14.01.2022
139
Жарық нұр қадалып көзіңнен
Жарық нұр қадалып көзіңнен,
Деуге әлім келмеді сүймеспін.
Өлеңмен ауырған кезімнен
Ауырлау...
Азапты күй кештім.
Ал содан тау асып, тас басып,
Өлікке айналдым өлмейтін.
Мықтыға өзгердім,
Мас ғашық,
Мәжнүндер шеніме келмейтін.
Мағжанша өтінем, сүй, жаным,
Әңгіме айту да аз қиын.
Ең қымбат бейнеңе сыйладым,
Ең қымбат жанымның наз күйін.
Кеудеге тірейтін кездігін,
Қайтесің Кенжекей амалын?!
Шайырлық қалпымды сез, күнім,
Ақ жаңбыр жаулаған жанарын.
Ерназар
тірлік-ай
Төстіктің,
Егеуін қалдырған мыстанға.
Ертектен қиындау кештік мұң,
Қызығып қарайтын құстарға.
Басқа өлең жаңғырып санамда,
Жолдардан қажыдым көп қиын.
Шалқұйрық мінбеген адамға,
Егеудің керегі көк тиын...