14.01.2022
  165


Автор: Ерлан Аманқожаұлы

Көбелек көзіндегі жыр

Сонау балғын ғұмырымның үнін сүт,
Жапырақтың жүрегіне тоқимын.
Бәрі-бәрін...
Әжем, ертек, ірімшік...
Уақыттың жанарынан оқимын.
Жаз, көбелек...
Гүлдерде әсем түр-түрлі,
Жайлау үсті тым думанды күйге еніп.
Ұшушы еді сенің сәби күлкіңді,
Қанатына қондырып ап инелік.
Қонақ едік ара жиған шырынға,
(Сезеді онда тіршіліктің сыйын кім?!)
Мен әуес ем қарағайға шығуға,
Сен құмар ең қылығына тиіннің.
Төр жайлауым – ата жұртым ең текті,
Әңгімелер әдемі ғой ондағы.
Сен қайталап әжең айтқан ертекті,
Мен мақтаушы ем атам мінген жорғаны.
Бұзау қарап бетке шығып күнде кеш,
Балалардан кетуші едік айырым.
Екеумізде қызыл-жасыл гүлді емес,
Ұнатушы ек қарағайдың шайырын.
Талғамымды талқыға сап бөлек бір,
Бала сезім...
Санамда жүр сол өлең.
Іңгәлайды кеудемде әлі бөбек мұң,
Көбелектің жанарына бөлеген.





Пікір жазу