Сәбит Мұқанов (1900–1973) таяғын тықылдатып, бірде Жазушылар одағына қарай аяңдап келе жатса керек. Көше бұрышындағы үйді айнала берген кезде қарсы алдынан шашы желкілдеген, өзі желпілдеген бір жас жігіт ұшыраса кетіпті:
- Ассалаумағалейкум, Сәбе! – деп жігіт жазушыға қос қолын ала ұмтылады.
Сайтандай сап ете қалған жігіттің дауыстай берген сәлемінен Сәбең селк етіп, сасып қалады.
- Уәликүмсәләм! – деп, кідіріп барып сәлемін алады.
“Бұл жігіт кім болды екен, аңқылдап тұрған баланы танымағаным ұят болды-ау”, – деп іштей қысылыңқырап та қалады. “Е, дәу де болса ауылдан келген ағайындас біреу шығар”, – деп жорамалдайды да:
- Иә, қашан келдің, ел-жұрт аман-сау ма? – деп сұрайды.
- Сәбе, нені сұрап тұрсыз? Мен осы Алматыда тұрам ғой... – дейді жігіт.
- Жо-жоқ, мына жерге қашан келдің деп сұрап тұрмын? – дейді Сәбең аяқ астындағы асфальтті тықылдатып.
- Келе жатқан бетім осы еді, Сәбе.
“Қап, бәлем, бұл басқа жігіт болды ғой”, – деп Сәбең іштей тағы қылп ете қалады. “Ұялған тек тұрмастың” қамын жасап:
- Қалай, үйдегі келін аман-сау ма? – дейді.
- Сәбе, мен әлі бойдақпын, – дейді жігіт те лыпылдап.
- Жо-жоқ, сенің шешеңді айтам... Ол маған келін болмағанда кім болушы еді?! Соны сұрап тұрмын, – дейді Сәбең қолма-қол сөз тауып.
- Е... ол кісі аман-сау, шапқылап жүріп жатыр...
- Шапқылап жүріп жатса, сол келінге сәлем айт! – деп Сәбең жылжып жүріп кетіпті.