Қызыл диплом
(ініге тілек)
Көз алдымда өткен күн елестері.
Қызыл құжат алған күн емес пе еді?!
Қуанышым қойныма симаған күн,
Маңдайымды аймалап жел ескені.
Ол да бір ауыр еңбек жемісі еді,
Ол да бір тағдырымның белестері.
Қызыл құжат, гүл етсін өміріңді.
Жасартсын, жабырқатпай көңіліңді.
Бір кірпіші өзіңсің шаңырақтың,
«Сүйінші»- деп көтерген көңілімді.
Бәйтеректей атаңның жолын берсін,
Өйткені бұл ағаңның жолы мұңды.
Көк тудай желбіретіп, тұлымыңды.
Ұлықтайтын кез келді, ұлығыңды.
Ата-анаң марқаяды көріңдер деп,
Бәйгеден оза шапқан құлынымды.
Мерейің үстем болса Аян інім,
Дұшпаның лайлай алмас тұнығыңды.
Біреулердің өмірде тағы басым.
Біреулердің басында бағы басым.
Біреулердің бес елі маңдай соры,
Әркімге бір еліктеп нағыласың.
Адам боп қалсаң егер, түсінгенім,
Алғыстан алтын алқа тағынасың.