ЫҚЫЛАСТЫ ЖОЯТЫН НЕ ЖАҢҚАЛАП...
Жат болады неге адам бір-бірінен жерініп,
Суынады жүрегі нені сезіп, нені ұғып.
Құрта ма әлде көңілге қонбайтын кей істері
Бір-біріне там-тұмдап ықыласын кеміріп.
Жоғалтса егер сезімі куә болған шартарап,
Жұқартты оны орынсыз қойған бәлкім сан талап.
Қатты жаңбыр секілді жас өскінді аямас,
Оқыс сөздер әлде оны ұшырды ма жаңқалап?
Шын ұғысқан жандардың басатын не аптығын,
Сағынса да бірге өткен сұлу шағын шат күнін.
Түсінбейміз әлде біз шөлдегі су сияқты,
Жүректерге қашанда ықыластың қаттығын.
Құйыла алмай көңілге жан жылытар сан арай,
Еске түссе тарылтып тынысымды қаралай,
Ықыласым қозғалтқан аяулы кей достарым
Жылайды әлі жүректе жетім қалған баладай...
***
Жан дүнием мазасыз бір атырап,
Алуан күйді жинап қойған сатылап.
Әрбіреуі жүрегімді жұлмалап,
Әрбіреуі әр ісімді бақылап.
Қашырады берекемді, шаршатып,
Тыныштықты алғым келіп бал сатып.
Құтыла алмай, қашып тағы кете алмай,
Сан отырдым жан-жағымнан самсатып.
Әрбір ойдың иығынан бір қағып,
Сес көрсетіп, мерейленіп, бұлданып.
Қажет алуан жайды екшесем, кіріп кеп,
Мазамды алды қажетсізі ұрланып.
Ең құндысын қанжығама байлар ем,
Деп отыр ем, туар-ақ деп сайлы өлең.
Қажетсізі тағы шықты ойнақтап
Жылпос сынды ат оздырған айламен...
***
Салмақ көп жүрегіме түскен бүгін,
Жұбатпа адалдығым, іскерлігім.
Қуантса күтпеген күй кенет жайлап,
Мүжиді жанға шақпас іштен мұңым.
Алаң ғып және бір жай тыншытпады,
Күдіктің сап түзеді ыршып бәрі.
Ал көңіл өрекпиді жайлауына
Тұрғандай көктем келіп, гүл шыққалы.
Тірілді неге кенет сұлық демім,
Әлі де ыстық па едің, тұнық па едің
Уақыттың кеудесінде өлді деген
Жеткізбей жүрген сұлу үміттерім.
Көп салмақ жүрегіме түсті бүгін,
Тірліктің қуанышын, құшты мұңын.
Сезімдер түрлі-түрлі тайталасып,
Сынауда төзімімнің күштілігін.
Тез, жүрек, тез бәріне қалжырама,
Қуан да қайғыға да қан жылама.
Сонда мен бір күн бәлкім байлап берем,
Шаттықтың ең серкесін қанжығаға.
***
Сағым безіп барады жарқылдаған,
Қызғаныштан шығар-ау әркім де оған.
Сағым сынды көп сәттер өмірімде
Кеткен шығар білінбей бәлкім маған.
Бәрі сұлу Ай, Жұлдыз, қайнаған Күн,
Сұлулыққа құшағын жаймаған кім.
Тілегімнің Ай, Күнін таба алам ба,
Жұлдыздарым шашылып қайда қалдың...
Айдындар көп келбеті тамсандырар,
Сезімталды тамсантып, ән салдырарЖоғалтып алдым ба әлде дәл солардай
Қайталанбас күндерді бар сән құрар.
Сезілмейді бір ұшқын жүрегімде,
Жыларым да белгісіз күлерім де.
Ешнәрсе толтырмайды көңілімді,
Несіне келдім онда бұл өмірге...