14.01.2022
  153


Автор: Ерлан Аманқожаұлы

Сенім

Қылығыңды қиялдап әуре, қызық,
Көз алдымда тұрады сәуле жүзіп...
Жалғанға өгей,
Жаныма жалғыз баян,
Маған сенсіз бақыттың дәурені үзік.
Айналған өзі мұңға,
Үні құсқа,
Жымиғаны жырлауға ұлы нұсқа.
Құдіретіңді дариға-ай жазар едім,
Ғұмырымды қайтемін жібі қысқа?
Жақұт шашқан күлкісі тіптен қырмыз,
Сенсің, білем, бар шайыр күткен бір қыз.
Сұлулыққа жанарын суарғалы,
Саған көзін қадайды біткен жұлдыз.
Сезімі бал әсем ән айдан туып,
Бәрі-бәрі құшағын жайған тұнық.
Сені қалқам қызғанып бұлт жылайды,
Өзіне-өзі аяусыз айбалта ұрып.
Шаттығым деп білетін азабыңды,
Бірақ, мендей сала алмақ назарын кім?!
Жеткізе алмай жан сырын гүлім саған,
Бәрі менің оқиды ғазалымды!





Пікір жазу