11.01.2022
  147


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Дос іздеген адаммын

О жалған-ай !
Басынан бір не өтпейді адамның.
Қадірін де сол түсірер бағамның.
Нағыз достар, ағайыннан мың артық,
Досты сүйген, дос іздеген адаммын.
Қақым да жоқ, мына жұртты тергеуге.
Досың болсын, – «Міне ағайын көр» – деуге,
Жалған досың көңіліңді сұрамай,
Нағыз досың келеді екен жерлеуге.
Көшке берген тайлағын ап, қосқанын.
Түсінбейтін жандар жетер, дос жанын.
Дос шақырса, желеу айтпай жүгірем,
Аман болсын,
Адал болсын достарың!
«Санам биік, жоғары» -деп өре тым.
Бейнетіңді Алла білер, көретін.
Достар қайда Мұхтар ақын жырлаған,
Досы үшін, көзін ойып беретін.
Қадіріңді білмей кетті Дариға.
Бір тойғанын ойлап жұртым, бәрі риза.
Ақындардың жалғыздығын ұғынтып,
Мұқа сені іздеп өтті, Фариза!
«Жаман досты көлеңке»- деп атамыз!
Бүгін дос боп, аяғында сатамыз.
Көлеңке де жарық күнге ереді,
Әр адам күн, кеш түскенде батамыз.
Ерте ме әлде, кеш түскенде батарың.
Сирегенде түсінерсің қатарың.
Дос дегенің Алла берген сыйың ғой,
Аллаға аян қашан таңың атарын.
Жұмақ әлде, тозақ пе екен көрерің,
Кім біледі, кімнің қайда жатарын!





Пікір жазу