12.01.2022
  145


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

СӨЗ

Ақтарғысы келсе де айтпас адам көп шынын,
Талай сөзді іркем деп менің де сол өшті үнім.
 Әр адаммен әрқалай сөйлессем де ашылмай,
Құлыптаулы жататын көңірсіген жоқ сырым.
Сұхбат серті бірімен жетеді көп күттіре,
Екіншісі кездейсоқ құрылады түп-түге.
Ең қызығы, қарашы, ажарындай әркімнің,
Бір біріне айтарым ұқсамайды тіпті де.
Бір әңгіме өрілсе, бұрымындай сұлудың,
Біреуінің арнасын ортақ бетке бұру мұң.
Шірік жіптей біреуі үзіледі бырт етіп,
Бұзып жолын жанына құйылатын жылудың.
Шыға келіп бұрыштан қол жұмсардай жоқ қасым,
Сескенбеймін мылтығын оқтамасын, оқтасын.
Кей әңгіме бірақ та атып шығар кенеттен,
Бұзып жарып бүркеулі сырларыңның топсасын.
Күндіз-түні мазалап қоймай жүрсе беймаза үн,
Қалдырады-ау қардағы қояндайын ойға ізін.
Соншама сөз бұрқақтап, жауып берсе кенеттен,
Қайда бұғып тұрғанын ұқпай қалам кейде өзім.
Сөз дегенің бабамның қалдырған мол дастаны,
Шешендіктің шарықтап шығатұғын аспаны.
Құралы да, мүлік те, бесқару да емес пе,
Толып тұрса оқ-дәрі оқшантайда бастағы.
Айып тағып жатсаң да жасықсың деп, ерсің деп,
Тұратұғын кезі көп адасқанға жөн сілтеп.
Оң, терісін дөп басып ойната алар қолында,
Нысанасын жібермес әккі мерген болсын деп.





Пікір жазу