11.01.2022
  181


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Періште қыз

Періште қыз тербетші түсімдегі.
Көп жандар мені сендей түсінбеді.
Оянып кете берем, кінәләма,
Сені қимай жүргенім үшін мені.
Қайтемін, қымсынып бір, ақталып та.
Көрген түс көкейімде сақталып па?!
Хор қызы өзің, ақ бұлттан жасап алған,
Жымиясың оранып ақ мамыққа.
Сені талай ақының жыр етеді.
Кұшып жатып түсінде түнетеді.
Арман ару өзіңді аңсауменен,
Жылдар жылжып,
Ай жылжып,
Күн өтеді.
Өлеңімді сәбидей құндақты еткен,
Арнап тұрып өзіңе жырлап кеткем.
Сол періште ақ бұлтқа орап алып,
Сезімімді өзімен ұрлап кеткен.
Айтпасымды айттырдың, айтар жайды.
Сезбеймін деп жүрек те айта алмайды.
Өзіменен меншіктеп алып кеткен,
Сол сезімді,
Сол ару қайтармайды.
Жоғалғандай ғайып боп, кеше кетіп.
Аһ ұрғызып, қайғымды еселетіп.
Сүйе алмай жүргенім сол көп аруды,
Сол періште кеткен соң мешел етіп.





Пікір жазу