СӘлеМНің Де ЖӨНі БАР
Қаз-қалпында
Алашыбай менің Құдай қосқан туған құдам, ит көйлек құрдасым. Құдағи жағы бар болғанымен, еркек кіндіктіден Алашыбайдан өзге бауыздау құда менде жоқ. Кезінде дүрілдетіп ау- дан басқарған, фабрика мен зауыттың директоры болған, мінезі байтақ, санасы сергек азамат. Былай- ша айтқанда, көргені көп, көңілге түйгені одан да көп зиялының төресі. Өзі сырықтай ұзын, жігіттің нағыз серкесі, бойы мендей екеу. Қатар тұра қалсақ, әйгілі идальго Дон Кихот пен Санчо Пансадан аумай
қаламыз.
Сол құдаммен бірде жасыл желекке оранған сквердің төріндегі арқалы орындықта аяқты алшы- дан тастап, әңгіме соғып отырғанбыз. Қыркүйектің мол іші, ауада мұрынды қытықтап, бетті жыбырлат- қан жылы шуақ бар. Баласын коляскаға құндақтап ұйықтатып қойып, өзі кітап оқып отырған жас ке- ліншектен басқа тротуар бойы бос. Әлден уақытта
бұрылыстан сөмке асынған оқушы бір бала жүгіре басып шыға келді. Шамасы, сабақтан кешігіп қалып, асығып бара жатқан сияқты. Асығып бара жатса да, жол шетінде отырған бізді көріп бұрыла кетті. Емпеңдеп келіп қос қолын ұсынып сәлемдесті де, томпаң қағып өз жөнімен кете барды. Ауыл емес, қаланың баласынан мұндай ізетті көру сирек қой.
- Өркенің өссін, үлкен азамат бол! – деп мен соңынан дауыстап, риза болып жатырмын.
Құдама қарасам, көзін төмен салып жымиып отыр екен. Басын әнтек шайқап қояды. Тегі, балаға артық сөз айтып қойғам жоқ па дегендей, мен шалжиған аяғымды жинап, қозғалақтай бастадым.
- Жо-жоқ, құда, бәрі дұрыс... Жаңағы баланың сәлемі ескі бір оқиғаны есіме түсіріп отыр, – деді Алшекең.
Сосын тағы да басын шайқап, мырс етіп күліп жіберді.
- Сәлемнің де жөні болады екен, соны айтайын деп едім!
- Әлбетте, айтыңыз... айта беріңіз, құда.
Алашыбай бір жөткірініп алды да, мазмұны бөлек болғанымен, мағынасы үндес, өзінің басынан өткен екі жағдайды әңгімелеп айтып берді.
Бірінші жағдай
Ала жаздай ауылдағы атамның жанында жү- ремін деп, алтыншы сыныпқа барар жылы мектепке біршама кешігіп келдім.
Атам да “оқу қайда қашады, барасың әлі” де- гендей, арқаны кеңге салып асықтырмады. Ауыл- да не көп, бала үшін ермек көп, тайраңдап жаз бойы жүгірсем де, ойынға құмарым қанбай, қырдың қызығын қиып кете алмадым. Сөйтіп, өзім де аз- маз кідіре тұруға қарсы болмағам. Қалаға барған соң көп өтпей-ақ ала жазғы алақайлы дырду-думанды, қырдағы ырысты ел мен тынысты жерді сағынаты- ным белгілі. Шапқылаған құлын-тай, мамырлаған қой-ешкі, маң-маң желген ботақан... Ет жүрегім езі- ліп, оларды қанша аңсағанмен, енді қайтып қыр жақ- қа келесі жазда ғана жол түсерін тағы сездім. Сездім де, мектепке араға апта салып бір-ақ келдім.
Келсем, сыныптастарым орындарды қылдай бөлісіп, парталарға жайғасып, сабақты бастап кетіпті. Ең соңғы партада сорайып бір қара торы бала отыр. Бала емес, мұрты тебіндеп қалған жігітсымақ. Соның жаны ғана бос екен. Амалым жоқ, кешіккенім үшін мектеп директорынан ескерту алдым да, жасқаншақ- тап әлгі бөтен баланың қасына барып жайғастым.
Мен отыра берген бойда:
- Рахат! – деді бейтанысым қабағын керіп.
– Не “рахат”? – деп мен таңдана оған бұрылдым.
- Ой кеще, менің атым Рахат, білдің бе!
- М-м... Жарайды.
- Сен неге атыңды айтпайсың?
- Мен бе... менің атым Алашыбай.
- Жүдә, жақсы. Енді екеуіміз мықты дос бо- лайық.
- Жарайды.
- Мен сені танимын! – дедім мен оның бет- жүзіне зер салып зерттеп болған соң. Рахат та бұрылып, менің бадырайған көзіме сүзіле қалды.
- Жалпы, мені танитындар көп. Егер сені де соққан болсам оған ренжіме, бүгіннен бастап мен саған тиіспейтін боламын.
Бәсе, шырамытқаным шындыққа шықты... Бұл өзі мінезі шадыр кесел бала, теңіз жақтағы екінші мектептен. Өткен жылы бізді көшеде ұстап алып, бықпырт тигендей соғып жібергені бар. Қайтып екін- ші мектептің маңайына жоламастай еткен. Мұрны- мыз қанап, көзіміз көгеріп, көгала қойдай таяқ жеп қайтқанымыз есімде. Ондай сотқар дүлейдің бейнесі қайтып оңай ұмытыла қойсын.
- Мен екінші мектептен келдім, – деді Рахат. – Енді осы мектепте сендермен оқымасам болмай- ды. Ана мектепте миыма сабақ қонбады. Жағдай қиын... мені былтыр да көшірмей тастады. Көкем көзіме көк шыбын үймелетіп, жетектеп осында алып келді. Сен мені бұл азаптан құтқар, көмек жаса!
- Қалайша?
- Сабақ үйрет, кітап оқып бер, бақылау көшірт.
- Жарайды.
Менің мұндай содырға басқаша жауап беруім қауіп еді. Сондықтан айтқанына көнгеннен басқа лажым қалмаған. Есесіне бұл тентек сырт көзге сес, қауіп-қатерден берік қорған боларын ұқтым.
Сабақтан соң Рахат “басына түскен қиын жағ- дайын” маған жырдай қылып айтып берді.
Әріпті әзер игеріп, бірінші сыныптан әупірімдеп өткенімен, есеп-қисапқа шамасы жетпей екіншіде екі жыл отырып қалыпты. Содан үшіншіні көптеп- көмектеп бітірсе де, төртіншіде тағы да табандап тұрып қалса керек. Енді, мінеки, бесінші сыныптан сүйретіліп шыққанымен, алтыншыда тағы аялдап, бізбен теңесіп шыға келген.
- Биыл мен тоғызыншы оқуым керек еді, – деді Рахат мұңайып. – Жағдай қиын, достым! Әгәрки, сегізді аман-есен бітірсем, бәрін тастап шопыр бо- лып кетер ем. Ал сегізді бітірмей көкем мені тырп еткізбейді. Сондықтан сен мені алтыншыға тастап кетіп жүрме. Сегізге дейін сүйре, білдің бе?
- Жарайды! – деп, оған менің біртүрлі жаным ашып кетті.
Екеуіміз сөз беріп серттесіп, бір-біріміздің қо- лымызды ұзақ сілкістік.
Алтыншы сыныпқа келгендегі биылғы жаңа- лық – сынып жетекшісі болған апай зейнетке шы- ғыпты да, оның орнына пединститутты жаңадан бітірген жап-жас украин қызы келіпті. Фамилиясы Сапожникова, аты-жөні Людмила Васильевна екен. Көзі тұздай көкпеңбек, ажары атқан таңдай аппақ, сары шашты сымбатты мұғалима. Жүзі шуақты, жа- нары аса мейірімді. Осы сүйкімді кісі бізге орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін болды.
Сөйтіп, оқушылық өмірдің қызыққа толы қиқу- лы күндері басталып кете барды.
Рахаттың бойы сорайған ұзын, кәдімгідей бо- татірсек бозбала. Айнаға қарап шаш тарап қалған кезі. Мен болсам оның жарымынан ғана келемін. Көрші көшеде жолдан өткізбей омыраулап озбырлық көрсетіп жүрген ана мектептің бірер баласы бар еді. Рахатпен достасқалы бері әлгілер жым болды, мені көрсе айнала қашатынды шығарды.
Екеуіміз мектепке таңертең әр жақтан барға- нымызбен, түстен кейін міндетті түрде бірге қайтып жүрдік. Бірде біздің үйде, енді бірде Рахаттікінде бір- лесіп сабаққа дайындаламыз. Доп қуаласақ та, теңіз жағасында ойнасақ та, құм шағылдарды араласақ та, жұбымыз әсте жазылмайды. Әредік күн батып, ымырт үйіріле қала көшелеріне де қыдырыстап бірге шығамыз.
Қыдырыстап көшеге шыққанда, біздің барар жер, басар тауымыз белгілі еді. Қаланың түстік ше- тіндегі Райхан деген қыздың үйі. Қала шағын бол- ғанымен, Райханның қоржын тамы бірталай жерде. Жорыққа қас қарая шығып, ел жатқанда сүйретіліп қайтамыз. Дәнеңе бітірмесем де, Рахаттың соңынан салпақтап еріп жүргенім. Шынын айтсам, мен бұл мысық жүрістің мәнісін түсінбей далмын. Аула ішінде арлы-берлі көк көйлегін көлбеңдеткен қызға итала қаздай мойнын созып, босқа көз сүзгеннен қандай пайда барына миым жетпейді. Сол үшін қаланың бір шетінен екінші бір қиырына аяқ тоздырып күнде келудің қисынын ұқпаймын. Көргіш болса осы бір домаланған торша қызды күндіз неге көрмейді екен
деп те қайран қалам. Соның сырын ұққым келіп, өзінен сұрап та көрдім. Ондайда Рахаттан тұщымды жауап ала алмайсың.
- Кейін жігіт болғанда өзің-ақ түсінесің! – дейді де қояды.
Кейде біз қанша күтсек те, Райхан қыз үйден шықпай сілемізді қатырады-ай! Ондайда екеуіміз де дүниеден үмітіміз өшіп, баз кешіп кетеміз. Айлы түн астында құм жиегіндегі тоғайда тентірейміз. Қырғауылдың құрқылын тыңдаймыз, талықсыған байғыз зарын қызықтаймыз. Құм ішінен де, тоғай жақтан да алуан түрлі үн шығады. Шілделік шырыл- дайды, құрғап қалған өзен-көлдің табанынан бақа бақылдайды. Құм шағылдар түн ішінде мұнарлана мұң шақырғандай болады. Бізге соның бәрі қызық.
Райхан бұрын Рахат оқыған екінші мектепте сегізінші сыныпта оқиды екен.
- Жоғары сыныпта екен ғой? Бізден үлкен қыз болды ғой? – деймін мен.
- Үлкен болса сенен үлкен шығар, мен үшін ол жасы кіші қарындас, – дейді Рахат.
* * *
Жаңа мұғалима сабақты өзгеше қызықты жүр- гізеді екен. Әсіресе орыс әдебиетінің пәні ертегі мен жырдай тартымды өтетін болды. Ақындар мен жа- зушылардың өмірінен әңгімелер айтып, оларды бү- гінгі өмір шындығымен байланыстырып, мысалдар- мен байытып, оқушыларды бұрын болмаған әсерге
бөлеп жүрді. Сөйтіп, орыстың әдебиеті біздің сүйікті сабағымыздың біріне айналды. Тіпті оқу атаулыға желкесі жар бермейтін Рахаттың ниеті де бұл пәнге шамалы бұрылғандай еді.
Сынып жетекшісі ретінде де Людмила Ва- сильевна жөні бөлек, жаны ерек мейірбан жан бо- лып шықты. Арада көп өтпей-ақ біз апайымызға бауыр басып, жақсы көріп кеттік. Ол кісінің сынып сағатын өткізуі де, оқушылармен қарым-қатынасы да өзгелерге ұқсамады. Сыныптағы жиырма бес оқушының он екісі қыз. Людмила Васильевна көбінде осы он екі қызды сабақтан соң алып қалып, жеке шүйіркелеседі, құпия сырласады. Қыздармен қай тұрғыда сөз болатынын кім білген, ал ұлдармен әңгіме жаман әдетке үйір болмау, темекі тартпауға, анашаға жоламауға, қыздарды сыйлап жүруге ар- налатын. Көшеде жылаған бала көрсек уатып, қарт кісіні сүйеу керек. Әлсізді жәбірлемей, оларға көмек қолын созып, қамқор болып жүрген жөн. “Күші басымға жалтақтамаңдар, жағымпаз боп кетесіңдер. Қара күшке қарсы тұрар қашанда күш табыла- рын естеріңнен шығармаңдар”, – дейді. Турасын айтқанда, ұлдар келешек азамат, отбасының ғана емес, елдің де тұтқасы, сол міндетке осы бастан да- йындалу қажет екен. Ұлдар өзгелерге үнемі үлгі-өнеге болып жүрулері тиіс, олардың адамдармен қарым- қатынасы, ішкі мәдениеті әрдайым жоғары болуы керек. Ол үшін ең бірінші жақсы оқу міндет. Жақсы оқу, білімді болу үлкен мәдениетке бастар жалғыз
баспалдақ. Келешекте ондай оқушыдан парасатты, кісілігі мол, қайырымды, тұлғалы азамат шығады. Мысалы, көшеде келе жатып түкірмеңдер, ол жаман әдет, ол үлкен әдепсіздіктің белгісі. Қарсы жолыққан кісіге көрмегенсіп, сәлемдеспей өте шығу – ол да көргенсіздік. Қол ұсынып амандасып жүрсеңдер, үлкендер сендерге риза болысады. Тәрбиелі бала екен деп сүйсінеді, “өркенің өссін” деп батасын береді. Көп тілегі көл, қырықтың бірі – Қыдыр. «Бала батамен көгереді» деген, ондай оқушыға міндетті түрде жақсы тілектің шапағаты тиіп жатады.
Қысқасы, біздің бәріміз өнегелі ұядан ұшқан ұлағатты ұрпақ, еліміздің келешекте бетке ұстар өске- лең ұл-қыздары екенбіз. Сондықтан әрқашан әдепті, мәдениетті болуға ұмтылуымыз керек екен. Ең басты- сы – ата-ана да, мектеп те бере алмайтын тәрбиені біз көркем әдебиеттен алатынымызды білдік. “Сол себепті кітапты сүйіңдер, көп оқуға тырысыңдар, кі- тап сендерді сұлулыққа баулиды, арманшыл болуға үйретеді”, – деп Людмила Васильевна құлағымызға құюмен болған.
Қалай десек те, көрікті сөз көкейге қонады екен. Сынып жетекшісі жібектей майда дауысымен ауық- ауық қайталай берген соң, біздің де санамызға бірдеңе ұялағандай еді. Осылайша жүріс-тұрысымызға, мінез-құлқымызға өзіміз де сырын ұқпаған әлдебір өзгерістер ене бастағандай болған.
Әсіресе ұлдар жағы көше-көшені көбірек кеземіз, жолға жиі шығамыз, демалыста ұзақты күн теңіз
жағасында тентірейміз. Қарсы жолыққан үлкенге танымасақ та бас изеп сәлем береміз, таныс адамдарға анадай жерден қолымызды ала жүгіреміз. Бұрын бізден мұндай ізетті байқамаған үлкендер жағы: “Бар бол, шырағым!” – деп жылы жымиып, қуанысып қалады.
Қатты риза болған қарақұлақ қариялар: “Кімнің баласысың, атың кім?” – деп сұрайтынды шығарды. “Е, шырағым-ай, әлгі өзіміздің жақайым Әбдіғазы- ның ұлы екенсің ғой. Әкеңе сәлем айт, сендей әдепті ұл өсіргеніне рақмет!” – деп қол жайып бата берісіп жатады.
Әрине, қара шаруадан қолы әсте босамайтын әке жазғанның дәл осы мәселеге ешқандай қатысы жоғын ол кісілер қайдан білсін. Бәрін үйретіп, баулып жүрген біздің сүйкімді ұстазымыз – Людмила Васи- льевна ғой...
* * *
Сабаққа дайындалып біткен соң, бірде кешқұрым мені ертіп Рахат тағы да әдеткі түлкі жортуылы- на шыққан. Бағыт – қаланың түстік қиыры, құм жиегіндегі сол баяғы Райхан үйінің маңайы.
Мен пақырдың шалғайдағы ол жаққа әсте бар- ғым жоқ. Бірақ Рахаттың алып ұшқан көңілін қи- маймын. Сол бір шынашақтай қара қызда нен- дей қасиет барына ақылым жетпейді. Әншейінде төбелессе ұратын, күрессе жығатын тентек Рахаттың Райхан десе жүзі жайнап, көзі ойнап, сәттің арасын- да түрленіп шыға келетініне қайранмын.
Біз Райхан жаққа қаланы көктей өткен асфальт жолмен аяңдап барамыз. Басқа көшеде ондай даңғыл жоқ, олардың бәрі қиыршық тас пен құм аралас сатпақ соқпақтар. Ал мынау асфальт болса қала шегінен де ұзап шығып, арғыдағы айдынды шығанақты айна- лып кетеді. Одан арғысы алыстағы тұңқима түбекке барып тіреледі. Түбекте әскери бөлім тұр. Ол жаққа бөтен адам түгіл адасқан малды да жолатпайды. Бірақ былтыр атаммен түнделетіп ауылдан келе жатқанда мен сол тұстан ажылдап-гүжілдеп шыққан бірнеше танкілерді, дәу зеңбіректер сүйреткен машиналарды өз көзіммен көргенмін. Жарқыратып бізге асфальт жол салып жүргендер де сол әскерилер.
Қала сыртындағы шығанақ бұрынырақта шал- қыған теңіз еді, қазір ол да тартыла қашып, сасыған сор батпаққа айналып барады. Баяғыда, мен мектепке әлі бармай тұрған кезде, қала іргесіндегі жағажайда тыраң-тыраң суға шомылып, шапқылап құмда ойнау- шы едік. Қазір ол теңіз де көзден бұлбұл ұшып, айна- ласы бес-он жылдың ішінде көз көрімге ұзап кетті.
Әдеткідей Райханның үйіне жету үшін біз қа- ладан шыға бере асфальт жолдан шығып, кілт оңға қарай бұрылатын едік. Содан тағы біраз жүрген соң, құм шағылдың төбесіне өрмелеп, қыздың төмендегі қараша үйін аңдитынбыз. Қыздың үйі дуалмен қоршаулы, шағыл биігінен аула іші алақандағыдай, ылғи да шам жарығымен жарқырап тұрады.
Жаздың құты қашыңқырап, көмескі күндердің көбейген уағы еді. Ара-тұра бұрқ етіп шаң көтеріліп,
лекіп жел соққаны болмаса, бәрібір күздің күні ыс- тық, түні жылы.
- Мен бүгін Райханмен кездесетін болып ке- лістім! – деп Рахат қаймақ ернін қисайтып, ыржың- ыржың етті.
Қыз жұрты сезімімді селт еткізбес жастамын, сондықтан досымның бұл ыржыңын мен ұқпаймын. Ұқпасам да ырқына көніп қосыла жымиған боламын. Көңілін қимай, мінеки, бүгін де борсаңдап еріп келе жатырмын.
- Мен Райханмен сөйлескенде, сен былай... көрінбей тығыла тұр, жарай ма?
- Жарайды.
Асфальт жолдан шығып, Райханның үйі жаққа бұрыла бергенде, Рахат иығымнан ұстап тоқтатты. Өзі көшенің келесі бетіне мойнын созып телміріп қалыпты.
- Анау талдың түбінде Людмила Васильевна тұр. Мен жүре берейін, сен барып сәлемдесіп қайт. Көрмегенсіп өте шыққанымыз ұят болады, – деді.
- Жарайды!
Алагеуім шақ, жолдың арғы жағында, ағаш- тың қараңғылау тұсында ағараңдаған көйлекті мен де анық көрдім. Рахат “бар” деген соң тілге келге- мін жоқ, солай қарай бүкеңдей жөнелдім. Жақындап келсем, қашаға сүйеніп екі кісі сүйісіп тұр екен. Бі- реуісі Людмила Васильевна, екіншісі бөтен бір әске- ри адам, офицер, лейтенант. Бала болсақ та, шүкір, әскерилердің шен-шекпенін айыра білеміз. Офи-
цер бойшаң екен де, мұғалиманың өкшесі көтеріліп кетіпті, тіпті жерге тимей тұрды. Аппақ көйлегі боз селеудің үкісіндей желбіреп, жұмыр балтыры тоқ са- нына дейін жарқырай ашылып қалыпты.
Тура қасына келсем де, біріне-бірі жабысып қал- ған екеуі мені байқар емес.
Мен жайлап өзімнің мұғалимамды мықынынан қақтым:
- Сәлеметсіз бе, Людмила Васильевна! – дедім. Екеуі құшақтарын жаза бере, екі айырылып кет-
ті. Мұртын сылаған сырбаз офицер осқырына төмен қарады.
- Сәлеметсіз бе, Людмила Васильевна! – Есті- мей қалған шығар деп, жағызған қозыдай жаутаңдап, мен сәлемімді тағы қайталадым.
- Сә... сәлем... ет болсын, Әбдіғазиев!
Людмила Васильевнаның әуезді жібек үні бұл жолы үкінің уіліндей ентігіп шықты.
Амандасу рәсімі біткен соң, мен аялдаған жоқпын, бұрылдым да өз жөніме жүріп кеттім.
Қарасам, Рахат тызақтап безіп барады екен, әзер қуып жеттім. Ішін басып, мені шұқып көрсетіп, сақ- сақ күле береді.
Бір нәрсені бүлдіргенімді, ағаттық жасап мазақ- қа қалғанымды сонда ғана түсіндім.
* * *
Ертеңінде менің көңілімді өзіме де мәлімсіз көмескі бір күдік торлап алды. Орыс тілі сабағында
көзім сырғақтап, аппақ апайыма қарауға бет жоқ, қабақ көтермей отырдым да қойдым. Сабақ аяқта- лып, оқушылардың бәрі топырлап далаға жүгіргенде, Людмила Васильевна:
- Әбдіғазиев, сен қала тұршы! – деді. Имене басып, мұғалимаға жақындадым.
- Сен сыр сақтай білесің бе? – деп апайым көкпеңбек көздерін тотайлана төңкеріп, маған бір- түрлі сынай қарады.
“Сыр” дегені құпия ғой... Неге білмеймін? Білемін! Кинодан талай көріп жүрмін. Отан үшін, ел үшін жан пида, жаудың қолына түссең де, партизан- дар сияқты жақ ашпау керек. Әлгі киноларды көрген сайын мен де әлдебір ерлік жасап, ат ойнатып атымды шығарсам, атойлаған батыр атансам деп іштей арман ететінмін. Жайы келсе Александр Матросов секілді ел үшін, жер үшін, Людмила Васильевна секілді сүйікті ұстазым үшін жаудың оқ боратқан дзотына жата кетуге де көптен дайынмын.
Мен бойымды тіктеп, сымдай тартыла түстім де, басымды шыбындаған атша шұлғыдым.
- Мінеки, сыр сақтай білетінің өте жақсы бол- ды. Ендеше, кешегі екеуіміздің кездесуіміз де құпия болсын, жарай ма?
- Жарайды!
- Екеуіміздің арамыздағы алғашқы құпиямыз осы болсын, жарай ма? – Аппақ апайымның албы- раған ақша жүзінен мейірім төгіліп кетті.
- Жарайды!
Әрине, сынып жетекшісі солай деп тұрған соң, мен бұл құпияны тірі жанға тіс жарып айтқамын жоқ.
Рахат болса ертесінде жолы болып Райханмен кездесті де, әлгі оқиғаны ол да ұмытып кетті.
Екінші жағдай
Арада бір жыл өтіп, жетінші сыныпта жүрген кезіміз.
Бірде әкем екеуіміз көше бойлап әлдебір жақтан жаяулатып келе жаттық. Күздің құт қашырған сұп- сұр бұлыңғыр күндерінің бірі болатын. Қыт-қыттап бірер тауық, шарбақ түбінде бүк түскен кәрі төбеттен басқа көшенің ұзын бойында қыбыр еткен жан жоқ. Сол кәрі төбеттің арғы жағында шүңкиген шүмек бет жадау шал отырған. Мен ол шалды алыстан байқап келе жаттым. Үй сыртындағы ұзын орындықта екі бүктеліп, құныстана қушиып қалыпты. Кескіні тым солыңқы, бет әлпеті күлдей, сақал жоқ, қайыстай қатқан сұр кісі екен. Аузына түскен сирек мұрты ғана болымсыз қыбырлайды. Біз қасына жақындағанша қабағын көтермей, таяғына сүйеніп тұқшиып отыра берді. Ақжамау болған ескі етігіне телміріп, терең ойға батқандай кейіпте. Оқта-текте құмыға күркілдеп қояды. Маған бұл адам ашық күнде адасып, жападан- жалғыз қалған жандай көрініп кетті. Жақындай бере әлгі шал әкеме емес, соңында салпақтаған мен жаққа көзін сыдырта бір өтті де, қабағын қайта түсіріп
жіберді. Соның өзінде шібіш көздері тікшие қадалып, жек көре қарағандай болған. Әкеме бұрылып едім, ол кісі мынау қатпа шалды аңдамаған тәрізді, керзі етігін тарпылдатып көшемен туралай тартып барады. Әкемді білмедім, мына жетім қарияға сәлем бермей тасырайып қасынан өте шығуды мен өзіме ұят са- надым. Жон арқам шымырлап, әлдебір қалтарыс- тан Людмила Васильевна сығалап қарап тұрғандай ыңғайсыздандым. Сол оймен бұрыла беріп едім, әкем бәрін байқап келеді екен, шап беріп білегімнен ұстай алды. Қатты қысып жіберді де, өзіне қарай жұлқи тартып қалды.
- Әке, қолымды ауырттың!
Шыр етіп дауысым шығып кетті, сүрініп барып, бойымды әзер тіктедім.
- Жүр былай...
Әкем қолымды сәл босатты, бірақ жіберген жоқ.
- Сәлемдесейін деп едім... – ренішімді сездіріп, қоңқылдап келем.
- Жүр былай!
Мен бір жаққа қашып кетердей қолымды жі- берсеші, жетектеп келеді. Әлгі арадан біршама ұза- ған соң ғана босатты.
Түкті түсінбей, жыларман күйге жетіп, әкеме жаутаңдай бердім. Әдетте менің үлкендерге қол ұсынып амандасып, иіліп сәлем беріп жатқанымды көргенде іштей еміреніп, жадырап қалушы еді. Оны- сын өзі ашып айтпаса да, әлдебір балалық түйсік- пен сезетінмін. Енді мына қылығы несі? Бұл қай
мінезі? Құдай ақы, туғалы бері әкемнен дәл мұндай ожарлықты күткен жоқпын.
Әкемнің әлгіндегі жайдары жүзі бұзылып, жа- уар бұлттай түнеріп алған. Мұрынын тыжырып қоя- ды, жиіркенген сыңайда. Мұнысын көргенде, мен шынымен бірдеңені бүлдірдім бе деп қапалана бас- тадым.
- Әке!
Әкем үнсіз, жауап берер жағдайда емес, сайтаны ұстап, іштей буырқанып-ақ келеді.
- Апай “үлкен кісілермен амандасып жүріңдер” деген?
Басқадай не айтарымды білмедім, егер бірдеңені бүлдірген болсам, бұл менің ақталған түрім болатын.
Біздің үйге бастар көлденең көшеге түскенде ғана әкем аял жасап, иығымнан құшақтады, сосын бауы- рына тартты.
- Балам, – деп бұрылып көзіме тіке қарады, да- уысы біртүрлі тарғылдау шықты. – Сенен ешқандай да қателік жоқ, балам. Қателік анау кісінің өзінде.
Солай деді де, әкем мені иығымнан құшақтаған күйі үйге қарай жылжи басып жүріп кетті.
- Сәлемнің де жөні болады, балам. – деді жүре сөйлеп. – Саған айтарым, көрінгенге жалпылдай бер- ме. Жайлап, ойланып барып қолыңды ұсын. Олай дей- тінім, бұл өмірде сәлем бермей, аулақ жүретін адамдар да толып жатыр. Ондайды да біліп жүргенің жөн.
Әрине, мен түк ұқпасам да, әке ақылына толық келісіп, дегенін мойындап бас изедім.
Әкем жүре сөйлеп келеді.
- Жаңағы кісі – бұл өмірде сен сәлем бермес сон- дай адамның бірі. Оның сырын айтайын, сен мықтап құлағыңа құйып ал... Мына мен төрт жыл соғысқа бастан-аяқ қатысып қайттым. Неше рет жаралан- дым, соғыстың азабы мен қасіретін бір кісідей бас- тан өткердім. Суішкілігіміз болған шығар, нелер бір қанды қасаптан тірі шығып, елге аман-есен оралдық. Қуанышпен туған жерімізге келіп, адалынан еңбек еттік. Содан запперме боп жүрген жерімде үстімнен нақақ жала жауып, он бес жылға айдалып кеттім. Біраз жыл түрменің азабын да тарттым. Әйтеуір Сталин өлген соң барып қана, елудің бесінде ақталып, біржола босап шықтым.
Мен бұрылып әкемнің күреңіткен бет-жүзіне қарадым. Көп сөзге жоқ, сырға сараң әкемнің бір кездері сотталғаны туралы мен дәнеңе де білмейді екенмін. Әкеміз біздің түсінігімізде қан майданда жаумен шайқасқан, ақыры сол жауды жеңіп желпіл- деп үйге жеңіспен қайтқан, кеудесінде жарқыраған Қызыл жұлдыз ордені бар, “Кенигсбергті алғаны үшін” медалі бар қаһарман солдат, ауылдың батыры- тын. Мынау әңгіме мен үшін түйеден түскендей тосын жаңалық болды, миымды айналдырып, ішкі әлемімді астан-кестен етіп жіберді. Батыр санаған әкемді “сот- талды” дегенге өрем жетер емес.
- Мені он бес жылға айдатқан жаңағы кісі, – деді әкем. – Ол кісі көп жылдар бойы НКВД-ның жансызы болған... Сенің нағашы атаң Әлмырзаны да
“жапонның шпионы” деп жала жауып, жиырма бес жылға кескізген де осы шал. Нағашың итжеккенге айдалып, содан көп жылдан соң көксау болып қайтты, ақыры содан көз жұмды. Көршіміз Сағынғали ағаң есіңде ме, соның әкесі мұғалім болған кісі еді, бала күнімде мені де оқытқан. Сол мұғалімді де “халық жауы” деп ұстатып, атқызып тастады. Олар ғана емес, тыңшы болған бұл кісі осы қаланың көп адамын нақақ ұстап берді, соттатты, айдатты, аттырды. Оны жұрттың көбісі біледі, білгендер бұл кісінің жанына жоламауға тырысады. Қолы қанға боялған, халықтың қарғысына қалған адам бұл. Соны біліп қой, балам!
Расында да “Әлмырза нағашың Сібірде болған” дегенді менің де еміс-еміс естігенім бар. Бірақ ол жаққа не үшін барғанын, не істегенін нағашым бізге ғұмыры айтқан емес. Апырмай, неліктен осы үлкендердің ой- лары тұспал, бойлары жұмбақ келеді екен?
Әкемнің “қолы қанға боялған” деген сөзі жүрегім- ді дір еткізген. Мұндай жаман сөзді бұрын естіме- ген екенмін, екі алақанымды қатар ашып, күдіктене қарадым. Сосын бірдеңе жұғып қалғандай екеуін де шалбарыма ысқылап-ысқылап жібердім.
* * *
Алашыбай “әңгімем бітті” дегендей, орындық- тың арқалығына шалқалап, үнсіз қалды.
- Құда, мына әңгімеңізде адамға ой тастай- тын мәселе бар сияқты, – дедім мен. – Астарында тәрбиелік ұлағат, үлкен философия жатқандай ма, қалай өзі?
- Онысын қайдан білейін, – деді Алашыбай. – Жаңағы баланың сәлемі ғой, баяғыны есіме түсіріп отырған.
- Аппақ мұғалимаңыздың кейінгі тағдырынан хабарыңыз бар ма?
- Қайдан... оқу іздеп Шымкент кеттік. Қызмет бабымен Алматы мен Атырауда жүрдік. Естуімше, Людмила Васильевна кейін әлдебір әскери адамға тұрмысқа шығыпты. Тегі, мен көрген лейтенант сол болар. Өзі Тарас Шевченконың қазақ жеріндегі өмірін зерттеп, диссертация қорғап, ғылым кандида- ты атағын алыпты. Ұзақ жылдар бойы Қызылорда университетінде қызмет жасаған көрінеді. Елге сый- лы, халқына қадірлі адам болыпты. Осы жуықта, 2010 жылдың басында сексен жасқа жетіп, дүние салғанын естідім.
- Ұстазыңыз жақсы адам болған екен, нұры пейіште шалқысын! – деп мен бет сипадым.
- Мына, қасыңыздағы құдаңыздың бойынан кісілік пен адамгершіліктің, имандылық пен ізгіліктің қылаудай бір белгісін көрсеңіз, сол украин қызының тәлімі деп ұғыңыз. Сол ұстазымыз үйреткен әдеп біздің санамызға мықтап сіңіп, бәріміздің өмірлік ұстанымымызға айналып кетті. Үлкенге құрмет, кіші- ге ізет білдіріп, елпілдеп тұратынымыз содан.
Мен құдам әңгіме еткен әлгі көтерем шалды ой- ладым. Кеңестік кеңкелес заманның ереуіліне ерген- нің бірі болды ғой, тегі... Оларды үркітіп-қорқытып мәжбүрлеген де шығар. Сол үшін амандаспай өте
шығу деген қалай өзі? Қарт адамды өйтіп қорлауға, қоғамнан аластауға бола ма? Сол ойымды түйіндеп айта беріп едім, Алашыбай:
- Жоқ, – деді жұлып алғандай. – Қай заман- да да сатқындыққа ақтау болған жоқ, әсіресе ұлтын сатқандарға кешірім жоқ.
- Дегенмен...
- Егер әкейдің амандаспай өтіп кеткенін жөнсіз деп тапсаңыз, сіз осыны әңгіме етіп жазып шығыңыз? Шын айтам... Бірақ мен секілді ауыз екі сөзбен құрғақ баяндамай, былай дұрыстап өңдеп, көркемдеп жіберіңіз. Сосын, төрелігін біз емес, қа- лың оқырман айтсын...
- Байқап көрейін... – дедім мен екіұшты ойға қалып.
Құданың көңілі құдайдай деген, Алшекеңнің тілегін орындамасқа болмады. Арада бірер ай өткен соң уақыт тауып, мінеки, осы әңгімені жазып шықтым.