Күн қайда қонақтайды?
Жазғы таң ерте атса да күн әлі көтерілген жоқ. Аспан ашық. Айнала тым-тырыс. Әлемге нұрын шашар Күн сұлуды асыға, салтанатпен күтіп тұр. Көп ұзамай рахман нұрын төгіп Күн шыға бастады.
— Алақай, Күн шығып келеді, Күн! — деді бар дүние шаттанып. Күнді мақтап бұлбұлдар сайрады, бозторғайлар шырылдады. «Алтын Күн-ай, қуатыңмен бусандырдың-ау!» — деп жұмыр жер жатыр. Шөп басына тізілген мөлдір шық майдай еріп, буға айналып барады. Жер үсті мұнартып тұр.
«Біз Күннің сырын білгіміз келеді. Керек десең, қалай шығып, қай тұсқа барып бататынына дейін бақылайық» десіп, егіз бұлт Күннің соңынан ілесе жылжыды. Сөйтіп Күнге еріп, ұзақ сапар шекті. Биік таулар мен жазық дала, шалқар көл мен мұхиттардың үстімен жылжыды. Кенет өздері буға айналған егіс даласының тұсынан өтіп бара жатып:
— Алақай, туған жердің үстінен өтіп барамыз.
— Бекер болар.
— Қарашы өзің, кеше бұлтқа айналған жеріміз.
— Күн біраздан кейін батады, — деді біреуі.
Сөйтіп әңгіме-дүкен құрып келе жатқанда өздері сияқты ұсақ бұлттар жиналып келіп, қалың бұлтқа айналып, бір-біріне соқтығысып, нажағай ойнады, жел тұрып, жаңбыр нөсерлетті. Егінді дала рахаттана тыныстап жатыр.
Бұл кезде Күн көзі сонау батысқа қарай жылжып бара жатқан.
— Бірден құтылып кете алмайсың, қонақтағаныңды көреміз, — десті бұлттар.
Егіз бұлт Күннің соңынан ілесе берді. Сөйтсе, Күн жерді айналып жүре береді екен де, бір жерде түн болғанда екінші жерде таң атып, дүние алмасып тұрады екен.
Күнмен бірге айналған егіз бұлт Алатаудың шыңына келіп, аз-кем дем алды. Алтын Күн мейірлене нұрын төгіп тұр. Сөйтсе, Күн ешқашан да қонақтамайды екен, үнемі айналыста екен-ау…