11.01.2022
  129


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Өлеңім-ау, пірім де өзің, көмекшім!

О табиғат,
Жаратылыс таң қалам.
Шүкір етсе болар еді барға адам.
Қыран болып өтсем екен өмірден,
Айырмасы бар ғой оның қарғадан.
Саябырлап алға деген ұмтылыс.
Ойға батам,
Ұйқы қашқан, түн тыныш.
Тағдырына алаңдаймын баламның,
Дала неге, көше неге тым-тырыс?!
Қадірімді өзім білмей, өзімнің.
Сүрінгенмін, құлаған да кезім мың.
Үміт оты, үмітімді ақтап жүр,
Жетегінде жүрген жанды сезімнің.
Сезім дерті,
Сеңдей соққан кезім мың.
Талай мәрте ес жоғалтып езілдім.
Жұрт жасқанар қайсар мінез бар еді,
Жетегіне еріп кеттім сезімнің.
Өз жанымды неге бүгін ластадым.
Тірлігіне арласпап ем басқаның.
Әр бір жанның жан-жарасы әр түрлі,
Ал мендегі, жүрегімде басқа мұң.
Жырларым ай,
Мені сүйген, демеп шын!
Шабытым ай,
Қиналғанда керексің.
Тұраласам тұрып кет деп дем берген,
Өлеңім-ау,
Пірім де өзің, көмекшім!





Пікір жазу