14.01.2022
  268


Автор: ДУЛАТБЕК КЕНЖЕБЕК

* * *

Сақпенен, Ғұннан сақталған,
Тектілік тұңған тақтардан.
Ұлында ізет арманы,
Қызында ұят тәтті арман.
Шындықпен шаттық іздеймін,
Ұлт болған Қазақ шақтардан.
Алладан ғана сескенген,
Ерлікт елдің ескерген.
Күндізі көкпар дүбірлі,
Алтыбақаны кештерден.
Ұлт болу ұлы арманы,
Бұл Қазақ кімге дес берген!
 Жәнібек пен Керей жаңғырып,
Көрсеткен арай таң қылық.
Хан сайлап, Алаш көтерген,
Елім-ай, деумен ән қылып.
Жұртымның мәні сақталған,
Ұлтымның бағы мәңгілік!
Бес ғасыр бойы барыстай,
Бес елі бақтан қалыспай.
Түркінің тарлан ұрпағы,
Құлашы кең боп ғарыштай.
Құдайдың берген қуаты,
Қазақтан тұрған бақ ұшпай.
Қасым ханында қайсарлық,
Есімінде бар байсалдық,
Әз Тәуке нық қып жарлығын,
Жасаған әр кез жайсаңдық.
Жоңғардың жонын тік тіліп,
Көп ұлтқа қорқар ой салдық.
Жұт келіп жұрттан бақ ұшқан,
Тізгінге қолы қарысқан,
Арғымақ мініп айбатпен,
Дұшпанын жеңген данышпан,
Қазақтай қайсар, қайырлы ел,
Қазақтың бәрі арыстан!
Қажырлы болған хандары,
Қажымас болған арманы.
Кең байтақ тұран даламыз,
Барша жұртымның бар бағы.
Шапақпен шаттық сыйлаған,
Тәуелсіздіктің таңдары.
Тәуелсіздікпен басталған,
Асудан өткен, асқардан.
Тізгінді нық қып жас буын,
Риясыз көңіл расталған.
Тағы бір тарих, ұлы жол,
Басталды жайсаң Жастардан.





Пікір жазу