11.01.2022
  140


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Өмір деген...

Өмір деген, бір қуаныш бір қайғы.
Бір сезім бар,
Түн ұйқымды ұрлайды.
Өтіп жатыр, байқалмайды уақыт,
Өмір шіркін бір орнында тұрмайды.
Бұл дүниеде қарап тұрсам қанша мұң!
Көңілінен шықпадым ба қаншаның?!
Тауда туған бала едім,
Аллам-ай,
Сол таудағы жасын берші – аршаның!
Қанша реніш, қанша өкініш, қанша мұң?!
Жасын берші көп жасайтын аршаның!
Сонда ғана жетер ме екем арманға,
Орындайтын өтінішін баршаның.
Кейбіреуі сындырып жүр сағымды.
Кейбіреудің әңгімесі жағымды.
О дүниенің сырын сірә білмеймін,
Осы өмірде тапсам деймін бағымды.
Біреулері, сырын айтып ұнамды.
Біреулері, тауық дейді – қыранды.
Бір Алладан үмітімді үзбедім,
Намаз түгіл,білмесем де құранды.
Өскен ұл ем қадір тұтып қыр гүлін,
Шағынардай емес бүгін тірлігім.
Бұл ғасырда бақ орнаған қазаққа,
Шайқалмасын береке мен бірлігің!





Пікір жазу