11.01.2022
  156


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Жаңбырлы түн!

Қала мұңды,
Түнеріп тұр, жаңбырлы.
Таң да атпады жылап, сықтап таң құрлы.
Мұңлық-Зарлық ертегісі секілді,
Еске салып аянышты тағдырды.
Жаңбырлы түн,
Жаңбырлы таң, бір түнек.
Арасында саябырсып, сіркіреп.
Қала түні боздайды кеп, аһ ұрып,
Айналшықтап қала маңын жүр, түнек.
Қайың ағаш қалтырайды сүлдері.
Тербеледі, күйі кетіп күндегі.
Мұңын шағып, жылап жатыр ақ жауын,
Егіліп тұр сырын айтып, түндегі.
Өңі кетіп жаз жайнаған, шырайлы,
Жапырақ та сыбдыр-сыбдыр жылайды.
Кәрі шырша мойымай бір тұрғанмен,
Оның дағы көңілі бос сыңайлы.
Қала марғау, тыныстап тұр тіршілік.
Тұманды түн түнеріп тұр, тұншығып.
Көк жүзінен найзағай да жарқ етіп,
Қабақ түйді күңіреніп, күрсініп.
Суық бүркіп жаңбырлы түн қаланы.
Дала мұңды,
Жасаурайды жанары.
Қолшатырдың панасына тығылып,
Бір мұңлық жан ойға батып барады.
Өлең ғұмыр,
Жаратылыс үндесіп.
Тамұқ күн де, жарық күнмен күндесіп.
Өмір солай,
Бақ пен сордан жаралған,
Кезек- кезек жүретұғын күн кешіп.
Қамықтырды, мұң, зар сыйлап қара түн.
Құс кептіріп қаққылайды қанатын.
Ақ жауынды бойжеткенге баладым,
Көздің жасын төгіп- төгіп алатын.





Пікір жазу