Шабыт ғұмыр
Шабыт ғұмыр,
Кетер кейде шарықтап.
Алар кейде, шапалақпен салып қап.
Адам жанын жасытар ол құдірет,
Шарықтаған шабытыңды алып қап.
Қолбала емес жетегіңе еретін,
«Шабыт-пырақ», – жел естіріп желетін.
Шабыт бірақ ұзатылар қыз емес,
«Шабыт – келін», төркіндетіп келетін.
Шабыт тасқын, ырық бермес өткелге,
Тау суындай таситұғын көктемде.
Шабыт келін,
Кететұғын төркіндеп,
Қайта оралып келетұғын кеткенде.
Шабыт күнің көктен нұрын төккенде,
Қызғалтақ жыр,
Жайнап тұрар көк белде.
Шабыт деген жыл құстары сияқты,
Қайта айналып оралатын көктемде.
Сынақтарға шыдай алмай, көптеген.
Бұл ағаң да жазған талай, «Өкпе өлең».
Жыр жауһарын төгіп-төгіп жіберер,
Серттесейік жазамыз деп, – «Текті өлең».
Табиғат та жоғалтпаған бағытын,
Күн артынан алмасады, тағы түн.
Таңғы шықтай мөлтілдесе жанарың,
Оралып кеп жұбатады, шабытың.
Ақыным ау,
Жабырқама, мұңайма.
Пейіліңді көріп тұр ғой, құдай да.
«Шабыт» атты «Періштені» құрметтеп,
Мың тағызым етейікші Құдайға!