларды жазған Әуезовтың жазушылығын жоққа шығаруға болмайды.  


Ал Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді» деген шығармалары – протестік дүниелер. Неге? Мұнда – Қожа, Сұлтан деген кейіпкерлер бар. Мұнда ол – қазақ даласының қожасы! Қазақ елінің сұлтаны! Қожа да, Сұлтан да шығармада сотқар болып суреттеледі. Шынында олар сотқар емес, Советтің орнатқан жүйесіне бағынбайтынын ашық білдірген мінезді кейіпкерлер. Осы кейіпкерлер арқылы автор қазақ халқының өзіне би, өзіне қожа болып, өзгенің айдауында жүрмеу керектігін айтады. Осы туындыларды жарыққа шығарған Бердібек Соқпақбаевтың билік тарапынан өзінің лайықты бағасын алмай, жұмбақ жағдайды ажал құшуы көп жайтты аңғартады.  


Сонымен қатар, Ақан Сері, Біржан салдардың да протестік шығармалары бар. Егер біз балаларымыздың жүйеге тәуелсіз еркін ойлы, тар шеңберден тыс ойлана алатынын қаласақ, протестік шығармаларды ұсына алуымыз тиіс. 


Біз не себепті Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебін» оқуымыз керек? Автор ол жерде ел тәуелсіздігі үшін күрескен Алаш қайраткерлерін мазақтап, оларды қаралайды. Меніңше мұндай шығармаларды балаларға оқытпаған абзал. Бір қызығы, «Өмір мектебімен» қатар Алаш қайраткерлерінің шығармалары да қазақ әдебиеті оқулығында қатар оқытылды. Былай қарасаңыз, бұл парадокс. 


Және біздің оқулықтарда балалардың жасына сәйкес келмейтін шығармалар бар. Мысалы Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романын алайық. Бұл жерде де Советтік идеологияның сойылын соғады. Және ең бастысы – мұнда соғысты романтика етіп көрсетеді. Шындығында соғыс деген ешқандай романтика емес, трагедия. Соғыс деген – Советтің жеңісі емес, адамзаттың ортақ жеңілісі. Адамзаттың қасіреті. Эрнест Хэмингуейдің «Қош бол майданын» оқысаңыз тұла бойыңыз тітіркенеді.  Соғыста снаряд жарықшағынан аяқ-қолы жұлынып, гранатадан ішек-қарны ақтарылып өлген серіктері түсіне кіріп, түні бойы маза бермейді. Соғыс жазушының жанына мәңгі өшпес жара салған. Сол себепті де оларды «жоғалған ұрпақ» дейді. Ал бізде кейбір соғыс туралы шығармаларда жауды тықсырып қуып, жеңісті тойлап, шат-шадыман болып жүреді. Қысқаша айтқанда,  қазақ әдебиетіне реформа қажет. 


Бізде мектепте орыс тілімен қатар орыс әдебиеті оқытылады. Мен бұған қарсымын! Меніңше орыс әдебиетінің орнына әлем әдебиеті оқытылуы тиіс. Мектеп оқушылары Чарльз Диккенс, Марк Твен сияқты классик жазушылардың жасөспірімдерге арналған шығармаларымен сусындауы керек.  Әлем әдебиетінің идеологиядан таза, жеке адамның рухани кемелденуін қозғайтын негізгі нәрін алып, қазақ балаларының бойына сіңіруіміз қажет. Осы арқылы олардың таным көкжеиектері кеңейеді. 


Оқушылар кітап оқымайды деп ренжіп жататынымыз рас. Олар оқиды. Антуана де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада» деген шығармасы қандай тамаша! Мұнда балалық шақтың қастерлі екенін өте әсерлі суреттейді. Осындай шығармаларды біздің балаларымыз міндетті түрде оқу керек. Себебі олар қазір тез есеюге асығады. 


– Қазіргі таңда ақын-жазушылар арасында атақ-даңққа ұмтылушылар көп. Олар шығармашылықтың шыңын – алған сыйлықпен өлшейді. Мысалы, Мемлекеттік сыйлық, Дарын, Серпер, Тарлан сынды. Бұл тенденция туралы ойыңыз қандай?


– Бұл қазіргі қазақ қаламгерлерінің трагедиясы мен бейшаралығы деп білемін. Біздің қаламгерлер неге мемлекеттік сыйлыққа өлермендікпен жанталасады? Бұл - әлемдік кеңістікке шыға алмайтынын, бойындағы бар потенциалы тек мемлекеттік сыйлықты тамыр-таныс арқылы алуға ғана жететінін түсінгендіктен. Мемлекеттік сыйлықты алатындардың көбі – билікке жағымды образы бар, соның сөзін сөйлеп, сойылын соғатындар. Бұл өнер емес. Өнер – партия мен биліктің шекпенінде емес, еркіндікте болуы тиіс. Өнерде екі түрлі адам болады. Оның бірі - өнерге иелік еткісі келетіндер, екіншісі - өнер оларды иелік ететіндер. Өнерге иелік еткісі келетін адам – мансапқа да, атақ-даңқ, ақшаға да иелік еткісі келеді. Бұндай адамдар шын өнер жасай алмайды. Ал өнер иелік ететіндер – Махамбет сынды құрбандық бере алатын тұлғалар. Олар мемлекет саясаты үшін тапсырыспен жұмыс істемейді. Мемлекеттік сыйлықтарға мұқтаж емес. Міне тарихта қалатын осындай азаматтар. Олардың өнері мәңгілік.  


– Еліміздегі әдебиет пен кино саласын бірге алып қарасақ, кино саласы әдебиеттен әлдеқайда алда кетті. Оған дәлел, көптеген фильмдер түрлі халықаралық байқауларда топ жарып жатыр. Неге әдебиет кино саласы секілді қарыштап дамымай кенжелеп қалды?


– Бізде әдебиет халықаралық аренаға шыға алмай жатқаны, Нобель сыйлығына қол жеткізе алмай жатқаны – протест жасай алмайтынында шығар. Нобельді орыста Бунин, Пастернак, Бродский сынды көптеген ақын-жазушылар алды. Осы кісілердің шығармашылығына үңілсеңіз, ешқайсысы Орыс империясының мүддесін көздеп жазбаған. Олар еркіндік жолында өнер үшін өмірлерін құрбан еткен. Латын Америкасының әдебиетін алып қарасақ, Габриэль Гарсиа , Патрик Модиано сынды жазушылар протест жасаған. Адамзаттық ой айта алған. 


Әдебиетті сыйлықшыл, мүшәйрашыл, науқаншыл қаламгерлер емес, қаржылық тәуелсіз, дербес ой айта алатын еркін шығармашылық иелері дамытады. Жазушы билікпен емес, халықпен бірге болмайынша әдебиет ешқашан дамымайды. Билікті бір адам басқарады. Ал халық қаласа билікті басқара алады. Жазушы осыны түсіну керек. 


Нобельге келсек, жазушы Нобель аламын деген оймен жазса, ол ешқашан бұған қол жеткізбейді. Бұл жай марапатсүйгіштік.


Сұхбаттасқан Абылай Есімбай





Пікір жазу