Рух сөзі
Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,
Арам, айла, зорлықсыз мал табалық.
Ш. Құдайбердіұлы
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты,
Мен жастарға сенемін!..
М. Жұмабаев
Мейірім аңсаған Ғасырға жұтылып,
Ғарышқа қол созып, Ай болып тұтылып...
Көмейден көмескі әуездер әуелеп,
Бодандық дертінен мәңгілік құтылып,
Мен келдім!
Өзекті өртеген дертімді у қылып,
Арымда азаттық айбары булығып.
Сағыныш иісіне сусаған Қазақ пен,
«Алаштың» арманын аспанда ту қылып,
Мен келдім!
Жерұйық – өлкемді мекендеп сан алып,
Көк Түрік көксеген тұғырдан таралып.
Қандықол тарихтың күнәсіз куәсі –
Бабамның қаны мен анамның жасынан жаралып,
Мен келдім!
Найзаның ұшында намысым оянып,
Тәңірдің тым қатал сынына таянып.
Нәп-нәзік сезімдер табанда тапталып,
Мөп-мөлдір үмітім қызылға боялып,..
Мен келдім!
76 77
Кірпіктің ұшында кіршіксіз жас қалып,
Жұпарлы жусанды жаныма жастанып.
Еркіндік аңсаған кеудемді ән кернеп,
Арқаның төсінде Астана басқарып,
Мен келдім!
Боз жусан ғұмырым домбыра шегінде кемерлеп,
«Елім», деп еңіреп, жеріме елеңдеп.
Тәуелсіз ойларым төбемде құт болып,
Жұмақтың төрінен естілген өлең боп,
Мен келдім!
Тым қысқа ғұмырда адал жол іздедік,
Келешек күндерден еш үміт үзбедік.
Жас болып мен келдім, менімен барша жас...
Сананың ішінде «Еркіндік» бозарып,
Нар баба Мағжанның рухынан сөз алып,
Біз келдік! ...Біз келдік!