14.01.2022
  144


Автор: ДУЛАТБЕК КЕНЖЕБЕК

* * *

Дүрбелең күнде дүрбелең
Жайланбас көңіл жайғана,
Дүрбелең күнде дүрбелең.
Не боп барады, айналам?
Жоқ едім бұрын үндеген.
Наразы ойлар ақ көбік,
Ағылта жазған дәптерге.
Айтайын, дейін дәттеніп,
Айталмай басам, әттеңге.
Күмәнім қоса кешкірген,
Түйнектей беред(і) түрлі мұң.
Жан таба алмадым ес кірген,
Дертімнің аштым түңлігін.
Дамуым қайда қарыштап?
Алабырттанған аспан ой.
Өзімді аламын жаныштап,
Өлеңнің жөні басқа ғой.
Табармын бәлкім мән үлгі,
Таудың таң қылып ұларын,
Таңдандырайын бәріңді,
Басылмай тұр ғой құмарым.
Құлшылық қылып құр денем,
Бойымды билеп бір үміт.
Жетер мәреге үлгерем,
Қалмасам қалқам сүрініп.
Пікірлес болмай пірменен,
Дүрбелең күнің дүрбелең.





Пікір жазу