12.01.2022
  175


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

ҚЫСТАЛАҢДА ТАНЫРСЫҢ ҚАСИЕТІН ІЗГІНІҢ

Еш армансыз өткен адам жоқ па шын-ақ өмірден,
Дегеніне жете алмай қанша көз жас төгілген.
 Қаламасын қаншалық – құтылған жоқ өлімнен,
Қанша қимас болса да қазып алмас көріңнен.
Өлім деген өртейді өзегіңді от болып,
Арашалап қалмайды ешкімді ешкім көп болып.
Қанша жайсаң, даналар өкінішпен кетті өліп,
Қанша қима – ғұмырын беретіндер жоқ бөліп.
Амалың жоқ, шара жоқ қайғырсаң да қаншалық,
Бере алмайды өліге ешбір тірі жан салып.
Тәтті дәмді сезе алмас ешкім де құр тамсанып,
Басқа түссе, зұлматты қуа алмассың қамшы алып.
Жармассаң да жастық шақ ұстатпайды тізгінін,
Оралмайды қаншалық іздесең де қыз күнің.
Бір күніңе татымас ойсыз өткен мың күнің,
Қысталаңда танырсың қасиетін ізгінің.
Аңсап жүрсең ылғи да жақсылықтың жарқылын,
Бейімдейсің сен оған ғұмырыңның тәртібін.
Тигізбесең, жаныңа жат дүниенің салқынын,
Текшеленер көз тартып, қоштасатын әр күнің,
Қуанарсың тірліктің үйренгендей бар тілін,
Әрқашан да есіңде сақта соны, алтыным...
Буын-буын тәтті ұйқыға елжіреп,
Көк пердені бірі көріп, бірі ұстап,
Алақанға салып бейне кең, жібек,
Тербегендей,
Бейғам еркін тыныстап,
Рахат-теніз тұңғиығын шарлауда,
Шырылдап тек уақыт – жұлдыз ұрысқақ.
Рахат-теңіз тереңіне шым батып,
Тәтті ұйқыға еш алаңсыз тіл қатып.
Ұмытарсың бұл дүниенің шаттығын,
Қайғысын да, көздің жасын құрғатып.
Буынды алса тәтті ұйқыдай бал сезім,
Күй төксе де қайтара алмас әр сөзін.
Бал сезім мен бал ұйқыға себепсіз,
Қоя алар қандай адам қарсы өзін.
Өлең жаздым мен тәттілер жайында,
Бой алдырмай мұң мен сары уайымға.
Тәтті сезім, ұмыттырма басқаны,
Тәтті ұйқы, тәтті өмірден айырма...





Пікір жазу