12.01.2022
  200


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

ТАБИҒАТ МЕНІҢ СЫРЛАСЫМ

Мұнда жер бусанбайды жазғытұрым,
Сайлардан жүгірмейді бұлақтар да.
Бірақ та табиғаттың назды түрін
Көріп қал,
Көктемгі үнге құлақ сал да.
Бозарған шөп шықпаған қырға да әлі,
Лайсаң бола алмайды тым құрыса маң.
Тек қана балғын терек бүр жарады,
Бұрымын дауыл жұлып,
Құм құрсаған.
Келгендей желектерін бүркенгісі,
Тарқатып үйеңкі тал бұрымдарын.
Киінген қызыл-жасыл үлкен-кіші
Көресің теңіз жаққа шұбырғанын.
Сияқты маңғаз жүзді Ардақты ана,
Көк теңіз қозғалады байыпты, нық.
Қарайды биік үйлер салмақтана,
Бет-жүзін жауын-суға шайып тұрып.
Даланың шаң-тозаңын мол уыстап,
Сал самал құм үстінде жүгіреді.
Көктемгі шырақтарын қолына ұстап,
Тұңғиық түн теңізге үңіледі...
***
Жаңбыр нәзік саусағымен шертеді:
Тырс, тырс...
Тырс-тырс...
Қайтерсің бұл еркені...
Жер-ананың бетін жуа келді ме
Табиғаттың тазалықшы көркемі...?
Әлдиі мен әлде айтқан оның бұл,
Көтерілер дей ме содан көңіл дүр...
Сәлемі немесе бұл жеткізген
Күн жайлаған ұлы әлемнің көгілдір?...
Ел қуантар жақсылықтың өзі меҚұлақ түрем тырс-тырс жаңбыр сөзіне.
Қарағандай қарап тұрмын мен оған
Дархан пейіл молшылықтың көзіне...
 Толастамай нәзік саусақ тырсылы,
Төгілуде табиғаттың бір сыры.
Үй ішінен жауап қатып тұр оған,
Сағат пенен жүрегімнің дүрсілі...
***
Бет қарып, суық тілін жалаңдатқан,
Билейсің, қарлы құйын омыраулап.
Бейне қыс ойынындай табандатқан,
Сәні кіріп шаттанған, қоңыраулап.
Жүздесуге өзіңмен жан шыдамас,
Ығысамыз қызулы қалпыңды ұғып.
Қарлы құйын өршелен, қамшыға бас,
Эстрадаң тұрғанда алқындырып.
Міне, тағы бір құйын кетті алақтай,
Дей тұрғандай. «Үйге қайт! Барды киін!»
... мен бүгін тұрғаным бет қаратпай,
Жан дүниемде менің де қарлы құйын...
***
Жаз дәурені азайып қалғасын ба,
Селдіреген жапырақ тал басында.
Жер-ананың қойнына жөнелді, әне,
Отырып ап ауаның арбасына.
Алыс тартып, азайып жігер, қызық,
Сар түсінен сарала жыр өргізіп.
Жапырақтар қоштаса қол бұлғайды,
Жаз-әлемнен бір жола күдерді үзіп.
Жапырақтар...
Сарыала жапырақтар...
Әрбірінде қаншама жатыр ақпар!?
Күнің өтіп барады-ау...
Күнің өтіп...
Шашу болып соңғы рет шашырап қал...
Жапырақ тал басында селдіреген,
Жаңа ғана бүр жарған өндір өлең.
Жаз қызуы жасартып кетіп еді,
Күз қазаны қуырып,
Солды денең...
Топырақтан қайта орнап сән басыңа,
Айналарсың тіршілік жалғасына.
Жер-ананың қойнына жөнеле бер,
Отырып ап ауаның арбасына...
***
Аптап қысқан қаланың тарылғандай тамыры,
 Бет шарпиды бар тұстан күннің ыстық жалыны.
Өткір сәуле қарасаң жанарыңды қариды,
Емін-еркін көрсетпеу шақырымның арыны.
Көшелерде көбейіп әйнектердің жарқылы,
Шапқылаған сәбидің баяулайды қарқыны.
Шашымызға сіңіріп күннің құрғақ иісін,
Дүниеге қараймыз көзілдірік арқылы...
Күннің сол сәт қабағы шытынды да аз ғана,
Соңғы рет қарады сағым жаққа наздана.
Сосын оны ертті де,
Ар жағына бұлттардың
Кете берді жайына маң-маң басып жаз -қабақ...
Аспан қалды қап-қара болды-дағы түтігіп,
Дала жатты шөліркеп,
Бір сусынды күтініп.
Сәлден кейін шелектеп бар қаһарын төкті де,
Маңғаз тартты көк жүзі тұрғандай іс бітіріп.
...Тағат таппай бір кезде,
Бұлттар көшті жөңкіліп,
Моп-момақан боп қалды жаңбырдан соң көл тынып.
Сусындаған кең дала кеуде кере күрсінді,
Көк жүзінде байқалды әлдеқандай олқылық...
Сол мезетте күн қайта шыға берді күлімдеп,
Қуанғаннан бар маңай кетті бір сәт дірілдеп.
Күн мен бұлтқа кең дала қарады да кезекпен:
Деді: «Маған ешқашан жат емессің бірің де!»
О, ұлы күн қарайсың күнде осылай кешкілік,
Содан бері талай күн кетсе-дағы ескіріпНе сыйқырың бар сенің,
Кездесу сол сәттерде
Оянады көңілде ежелгі бір ескі үміт...
Арайланып, толғанып қалам содан әрқашан,
Содан қуат тарайды есім кетіп шаршасам.
Көңілім бір тояттап, нұрланады жанарымСол үмітте тұрғандай бүкіл мұрат, барша сән.
Тереземнен кешкілік қарап тұрсың тағы да,
Қуаныштың шамы ма, үмітіңнің таңы ма?
Жоқ әлде ол арман ба, нұр құйсын деп жаныма,
Іліп қойған суарып қиялымның қанына...
***
Өршігендей қар менен құйын әні
Маңғыстауға қара жон қысы келіп.
Үн-түнсіз жағалаулар бұйығады
 Көгілдір көктем шуы түсіне еніп.
Тегістері бір жола қақырап күз,
Алып кетті аймақтан бар шырайды.
Желпіне алмай балғын тал жапырақсыз,
Жел өтінде дәрменсіз қалтырайды.
Қытымыр сырын алғаш қыс ұқтырып,
Алыпты суық лебі орап бақты.
Қарсыз жер, қара суық құшаққа алып,
Төбеге сұрғыл аспан қонақтапты.
Тапжыла алмай, бұзаудай арқандағы,
Қара жондар іздейді қарлы ішігін.
Қара жерді жаратпай қаңтардағы,
Қабағы кіржиеді шаңғышының.
Қырқаны күз керуені барады асып,
Қағады терезені жаңбыр әлі.
Күндермен күреңқабақ жағаласып,
Шат өмірдің шуы тек жаңғырады...
***
Қара...қара...
Дала неткен...дала неткен көрікті,
Аппақ әлем билеп алып бара жатты ерікті.
Түніменен терезенің отырып ап түбіне
Аяз ата әйнегіне сурет салып беріпті.
Бейнелепті дала шөбін, таудың биік шыңдарын,
Сілемдердің мойнын соза көкке қарап тұрғанын...
Төрге ұстаған тұскиіздей енді бір түс бедері,
Көрсеткендей табиғатта таңғажайып сыр барын...
Қалың жауған қар соңынан ауа қандай тұп-тұнық!?
Салғырт күйді барады ол әлдеқайда ықтырып.
Талда басқа бүркеп алған ақ желекті сілкіген
Балаларға торғайлар мәз,
Қуана шық-шық күліп...
Жуасып қап асау боран, қол апартпас жалына,
Күн шығыпты...
Күн шығыпты, дүние күткен зарыға.
Тек қана үйлер төбесінен ұшырған ұнтағы
Жер ананың ақша бетін опалап тұр тағы да...
***
Ақ мамық көктем- деммен күмістеніп,
Жатыр жер ақ күмістен ырысты еміп.
Іштің шерін тарқатып будақ булар,
Дүние жарқырады, тыныс кеміп.
Ап –ашық қабағынан құйылып ән,
 Күн ару қарар күліп миығынан.
Шапаны жер-ананың тоз-тоз болған
Барады сыпырылып иығынан.
Жай кеткен көз салмайтын көп ешкімге,
Көзінің алды қыстың көгіс мүлде.
Тәкаппар, сықыр-сықыр күй жоғалып,
Жасық қар жылап жатыр жол үстінде...
***
Жарқын жүзді,жайдары, шапағатты,
Көзді тартып, бойдағы қуат, көрікЖер – ананың келді ізгі махаббаты,
Жапырақ пен гүл болып,
Шуақ болып...
Мол дайындап өрнектік гүл, жібегін,
Табиғатқа жазыпты көңілді үнін.
Жер тербейді жылыта Күн жүрегін,
Алма ағаштың ақ қанат нәзік гүлін.
Келе жатыр Маңғыстау аңызағы,
Қыс сүйегі қалыпты қаусап кәрі.
Жаңбыр суын жерге үнсіз тамызады
Үйеңкінің сүп-сүйір саусақтары...
***
Көктем келді,
Көктемнің бүгін таңы,
Билейді ғажайып бір сын ынтаны.
Табиғат шапағатын құйып жанға
Алаурап ұсынады гүлін тағы.
Құдырет кеп көктем деп аталатын,
Жаңғыртыпты қайтадан жаһан атын.
Гүл шоқтары жүр тағы тасымалдап
Жүректердің жылуын, махаббатын.
Таң ...
Көктемнің ғажайып бүгін таңы,
Ұсынады ол нәзік гүлін тағы.
Жас жүректің лүпілін, қуанышын,
Тереңірек хақ оның ұғынары...
***
Нәзіктігін, пәктігін, ізгілігін ұқтырып,
Мөлдірейді күн көктем жанарындай тұп-тұнық.
Ынтымақтың,
Бірліктің,
Махаббаттың бұлағы,
Қарсы аламын мен сені аяғымнан тік тұрып...
Төріме шық, сүйіктім, мәртебем боп, үміт боп,
Жүрегіме өзіңнің жалыныңдай тұныпты от.
 Жанарымды, жанымды шаттығыңмен суар да,
Пәк күйлерді өзіңдей көңіліме күліп төк!
Лепіремін содан мен, қуаныш боп тасам да,
Кел, көктемім керілген,
Шаттық шашып бас алға!
Жібек жел мен ұлпа ауа жадыратқан дүниені
Жұмсақ болғым келеді мен өзіңдей қашан да...
Ізгілік пен мейірім, жасампаздық-қаруың,
Іздейсің сен тіршілік мұратының дәруін.
Ізгі болғым келеді мен өзіңдей әрқашан,
Ынтымағын әлемнің арқалаған, аруым...
***
Құба жонда жөнелді сағым ойнап, жарысып,
Еркіндікке көсіліп, құмарлана алысып.
Ұзақ уақыт қапаста қалып қойған торғайдай,
Шексіздікпен, даламен емірене табысып...
Шуағымен дүниені емірене аймалап,
Іздегендей әлдене, жүгіреді «қайдалап».
Осы мезет алыстан келе жатты бұлт төніп,
Жарқылдата қолдағы айбалтасын қайрап ап...
Уақыт мүжіп айналған жағасында тас құмға
Майда толқын сусыған аяғымның астында.
Құшағына теңіздің қойып кеттім алаңсыз,
Бетті қари шыжғырған Күн көзінен қаштым да...
Аптап қысқан далада тарылған-ды тынысым,
Күн шыжғырып, көз қарып мандымаған жүрісімТеңіз енді аймалап, салқын сұлу ернімен,
Әлдилейді тербетіп сылдыр сұлу күміс үн...
Айналайын, табиғат, теңізіңнен, шөліңнен,
Бірде апшыны қуырса, бірде рахат көрінген.
Ыстық, суық сезініп,
Ысылып біз келеміз,
Қызығың да сонда екен,
Қымбатың да сонымен...
***
Басқан сайын аяғымды,
Ізіме су іркілді.
Өзен де өз күшіне еніп
Мұзды сырып жұлынды.
Жан біткендей ұйқыдағы табиғатқа кенеттен,
Қыс көрпесі бірте-бірте жұқарды да, жыртылды.
Айырылды қаһарынан ызғарлы қыс кешегі.
 Майда ғана өбіп беттен көктем лебі еседі.
Дүр сілкініп сыйда ағаштар, қуаныса сыбырлап.
«Кез де келді көріктенер, күтіне бер»,-деседі.
Жадыраңқы жасаң, жұмсақ табиғат бір түрге енді,
Соныменен көңілім де бірге түлеп түрленді.
Сүйем, көктем, сол үшін де әкелесің сен маған
Арманшыл жас жүрегіме серік болар гүлдерді.





Пікір жазу