13.01.2022
  255


Автор: Әлібек Асқаров


Жазушы Мұхтар Мағауин оқырмандарға о баста аса талантты ғалым ретінде танылғаны белгілі. Мұхаңды қаламдас аға-достары кейде “Қазақтың жазба әдебиеті тарихын бес ғасырға жылжытқан ғұлама” деп те атайды екен. Қазақ әдебиетінің бастаубұлағын Мұхаң қалайша сонау XV ғасырға апарып жүр? Бұл жөнінде ел арасында да әртүрлі алып-қашпа әңгімелер бар. Әрине, ондай әңгімелердің қоспасы да көбірек, бояуы да қалыңырақ болуы мүмкін. Ал біздің айтып отырғанымыз – Мұхаңның өз аузынан орайы келгенде суыртпақтап жазып алған дүниелер еді.


 


1966 жылы “Мектеп” баспасында “Ертедегі әдебиет нұсқалары” атты хрестоматияның қолжазбасы талқыланады. Кітапты құрастырғандар Мырзатай Жолдасбеков, Ханғали Сүйіншәлиев, Мұхтар Мағауин екен. Ол Мұхтар Мағауиннің кандидаттық диссертациясын дайындап, түрлі кедергілерге кезігіп, жұмысын өткізе алмай жүрген кезі болса керек. Соны білетін қолжазбаның редакторы Бақытжан Хасанов редакциялық кеңес басталмай тұрып Мұхтарға:


 


- Қажекең ренжіңкіреп, ашуланып отыр. Ол кісі сөйлейтін болса, сен үндемей-ақ қой. Ертең қорғап жатсаң кедергі боп жүрер, – дейді сыбырлап. “Қажекең” дегені – Қажым Жұмалиев (1907–1969) академияның корреспондент-мүшесі, профессор, атағы жер жарған ғалым, әйгілі әдебиет зерттеушісі.



 



- Жарайды, арыстанмен айқасып не көрінді маған, – дейді де, Мұхаң бір бұрышқа барып үнсіз отырады.


 


Қолжазбаны талқылау басталып кетеді. Біреу мақтайды, біреу даттайды дегендей, әртүрлі пікір, ойлар, ұсыныстар айтылып, кеңес мүшелері ортақ бір шешімге келе алмайды. Осы кезде Қажекең дауыс көтеріп:


 


- Оның несіне дауласасыңдар... Шалкиіз деген жоқ, Доспамбет деген жоқ, Қазтуған деген жоқ... Бәрі де ойдан шығарылған аттар, – дейді.


 


Жиналған жұрт сілтідей тына қалады.


 


- Мына кітапқа Шалкиіздікі деп тықпалаған дүниенің бәрі де – Махамбеттің өлеңдері, – дейді Қажекең сөзін жалғап.


 


“Арыстанмен айқаспаймын, тыныш отырам” деп уәде берген Мұхтар Мағауин дәл осы тұста орнынан атып тұрады:


 


- Ойдан шығарылған жоқ, Қажеке! – дейді лықсыған сезімін барынша тежеп.


 


Қажекең жас жігітке бұрылып, бір қарайды да:


 


- Қарағым, бұл өлеңдер Махамбеттің 1925 жылы шыққан жинағында басылған, сіз соны білесіз бе? – дейді.


 


- Білемін, – дейді Мұхаң да табандап, – бірақ бұл өлеңдер сіз айтып отырған кезден тура 50 жыл бұрын, 1875 жылы Шалкиіздің өлеңдері деп Орынборда басылып шыққан.



 



- Сен, бала, қой! – деп Қажекең айқай сала- ды. – Сен айтқаннан 50 жыл бұрын Махамбет бұл өлеңдерді өз аузынан шығарған!


 


Ұрыста тұрыс болсын ба, енді жас Мұхтар да дауысын көтеріп, қаттырақ кетеді:


 


- Қажеке, сіз айтып отырған уақыттан тура 500 жыл бұрын қазақ бұл өлеңдерді Шалкиіздікі деп айтып жүрген болатын!


 


Қажекең мүдіреді.


 


- Ендеше, мен бұл мәселені басқаша қоям! – дейді күбірлеп.


 


Сонда Мұхтар:


 


- Мен жақында қорғаушы едім, әңгімені сол жерде жалғастырайық! – дейді екпінін баса алмай.


 


Мұхтар Мағауин диссертациясын қорғайды. Шақырылған Қажым Жұмалиев ғылыми кеңеске келмейді. Арада тағы да біраз уақыт өтеді.


 


Бірде екеуі Жазушылар одағының кезекті бір Пленумының мәжілісінде кездесіп қалады.


 


- Өжет жігіт екенсің, диссертацияны сәтті қорғады деп естідім, құтты болсын! – дейді Қажекең Мұхаңның қолын қысып.


 


- Рақмет! Сізді де алпысқа толған мүшел тойыңызбен құттықтаймын! – дейді аға сыйлай білетін Мұхаң да ізетпен.


 


- Әрине, сен кандидаттық атаққа әбден лайық жігітсің. Бірақ ұстанған концепцияң қате... Шалкиіз бәрібір әдебиет тарихына енбейді! – дейді Қажекең.


 


Сонда Мұхтар:



 



- Қажеке, – депті саусақтарын бірінен соң бірін санай бүгіп, – менің жасым қазір жиырма жетіде. Сіз жасыңыз келген ақсақалсыз. Сондықтан таяудағы 50 жылдың ішінде Шалкиіз әдебиет тарихына енеді деп алдыңызда уәде бере аламын! – деген екен.






Пікір жазу