Есімдері қалың оқырманға кеңінен таныс қазақ қаламгерлері Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақ, Рамазан Тоқтаров, Әкім Тарази бірінің сырын бірі бозбала күндерінен жақсы білетін жан достар екен. Бірде төртеуі бас қосып, әңгіме шертіп, сыр тарқатып дегендей, бір үйде ұзақ отырып қалысады. Түннің бір уағы болып, үйге қайтар мезгілде:
- Осы әйелдерімізді бір сынап көрейікші, күйеулерінің қайда жүргені туралы кім қалай жауап берер екен, – деп келіседі.
Алдымен Қалихан Сайынның үйіне телефон шалып:
- Әлгі біздің қандыбалақ досымыз үйде ме? – деп білмегенсіп Сайынды сұрайды. Сәкеңнің бәйбішесі Мәрия жеңгей:
- Үйде қазір жоқ... Ол досың үйге қашан келерін бізге айтушы ма еді! – деп жауап береді.
Ендігі кезекте Сайын Әкімнің үйіне телефон шалады. Ол үйдегі Әлима жеңгеміз:
- Қайдан білейін қайда жүргенін... Рамазанмен ішіп жүрген шығар бір жерде, – деп жауап береді.
Енді Әкім Рамазандыкіне звондайды. Ол үйдегі Күлмәшкен жеңгеміз:
- Әй, Әкім, Рамазанның қайда жүргенін досы сен білмей тұрғанда, үйдегі мен қайдан білейін, – деп жауап береді.
Сосын Рамазан Қалиханның үйіне телефон шалады. Сонда ол үйдегі Дәмеш жеңгеміз:
- Қалихан бағана, сағат тоғызда келген. Шаршап ұйықтап жатыр. Сен, Рамазан, бүгін оның мазасын алма! – деп жауап беріп, телефонның құлағын іле салыпты.
Сөйтіп “әйел жарыста” Қалекең ұтып, достарының алдында мәртебесі бір көтеріліп қалыпты.