12.01.2022
  207


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

Әке жүрегі

Сезген - ді ол бәрін де, сезді бұрын
Жалаңдаған тағдырдың кездігінің
Кезелгенін өзге емес осы бетке,
Көздегенін өзге емес, өз құлынын...
Кәрі жүрек сол сөзден діріл қағып
Кетіп еді қалтырап, тынымды алып,
Қалай білген, апырай, бір пәлені,
Жүріпті ғой тағдыры шын ұйғарып,
Жалғыз ұлы, мақтаны, шамшырағы,
(Бетін жуып ащы жас тамшылары).
Апат болды дегенде, естен танып,
« Тірі ме өзі» болыпты бар сұрағы...
Апатқа ұшырап жалғыз ұл,
Нар тірегі,
Қарт жүрегі аяусыз қамшы жеді.
«Садақамын,
Жолыңа құрбандықпын, -
Деп, енді солай ауды бар тілегі.
«Көпсіндің бе оң басқан талаптарын,
Арманының тастадың қамап бәрін...
Жанын сақта,
Енді тек сұрайтыным,
Садақаға мені ал,
Жаратқаным...»
Тілек тілеп, үмітке тағы барып,
Жазылар деп, баламның бағы жанып,
Бір жақсы хабар күткен Алматыдан,
 Шүкір ғой деп жатқаны жаны қалып...
Болған шығар құдайдың сенген құлы,
Деп шешті жұрт тілегін бергендігі.
Үзіліп кетті өмірі, басқа бастық
Орнына баласының келген күні...
Ұлы қалды артында...
Ұлы қалды...
Алдында оның әлі көп күні бар - ды.
Жалғап қалған ғұмырын баласына,
Әке жүрек осылай тыным алды...
***
Жылдар өтті...
Көп жыл өтті арада,
Жаңа ғұмыр орын алды санада.
Партияның қызыл туы жығылып,
Көк т у қонды қала менен далаға.
Өзгерді де ел мен жердің айдары,
Ызаланып, үстемдік тіс қайрады.
Қолға беріп тізгінін бар биліктің,
Желбіреді тәуелсіздік байрағы.
Тәуелсізбіз, өкпеміз жоқ құдайға,
Еркіндіктің күлкісі енді шырайға.
Неше ғасыр бодан болған қазақтың,
Қолында енді, діні, тілі, мұнай да.
Табын танып тәуелсіздік таңбаның,
Елестетіп қырандардың самғауын,
Рахаң енді заман жайлы толғанды,
Жастайынан өзі көрген зардабын.
Алып жүріп алғысын да, қарғысын,
Құра алмапты салтанат пен сәнді шын.
Жүрген сынды айдаудағы адамдай,
Таңып тастап қол - аяғын, жан құсын...
Жолын тауып кетсе-дағы таңдаған,
Бостандыққа мейірі бір қанбаған.
Партия үшін тыңдамапты, пенде боп,
Дегенде әке «тыңдашы бір, жан балам ...»
Ол заманның бар өз билік, өз демі,
« Мұнай» деген бір - ақ мақсат көздеді.
Ал адамдар шүберекке жан түйді,
Өз байлығын жұмсай алмай өздері.
Ойлап көрсе көрген қызық там тұм - ақ,
 Көше кезіп кетпесе де, нан сұрап,
Ағаш үйде шыжғырылып аптапқа,
Ызғар ұрды, жеркепеде қалтырап...
Ен байлықтан жарқыраған маңдайы,
Шаң мен шөлден кеберсіді таңдайы.
Көзіне нұр, жанға рахат бола алмай,
Дария болып жатқан көлдің бар майы.
Тарих болды енді бәрі, ол күндер.
Еске алсаң көңіл ғана төркіндер.
Шат кезің де, өкініш пен мұңың да,
Шығып, батып, тек ойыңда көлкілдер...
Күндер өтті бір жабырқап, бір күліп,
Жүректерге алуан сезім тұндырып.
Хикаясын сол күндердің сыйпаттап,
Рахаң енді кітапқа екті сыр қылып.
Әлпештеген қыздары мен ұлдарын,
Рахаң - енді бірі биік тұлғаның.
Ғалым болды, шешемін деп қалайда,
Балауызды қарамайдың жұмбағын.
Алыс қалды,
Мұң сыйлаған қатал күн,
Құрметтісі өзі салған шахардың.
Жарының бар жеңістерін тойлаған,
Еңбегі шын жанды Сақыш апамның.
Сөнбеді үміт,
Жүректегі жалын да,
Жарқырады тіршіліктің тағында.
Тілейміз біз орнасын деп мәңгі жаз
Қиындықтар еккен жеңіс бағында...





Пікір жазу