
Медицина ғылымдары академиясының кор- респондент-мүшесі, профессор, қазақ жастарына тәрбиелік мәні зор “Қырық сұрақ” кітабын жазған әйгілі ғалым-дәрігер Ишанбай Қарақұлов (1909– 1992) әзіл мен қалжыңға келгенде алдына жан салмайтын өткір, тілге де шешен кісі болған екен. Ишекең жетпістің төріне шыққан шағында, бірде таяғын тықылдатып Алматының көшесін қыдырып жүріп, қызықтап “Мұхит” дүкеніне кіріп кетеді. Заманның кең кезі ғой, бір бұрышта суға толы бөшкелерді бірінен соң бірін тізіп қойып, ішінде жүзіп жүрген балықтарды ожаумен сүзіп, тірі күйінде шоршытып сатып жата- ды. Кезек те көп емес екен, Ишекең де қатарға тұра қалады. Кезегі келген кезде бөшкеде жүзіп жүрген балықтарды шұқып көрсетіп:
- Девушка, скажите, пожалуйста, у вас эти рыбы свежие? – деп сұрапты.
Сатушы қыздың басына қан шапшып, көзі атыздай айналып, шамданып қалады.
- Вы что, старик, не видите что ли, они же жи- вые? – дейді шаптығып.
Сонда Ишекең келіспегендей басын шайқап, сабырмен:
- Ну и что же? У меня дома старуха есть... Она тоже живая, но далеко не свежая, – депті де, ке- зекте тұрған жұртты қыран-топан күлкіге батырып, дүкеннен шығып жөнеліпті.