14.01.2022
  185


Автор: АЛТЫНБЕК МЕРСАДЫҚОВ

Түс көру

Бүгін менің түсіме Жайығым енді,
Жайықта жүзген желкенді қайығым енді...
Бозбала шақтың бұлыңғыр елесі сынды –
Санада қалған самырқау сөздерді аңсадым,
Жағада қалған аңғалдау кездерді аңсадым...
Айыбым ба еді?..
Қираған үйлер, тар жолдар түсіме енді,
Түсіме енген бейнелер кішіре берді...
Баянсыз бақтың жылт еткен жебесі сынды –
Орманды кезіп, адаспай жолсыз жүргенім,
Қарақат терген қайғысыз, қамсыз күндерім,
Бақытты сәтті есіме түсіре берді.
Үйіме ескі қоршаулы жиі түнедім,
«Көршіме кейде қисынсыз кейитін едім...».
Қасіретімнің шынайы үлгісі сынды –
Ауылдан ұзап, дөң жаққа қарағанымда.
Білмеймін, жаным жазықсыз жараланды ма?..
Әкем мен атам жерлеулі бейітін көрдім.
Қиялға шомып, қызықтап жүр едім маңды,
Көтеріп жердің жусанын білегім талды.
Сағынышымның сап-сары белгісі сынды –
Басыма қайғы байқатпай таңылғанында.
Сары уайым меңдеп, ауылды сағынғанымда,
Шұрқырап түзде жылқыдай жүрегім қалды.
Шұрқырап түзде жылқыдай жүрегім қалды...





Пікір жазу