14.01.2022
149
Сүйгендерге сезім биік төзімнен
Сүйгендерге сезім биік төзімнен,
Бәрін қиған ғашықтарда айып не?!
Қылықтым-ау,
Нұр боп кіріп көзімнен,
Көкірегімде айналасың бәйітке.
Сұлулық деп жанарына жас бұққан,
Ақымақтау мен кім едім?!
О, тәубә!.
Ішем сосын жығылғанша мастықтан,
Қылығыңды құйып алып бокалға.
Дидарыңды жанарыммен ішіп-жеп,
Ғұмыр сүрем,
Басқасында ісім не?!
Жырлап жатам сымбатыңды мүсіндеп,
Тост айтып Хафизбенен түсімде.
Жалқы жүрек қызыл қанға боянып,
Түнде өртенем құштарлықтың отынан.
Ал, таңертең өзіңді ойлап оянып,
Оңашада өлең құсып отырам!