АЮДЫң ӨТі ҚАЙДА?
“Аңшы хикаясы” циклынан
Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары бола- тын.
Ерен ертеңгілік жұмыс бөлмесіне кіргені сол еді, үстел үстіндегі көк телефон қолды-аяққа тұрмай бе- зектеп жатыр екен. Қоңырау қала жақтан сияқты... Ауыл арасы, дос-жарандардың телефон шырылы момақан, мүләйім болушы еді. Мынау үстемдігін сездірген, “тез ала қоймадың” дегендей өктем, ашу- лы, долы шалыс.
Ұмтылып барып Ерен телефонның құлағына жармасты.
- Әй, қайда жүрсің? – деді арғы жақтағы тарғыл дауыс. Ерен Жұмағұлов аудандық аңшылар қоғамының төрағасы еді. Ал мына дауыс облыстағы өзінің тікелей бастығы Амантай Қалмақбаев екен.
- Жұмыстамыз ғой...
- Жұмыста болсаң, былай... шұғыл тапсырма бар. Мұқият тыңдап ал!
- Құлағым сізде!
- Тағы бір мейман келе жатыр... Жақсылап қарсы алыңдар!
- Қашанда дайынбыз ғой... Тағы шет елден бе?
- Енді қалай деп едің? Жапониядан! Өзіміз секілді қысық көз біреу екен.
- Бұйырсаңыз бопты! Қайда салу керек?
- Аюға!
- М-м-м! Тағы да аю ма? Өзіңіз білесіз, біздің жақта аю азайып кетті ғой. Бұл жапонға аюды қайдан табам? – деп Ерен қоңқылдай бастап еді, бастығы:
– Табасың! – деп сөзін бөліп жіберді. – Ақшасын төледі, лицензиясы қолында. Енді не керек саған? Айлатып жатса да қалағанын тауып бер! Айтуына қарағанда, оған сенің чучелаң да, терісі де керегі жоқ сияқты. Аюдың өті керек дейді.
- Өті дейсіз бе?
- Иә, аюдың өті...
- Терісі керегі жоқ дедіңіз бе?
- Айтып тұрмын ғой, керегі жоқ... Патша көңілің қиып жатса, терісін маған сыйла! – Амантай бастығы қарқылдап күліп жіберді. – Қонақ қазір сен жаққа көлікпен шығады. Біздің мекеменің шопыры апарып салады. Арғы жағы сенің құзыретіңде... Жапонша тіл білуші ме едің?
- Проблема жоқ, дүниежүзі аңшыларының тілі ортақ! – деп Ерен байыппен жауап қатты.
- Жарайды, жарайды, біздікі әш-шейін қал- жың да.
- Тапсырмаңыз осы ма?
- Осы... Ұятқа қалдырмассың!
- Белгілі шаруа ғой...
Ерен жайлап телефонның құлағын ілді де, жа- ғын таянып ойланып отырып қалды. Хатшы қызды шақырып, Өрікбай Жайсаңбековты іздетті.
Өрікбай маңайдағы ауылдың бірінде тұратын кә- сіби аңшы еді. Осыдан үш күн бұрын учаскесін аралап жүргенде, әлдебір сары аюды көргенін телефонмен хабарлағаны бар. Сол хабары рас болса, ол “апам” ұзап қайда кете қойды дейсің... Жүрген шығар сол маңайда майпаңдап қыстық майын жинап, жемісін жеп. Мына шаруаны бас білетін сол Өрікбайға тапсырғанды жөн көрді.
Арада сағат жарым өткенде шашы желпілдеп, өзі елпілдеп Өрікбай кірді бөлмеге.
- Өреке, – деді Ерен аман-саулықтан соң әңгі- мені алыстан тартып. – Осы сен маған мынаны айт- шы! Біздің кәсіпкерлер неге аң ауламайды? Өстіп ылғи шетелдіктерге малай боп жүре береміз бе?
- Ойбу, Ереке, қиналып отырсыз ғой! Не боп қалды? – Өрікбай бастығына қасын көтеріп, біртүрлі секем ала қарады.
- Тағы бір шетел келе жатыр.
- Ә, онда мәселе түсінікті... – Өрекең сөз төр- кінін бағамдады да, суырыла сөйлеп жөнелді. – “Біздің кәсіпкерлер неге аң ауламайды дейсіз” ғой баяғы? Олар аң ауламайды емес, аулайды. Бірақ олар шетелдіктер құсап лицензия сатып алмайды. Біздің
кәсіпкерлер мен шенеуніктер аңды тегін аулаған- ды ұнатады. Сосын оларға сіз бен біздің жолбасшы болып керегіміз жоқ. Өйткені олар тау-қияға жаяу шыққанды, тырмысып тасқа өрмелегенді суқаны сүймейді. Олар аң біткенді тіқұшақпен аулағанды, төбеден Калашников автоматымен атқанды ұна- тады. Екеуімізге олар пішту деген... Сондықтан да біз олардың келіп-кеткенін көрмей де, білмей де қаламыз.
Әріптесінің қияңқылау сөзін Ерен миығынан жымиып, мұқият тыңдады. Көкейге қонатын, құ- лаққа жағатын сөз. Расында, ондай жағдайды Ерен- нің өзі де біледі, біле тұра әдейі сұрап еді. Өрікбай ойнап айтса да, ойындағысын айтты. Өзінің де, Ереннің де көкірегінде көптен қордаланған қы- жылды шығарды... Кәсіпкерлер мен лауазымды бастықтардың “аңшылығы” туралы бұл өңірде ал- уан аңыз бар. Сөз қуғандай болып, ондай-ондайды тізбелеп қайтеді. Тек былтырғы жылы Ішкі жақта аң аулап жүріп апатқа ұшыраған тікұшақты еске алса да жетіп жатқандай... Бұғы қуалап жүргенде қапалағы самырсынның бұтағына ілініп, тікұшақ оппа қарға топ ете түсіпті. Құдай сақтап, ұшақтары жарыл- мапты, мертіккен де ешкім болмапты, бәрі дін аман құтылыпты деседі. Апат жайында басқадай мәлімет болмады, оқиғаның егжей-тегжейі айтылмады. Бол- ған жайды даурықтырмай естігеннің құлағын жауып, көрген жанның аузын басып, ләм-мим түк жоқ – жылы жауып қоя салысты...
* * *
Жапондық “интураңшының” аты-жөні – Кацуо Мурасаки екен. Қырықтарға иек артқан орта бойлы, бұраудай тартылған таразы кісі. Қаланың көк түтінінде емес, даланың жел қаққан аптабында көбірек жүргені бет-жүзінен, ширақ мінезінен көрініп-ақ тұр. Келген күні ауылдағы ағылшын тілінің мұғалима қызы арқылы суыртпақтап тілдескен болысқан. Содан ұққандары – Мурасаки-сан аңшылықты кәсіп етпепті, кәдімгі жер кезген әуесқой турист болып шықты. Өткен жылы ин- тернеттен жапондықтардың да Алтайдан шыққанын оқыпты. Содан ұзақ дайындалып, бұл жақтың елі мен жерін көрсем деген әуесқой қызығушылықпен келіпті. Оған қосымша бір дәрігер досы, “егер табылып жат- са аюдың өтін ала келерсің” дегендей базына артып жіберіпті. Бар шаруасы осы екен. Қысқасы, әдеткі “трофейлік аңшылардай” емес, бұл кісінің келген келісі жұмбақтау, жүрісі бөлектеу көрінді.
Көкбөрінің ұрпағымыз деп алаулатып-жалау- латқан түркі текті ағайын ғана емес, шығыстың қиы- рындағы кәрістер де, тіпті көк мұхиттың арғы жа- ғындағы американ үндістері де Алтайдан шығыпты деп ғалымдар кеңірдек созып даурығып жатады ғой. Мына келген жапон азаматы да баба жұртын аңсаған сондай лектен тәрізді. Мейлі, бола берсін....
Ондай-ондай одағай сөз, тосын әңгімеге бұл жақтың қазағының құлағы әбден үйренген.
Аю өтінен Шығыс медицинасында, әсіресе Жа- пон елінде аса қымбат дәрі-дәрмек жасалатынын
Ерен де естіген. Ол жайында бұл өңірде алыпқашпа әңгімелер де баршылық... Осыдан бірнеше жыл бұрын аю өтін іздеп Алтайға жапондық кәсіпкерлер кел- се керек. Пысық қазақтар оларға сақтап жүрген аю өтін өткізіп, шаш етектен байып қалыпты. Дәндеген жапондықтар араға жыл салып тағы да келеді ғой. Байлап қойған аюлары жоқ, қазақтар енді не істесін? Кейбір жылпың ағайын тағы да ыржалақтап олардың алдарынан шығады да, аюдың орнына бұқаның өтін өткізіп жіберіпті. Содан жапондықтар қайтып бұл маңайға аяқ баспай кетсе керек. Қазақтың да бизнесі осымен тамам болған екен.
* * *
Мейманға аудан орталығында арнайы дастарқан жайылып, қазақы сый-сияпат пен құрмет көрсетілді. Орталықта бір түнетіп, ертесінде Ерен керек-жа- рақтың бәрін машинаға артты да, мейманды Өрік- байға ертіп тауға қарай шығарып салды.
Күн табағы тайпалып жамбасқа еңкейген шақ- та бұлар шетелдік аңшылар үшін арнайы дайындал- ған кордонға құлаған. Кордон дегені – қарағайдан қиып салған кодтедж рәуішті қос бөлмелі қоналқы үй-тін. Самаладай сап түзеген қайыңды тоғайдың ықтасын жағынан орын тепкен. Қасында шағын қара моншасы бар. Моншаның іргесінде сылдырап мөлдір бұлақ ағып жатыр. Бұлақтың арғы бетінде омарташы кержақтың жұпыны мекенжайы қараяды. Селдір сақал, сидам шаш сүлкиген Селиван шал
осы кордонның күзетшісі есепті екен. Сол қоңторғай тірлігіне титімдей болса да тиын-тебен алып, кемиек кемпірі екеуі шайлығын айырып отырған сыңайда.
Бұл мекенді ежелден Середчиха деп атайтын. Төмендегі ойқы-шойқы ойпаңның ойраны шығып жатқаны байқалады.. Қаусаған үйлер, қираған құры- лыс, шаншылған діңгек, шашылған бөрене... Кезін- де бұл ойпаңда тіршілігі қайнаған үпір-шүпір посел- ке болған. Соғыстың бел қайыстырған қиын-қыстау зобалаңында, одан бергі елудің еңсені езген қыса- лаң кезеңінде бұл өңірде жыл он екі ай ағаш кескен. Кескен ағаштарын Бұқтырманың асау толқынымен арпалысып, Зырян қаласына сал ағызған. Алпы- сыншы жылдардың соңына қарай ағашты дайындау мен тасу жұмыстары түгелдей механикаландырыл- ған кезде поселкенің көп жұмысшылары сандалып бос қалысады. Артынша “леспромхоз” атты мекеме құрылады да, Алтайдың бұл маңайдағы қарағайы мен самырсыны ұстарамен қырғандай тақырланады. Сөйтіп, жасыл желегі желкілдеген тау мен жота таздың кепешін киіп қала береді. Ағашы таусылған соң төбедей поселкенің де маңдайынан бағы тай- ып, азып-тоза бастайды. Ақыры мұндағы қалың ел түгелдей ілгерінді-кейінді етек жаққа көшіп кетіседі.
Қазір бұл аймақ алапес тигендей ала-құла – қаптаған қара томар, қаражағал қырқалар, шұбар бет шоқаттар. Қалың томар арасында қылтиып, бой көтерген көк өскіннің зәулім қарағай болуына әлі көп жыл керек.
Кордондағы Нұрсан мен Мерхат деген күтуші екі жігіт шаруашылықтың егерлері болып шықты. Келетін қонақ туралы хабарды рациямен алыпты. Содан малын сойып, етін асып дегендей, елеңдеп күтіп отыр екен. Бүгін осы арада аяқ жазып демалып, аю қарауға ертең ертемен шығатындарын қонаққа ымдап ұқтырған болысты. Басқадай көңіл жазып, көсіліп сөйлесуге тіл құрғыры жетпеді. Әйтпесе Жа- пония жаңалықтарын естіп, ол жақтағы аңшылықтың жайынан әңгіме тыңдаса артық болмас еді.
Дастарқаннан соң Мурасаки-сан фотоаппара- тын арқалап төмендегі ойпатқа қарай кетті. Көшкен ауылдың қираған жұртынан не іздемек болғаны белгісіз.
Қалған үшеуі ертеңгі аса қауіпті сапарға да- йындыққа кірісті.
* * *
Өрікбай көмекшілікке екі жігітті қоса ертіп, Мурасакимен бірге таң қараңғысынан атқа қонған. Нұрсанның аңшылыққа үйретіп жүрген лайка төбеті де бұлармен бірге ере шықты. Сыңар аяқ қылтамен үшеуі қаздай шұбырып, Мохнатка тауын бауыр- лай тартты. Бұл жаққа салт ат болмаса, машинадан қайыр жоқ. Тіпті кейбір тұста ат та жүре алмайтын шатқалаң шатағы жетеді. Қоржындаған қара қорым, айқыш-ұйқыш жығылған ағаш, сида бұтақ, бақасы бақылдаған саз батпақ.
Әнеугүні учаскені аралап жүргенде, алыстан дүрбі салып, Тесная өзенінің қайнарындағы ойыстан
әлдебір сары аюды көргені бар еді. Тесная, атына сай, таудың тар өңешінде қысылып, алқына аққан асау өзен. Өзен шатқалы жан баспаған жыңғыл тоғай, та- сты қорым, жарбиған жарқабақ. Сондықтан судың ба- сына бару үшін алдағы қожыр тасты, салба самырсын- ды Мохнатка тауын алқымдап асып түсуге мәжбүр.
Жалпы, бұл маңайды ертеден Патриарх Никон- ның реформасынан қашып-пысып, жер ауып келген “раскольниктер” мекендеген. Содан да болар, жер- су аттарының бәрі тіл бұраған бөтен сөздер. Сонау жетпісінші жылдардан бастап старовер-кержақтар да бұл арадан көше бастады. Қалаға кетті, далаға кетті, орыстармен сіңісіп, жан-жаққа тарап таусылуға таяу. Қазір әр жерде бір омалып омарташы шалдың отырға- ны болмаса, қара ормандай қалың кержақтан тұқым да қалмай барады. Жалғанның жарымына жайылған мынау құлатүз бүгінде меңірейіп иен жатыр.
Бақса, нарыққа ендік, мал табудың жөні осы екен деп, соңғы жылдары аңшылықты асыра жарна- малап кеткен тәріздіміз. Үкімет аңшылықпен мамыр асып байып кететіндей жоспар жүктеп, міндет артып қоятыны ыңғайсыз-ақ шаруа. Соның салдары ғой, көктем мен күзде шетелдік аңшылардың бұл өңірді майлы ішектей айналдырып алғаны. Жылтыңдап әр елден келгіштер көбейіп кетті. Беттері бедірейіп, ауыздары қисайып тек қана бұғы мен аюды атайды. Елік пен күдір сияқты майда-шүйдені менсінбейді. Сөйтіп, бөтен жұрт атып азайтты ма, әлде майдан аш- қандай мылтық дауысынан үркіп жер ауып кетті ме,
соңғы кезде Алтайда аю мен бұғы сирексіді. Жалпы, баяғыдай емес, аңшылықтың өзі әрекеті көп, берекеті жоқ тышқаншылаған тірлікке айнала бастады. Әлгі аю да Ойман асып кетпесе жүрген шығар қыстық қорын талмап жинап, сол маңайды төңіректеп. Ылай- ым, солай болғай... Әйтпесе, босқа сандалып, құр қайтар болса – атасы бөтен мына азамат қазынаға құйған қаражатын санап тұрып қайтарып алады. Ондай жағдайда Еренге сөз тиеді, аңшылар Қоғамы жұмысты ұйымдастыра алмай отыр деп, жігіттер де азын-аулақ сый-ақыдан қағылады.
Тау баурайында боз тұман шаңытады. Қарсыда- ғы қаптал да қылаңыта бусанып жатыр. Арғыдағы Шыбындының шыңырау шатқалы мүлдем көрінбей қалыпты. Қою тұман терең сайды тығындап, мақау бітеп тастаған. Бейне бір шатқал ернеуі – жердің біткен тұсы, жеткен шегі, одан әрі түпсіз тұңғиық дерсің.
Әдетте Алтайдың тұяқты аңы таң бозынан ашыққа шығады. Табиғат ұйқысынан әлі оянбаған беймезгіл шақта бой жазып, олар кебу тепсең, жазық алаптарда алаңсыз жайылады. Күн кірпігі қылтия қалың теріске қайыра кіріп кетеді де, содан ымырт түскенше күйіс қайырып, тырп етпей жатып алады. Ал аюдың қисыны басқаша. Аю үшін иен табиғатта қорқатын дәнеңе жоқ, өзі би, өзі қожа. Алты ай қыс ұйқысына ұзағынан дайындалып, талмап талшық- тап бойына қажетті май жинаумен болады. Сөйтіп, ол күндіз де, түнде де жайбарақат жайыла береді. Мұндай саумал иісті сарыала күзде аю мүлде бейқам,
қорек іздеп қарынның қамымен әбігер. Әлгі көрген сары аю да арадағы үш-төрт күнде борбаңдап алысқа ұзай қоймаса керек-ті.
Бүлкілдеп сыңар соқпақпен келе жатқан Нұр- санның төбеті бір мезетте бұлт етіп ағаш арасына кіріп кеткен. Байқаса, қос құлағы ербиіп тарғыл жон баршатышқанды шиқылдатып қуып жүр екен. Қап, мына иттің жаман әдетке басуын қарашы! Бүйте бер- се ертеңгі күні тиінге салғанда алжасып, тиіннің ор- нына тышқанға үріп жүруі кәдік.
- Әй, Нұрса-ан-н, итті бұзасың, қайтар кейін! – деп Өрікбай серігіне барқ етті.
Қос қанаттағы орман ішін де көз қиығымен болжап келеді. Айгөлектенген самырсын басы баяу тербеліп, жүрекке жылы қоңыр саз шығарғандай. Бұл аймақта биыл долантопшы қалың екен. Көз қызықтырған қып-қызыл жемісін бұтағы көтере ал- май тағзым ете иіліп тұр. Соған қарағанда, алдағы қыста бұлғын аулау қиынға соғатын түрі бар. Бұлғын аса сақ, шақылдаған шақар аң, әккі жыртқыш қой. Адамнан оншалықты сескене қоймайтын залымның бірі де осы бұлғын. Ол пәле долантопшы жеп те жа- нын сақтап, қытымыр қыстан былқ етпей шыға ала- ды. Әдетте аңшылар бұлғынды жүні жетілген қыста аулау үшін жаз бойы оның жүрер жолына кормушка- үйшіктер іліп, ол үйшіктердің ішіне ет салып, тамақ беріп бой үйретеді. Ал долантопшы қалың шыққан жылдары ол үйшігіңе қарамайды, етіңді де жемейді. Мұндай жағдайда бұлғынды тек қақпанмен ғана ау-
лай аласың. Ал қақпан құру – аңшының жүйкесін жүдетер қиын амалдың бірі.
Шырша басында түгіршік аз шыққан екен. Жыл аралатып ағаштың да өстіп дем алатыны бар. Түгіршік аз шықса тиін де азаяды. Тиіннің мүлдем жер ауып кететін жылдары да болады. Шыдайсың, оған да амалсыз көнесің. Өйткені адамда табиғаттың заңына қарсы тұрар қауқар жоқ.
Күн қабағы мұнарлы болатын. Көк жүзінде ты- раулап, көңілге сағыныш тастап тырналар тізбегі өтіп бара жатты. Кеш қайтқан тырналардың соңы болар, тегі. Құралай мен бидайық қалың өскен Матыбай да- расынан еліктің әупілі естілді.
Бобровка аңғарының арғы төрі бұлтың жонды кең қолат. Қолаттың қалың теріске сұғынған соқыр өзегін, оның оң жағындағы дөңкиген доғал таудың жайылмасын дүрбі салып ұзақ сүзді. Бұлың-бұлың мұнартқан адыр-қырқаларды да көзі талғанша тінт- кіледі. Соңынан Проходная асуын атпен асып, теріс- кей тараптың күншілікке созылған қоянжон бұй- раттарын да шолып шықты. Бірер тұстан тастақ топыраққа түскен бұғы-маралдың көмескі ізі болма- са, іздеген аю жер жұтқандай көрінбеді.
Түс әлетінде секиген әлдебір қара жартастың түбін паналап, ықтасын тұсқа от жағып, тамақ жы- лытты. Сораптап шай ішіп, бойға қан жүгіртіп, жан шақырысты. Иен түзде қою қара шайдың өзі етке бергісіз дәмді болады. Жалпы, тауда жүрген адам тамақсау келеді. Содан ба, жігіттер дастарқанды
жапырып жеді. Қомағай қасықпен емес, тамақты таяқпен жейтін жапондық та жеті күн аш жүргендей тәбетінен тартынған жоқ.
Күнде мініп жүрген емес, шетелдік мырзалар ат- пен бірер сағат қыдырғанға таңдары созылып, қара еттері жыртылып, талтаңдап қалушы еді. Мына жа- пондық әлеуетті екен, салт жүріске кәнігінің өзі болып шықты.
Сағат жарымдай уақыт бел суытып демалған- нан кейін, Өрікбай аттарды бұйыға арқандатты да, өзі үш жігітті қасына жаяу ертіп, мінбелеген қалың қорымның арасымен таудың күн түскен күреңселі иығына қарай өрмеледі.
* * *
Бұлар алдымен аюдың құм топыраққа бат- тия түскен ізіне кезікті. Із жосадай жаңа... Жайдақ жотаның саргідір бөктерін біраз шиырлапты. Әр тұстан “черемша” дейтін жабайы пияз қазып жепті... қыстық жатаққа ішін тазалап жүрген жайы бар. Қазған жердің топырағы бусанып бұрқырап жатыр. Өрікбай аюдың жақын маңда екенін сездіріп, Мура- сакиге түсіндірген болды. Қағілез, ұғымы бар кісі ғой, “ұқтым” дегендей басын шыбындаған атша шұлғыды. Енді бұлар бұта-бұтаны сағалап, аңдап басып, асқан сақтықпен ылдилады. Көңіл шіркін күпті, жүрек ма- засыз... Жиі-жиі тоқтайды, алақтап маңайды шолады, елеңдеп тың тыңдаған болады. Сыбырлап сөйлеседі, жыбырлап жылжиды.
Жақын жерде аю жүр деген ойдың өзі аяздай қалтыратады екен.
Ауада сылбыраң желкем бар еді, оның соңы қар ұшқынына ұласты. Өр Алтайдың бұл маңы ат тұяғы түсетін алыс қиыр. Табиғаты шамшыл өңір, желтең күннің қарлы боранға айнала салуы ғажап емес.
Аңшылар қыбырлап қозғалып, сағат жарымдай уақытты ұтқызды. Қиыстағы әлдебір шұбар тұмсық- ты айнала бере сарсыла іздегендерін ақыры алыстан көрді... Қара орманның терістік жиегіндегі жөргектей жазаңда бір көрініп, бір жоғалып, түртінектеп жер қазып жатыр екен. Сырттан қарағанда, жон арқасы бұлтыңдаған алып көртышқанға ұқсағандай. Жер арасының балын тапты ма, әлде құмырсқаның илеуін қопарып жатыр ма, белгісіз.
Өрікбай дүрбі салып ұзақ тесілді. Өз көзіне өзі сенбей тұр, тоңқаңдаған мына аю ана жолғыдан өзгешелеу секілді... Ол көргені сары ала еді, атан өгіздей арбиған алпауыт еді. Мынасының түсі қа- рақоңыр, тұрпаты да кішілеу ме, қалай? Байқауын- ша, үш қыстаған маймақ табан... Мейлі ғой, сарысы не, қарасы не – айырма жоқ, жапон іздеген өт аю атаулының бәрінде бар.
Аю байпаңдап ұйысқан шоқ бұтаны айналып кетіп, көп күттірмей шыр айналып бүйір тұстан қайта шықты. Сәтін салғанда жел алмас жақта екен, әзірге ештеңе сезер емес. Тоңқаңдап жер қопарып, тамыр қазып тамағымен әуре.
Қар ұшқыны қоюланып барады. Өрікбай көз қиығымен жоғарыны болжаған – таудың таз басы
аппақ кепеш киіп үлгеріпті. Қарсыдағы қара жон да ала шұбар кейіпке енген. Уағы да таяды, ұшқындап жауған осы қар енді қайтып ери қоймас, тегі.
Бұлар төмендегі мүк басқан қожыр тасты сырт- тан айналып, орман жиегіне ылдилап еді, аюдан жүз елу метрдей жерден шыға келісті. Нұрсан мен Мерхатты Өрікбай осы арада қалдырды да, Му- расаки екеуі жамбастай жылжып, төмендегі қызыл тобылғының түбін барып паналады.
Енді аюмен екі ара ары кетсе жүз метрдей ғана жер еді. Көздемей атсаң да қапы қалмас жақын ара- лық. Азулы жыртқышқа бұлайша тым жақындау- дың өзі де зор қауіп. Содан ба, құрғырдың сұсы мысын басып, жон арқасы мұздағанын сезді. Өзін- өзі сабырға шақырса да, дем алысы жиілеп, жүрегі кеудесін жарып шығардай-ақ дүрсілдейді. Жапон жігітінің де жіпсік көзі жыпылықтап, үкідей үрпиеді. Мойнын ішке тартып, басын бұға береді. “Қорқатын дәнеңе жоқ” дегендей, Өрікбай оған бұрылып ыржи- ған болды, жігерін жанып арқасынан қақты. Ымдап, ыңғайлана жатқызды да, атуға дайындады. Аңшы- лық өнерден хабары бар ғой, үн шығармай, винчестер- дің затворын шықылдатпай жайымен тартты да, асықпай көздей бастады. Сәтін салса, азаматтың жолы болады, егерде оғы қапы кетіп, “осечка” беріп қалса – сақадай сай Өрікбай жатыр қасында.
Аю басын көтеріп, тұмсығымен жел алды да, көлденеңдей бұрылып құлағын тікшитті. Бірдеңені сезген сыңайда. Енді кідіруге болмас... Өрікбай
жапондыққа белгі беріп, жайлап иығынан түртті. Мурасаки де осы оңтайлы сәтті пайдаланып, тақыр қолтықты нысанаға ала атып жіберген. Аю озан- дай ақырып, айқұлақтана атып тұрды. Мылтық дауысының қай жақтан шыққанын біле алмай ата- лақтады. Екі аяқпен тұра келген мезетте, тілеуің бергір Мурасаки, тағы бір атып жіберсін... Бұл жолғы оқ қылаң төске дөп тиіп, бұрқ етіп шапшыған қап-қара қан көрінді. Тау іші мылтық дауысымен жаңғырығып, оған аюдың құлақ тұндыра бақырғаны қосылып, төңірек азан-қазан болды да кетті. Іле Өрікбай да аюдың жүрек тұсын қарауылға алып, бесатардың шүріппесін басып үлгерді. Екеуі де жанды жер, талма тұстан тигізген сияқты. Өйткені аю өгіздей өкіріп ба- рып омақаса құлады да, қорқырай сұлап сылқ түсті. Сол бойда тырп етпей қимылсыз қалды.
Бұлар бірден тұрып кетуге жүректері дауа- ламай, орындарынан тапжылмай біршама уақыт бақылап жатты. Аю қимылсыз, ешқандай қозғалыс байқалмады. Жаңағы үш оқ “батырыңды” сеспей қатырған тәрізді.
Өрікбай жайлап орнынан тұрып, үсті-басына жабысқан қар мен шөп-шаламды қақты да, қошемет білдіріп Мурасакидің қолын қысты.
- Маладес-с-с! – деді жылы жымиып. Жапондық та балаша мәз, қос қолын қусырып,
иіліп тағзым етіп жатыр. Өз тілінде шүлдірлеп бірдеңе дейді. Жоғарыдан ыржаң қағып арсалаңдап Нұрсан мен Мерхат жетті. Олар бәрін сырттан бақылап
тұрған екен, бас бармақтарын қайқайтып, қонақты мақтап кезек-кезек құшақтаумен болды.
Аңшылық өнердің барша бақыты да, мағынасы мен маңызы да осындай қуанышты сәттер ғой!
Дабырлай сөйлесіп төртеуі де өлген аюға қарай жылжыды. Нұрсан өз алдына бірдеңені айтып, қар- қылдап мәз болып келеді. Мурасаки мылтығын иығына асып алған, екі жігіттің алды-артына шы- ғып, сыртылдатып суретке түсіріп жүр. Қолын оң- ды-солды сілтеп қойып, ол да өзінше сөзге араласқан болады.
Өрікбай маңайдан таяқтық ағаш іздеп еді, көзіне ештеңе шалынбады. Бұл төңіректе тас та жоқ екен, ұйысқан көк шалғын, шымдауыт ұлтан. Оның үстіне еріне жауған көбелек қар да құйқалы шиырды шұбарлап тастапты. “Е, жарайды, өлер аю өлді ғой” деген оймен айналып, төрт аяғы төрт жақта жарби- ып жатқан аюдың алдына шықты. Алтайдың алыбы етпетінен түсіп, бақаша жерге жабысып қалыпты. Өзі жұнттай болып семірген екен, күдіс жоны күдірейіп, қылшық жүні жауған қармен шағылысып жылт- жылт етеді. Шүкіршілік, ат арытып алыстан келген азаматтың жолы болды, мына қоңыр аю мақтауға да, мақтануға да лайық олжа!
Өрікбай аюға тақай түсіп, етігінің басымен тұм- сықтан түртіп қалды. Сол-ақ екен, тарбиып өліп жат- қан аю сығырайып көзін ашсын... Ашты да, басын әнтек көтеріп күркірей гүр-р ете түсті. Өрікбай шо- шына ыршып, шегіне бергенде, шалқасынан шалына
құлады. Қолындағы мылтығы да ұшып былай кетті. Жаралы аю сүйретіле ұмтылып барып, Өрікбайды аяқтан бас салды. Тырнағы қызыл асықтан ілініп, етігінің өкшесін жаншып қалды. Сояудай тырнақ шеңгелдеп жіберер емес. Тілі құрғыр байланып, айғайлауға да мұршасын келтірмеді. Әйтеуір, аю азу- ын ақситып, ақыра ұмтылған сәтте аузына тобылғы сапты дойыр қамшысын бойлата тығып жіберді.
- Ойбай, өлдім! – деді қарлығып. Аузы құрғап, үні өзінен аспай қалды. – Атыңдар, ойбай! – деп ар- тынша бар дауысымен шыңғырып жіберді.
Ана үшеуі көздері атыздай айналып, ауыздарын ашып анадайда бақшиып қапты. Қас пен көздің ара- сында апай-топай не болғанын ұқпай тұрған секілді. Мурасаки мылтығы иығында, фотоаппаратын құ- шақтап шегіншектеп барады. Осы мезетте жоғарыда қалған төбет арсылдап шауып келіп, аюды айналып абалай жөнелді. Төбеттің келгені Өрікбайға күш бер- гендей болып, жан дауысы шыға ойбайға басты:
- Атыңдар, сыболыштар, неғып тұрсыңдар!
Нұрсан мен Мерхат енді ғана ұйқыларынан оянғандай серпіліп, жалма-жан мылтықтарына жар- масты... Құлақты тұндыра тарсылдатып атқылап жа- тыр. Аю Өрікбайды босата бере, өгіздей өкіріп аунап түсті де, сол қалпы қимылсыз қалды. Өрікбай төрт аяқтап жер бауырлай қашып, анадайдан ақсаңдай тұрып кетті.
Қараса – аю етігінің өкшесін жұлып, ұлтанын ай- ырып жіберіпті. Қонышы да сүйем қарыс жыртылып,
белтірі ырсиып қапты. Бір ажалдан Құдай сақтаған сияқты. Алмас тұяқ балтырдан ілінгенде қара санды жұлып алғандай екен.
Аңқасы кеуіп, шөлдегенін сезді. Тілі таңдайына жабысып қалғандай... Буын-буыны босап, тірсегі дірілдейді, денесі қалтырайды. Басы мәңгіріп, бы- лайырақ барып сарғайған шалғын үстіне жантая кетті. Құрғырдың айбары осыншалық зәрлі болар ма, көзі жортақтап тоқтамай, аю жаққа бет бұрудан да жасқана берді.
Мурасаки Өрікбайдың пәрше-пәршесі шыққан етігіне үңіліп, сипалап көрді де, қайран қалып бірдеңе деп сөйлеп тастады. Нұрсан оны қолынан жетелеп теңкиіп жатқан аюдың қасына апарды. Тізе бүктіре отырғызып, мылтығын қолына ұстатты да, жан- жағынан суретке түсірді. Ескерткіш үшін деп, шеттен келген аңшылардың бәрі өстиді.
Өрікбай аяғының қақсап ауырғанын енді сезе бастады.
- Аюды сойыңдар! – деді Нұрсанға. – Терісін сыпыр, өтіне абай болыңдар, бөлек кесіп алыңдар... Көтергенше етті екі атқа өңгеріп, Селиван шалға апа- рып беріңдер!
Нұрсан жарым сағаттай жоғалып, төмендегі ат- тарды жетелеп алып келді. Аюды Мерхат екеуі шал- қасынан жатқызды да, білек сыбанып екі жақтап союға кірісті. Мурасаки де шыр айналып, аюдың аяқ-қолын ұстап, көмектескен болып жүр. Оқта-текте Өрікбай жаққа қабақ астынан қаймыға қарап қояды.
Өлім аузынан қалған жаңағы жанталасқа өзін кінәлі сезінетіндей.
Арада сағатқа жуық уақыт өткенде, жігіттер буын бұрқыратып аюдың терісін іреп сыпырып-ақ тастаған. Кеудесін жарып, ішек-қарнын ақтарып жатқанда, Нұрсан әлденеге таңданған кейіпте сілейіп тұрып қалды.
- Өті жоқ! – деді дауыстап, сөйтті де бозарған жүзбен Өрікбайға одырая қарады.
Бұл кезде етектегі қойнау-қолатты көлеңке жа- уып, аспан да, жер де аппақ мұнар астында көміліп бара жатқан еді.
* * *
Өрікбайды екі жігіт сүйемелдеп, қолтығынан демеп атқа мінгізді. Содан ілбіп басып қас қарая етектегі кордонға жеткен. Осы арада тағы бір түнеді де, ертеңінде таңсәріден бәрі артынып-тартынып ауылға қарай жылжыды.
Жол бойы Өрікбай Ерен бастығына қай бетімен көрінерін білмей, нендей уәж, қандай сылтау айта- рын ойлап басы қатты. Аяғының ақсап, шойнаңдап қалғаны мынау... Тырнағы тиген жоқ сияқты еді, бәрібір қызыл асықты мытып жіберіпті, қақсап қинап келеді. Тәжірибесі молынан жететін кәсіби аңшының осыншалық білместік жасағаны, жаңсақтық жібер- гені естіген жаннан ұят екен!
Жалпы, аюды атып өлтірдім дегеннің өзінде аңшылар оны алыста тұрып, оның өзінде шошаңдап
алдына шықпай, арт жағынан ұзын шыбықпен арқа- сынан түртіп байқайды. Немесе жасырын тұстан кесек тас лақтырады. Сол кезде аюдың желке жүні қыбырлап, шүйдесі жыбырлап, жымиған құлағы тікшие қалса – аю әлі тірі, бойында әлі жаны бар деген белгі. Жаралы аю қашанда кекшіл, жынын шашқан ашулы, сондықтан өрескел қауіпті. Ал ашулы аю бойынан жаны шығып өліп бара жатқан сәтте де қайыра атып тұруға қуат табады. Атып тұрып аңшыны пәршелеп тастауға қайраты да, күші де жетеді.
Баяғыда енесін браконьерлер атып кеткен жетім қонжықты үйге әкеліп асырағаны есінде. Маусымның басы еді, қонжық кішкентай, ары кетсе үш айлық болар. Соның өзінде қызықтап құшақтаған кезде құшағыңды жазып жіберетін. Қаршадай қонжықтың өзіне ересек адамның күші жетпей қалатын. Оған қарағанда мынау тарлан тайынша ғой. Бұлардың бұлшықтары еттен емес, құйған құрыштан дерсің.
Өрікбай соның бәрін біледі. Біле тұра жаза басқаны масқара болды. Сол үшін де іштей күйзеліп, қабағы түсіп, тілін тістеп келе жатты.
* * *
Керзі етігін тарпылдатып есіктен шойнаңдай кірген Өрікбайды Ерен бастығы жадырай қарсы алды. Ақсақ аяғына бір қарады да:
- Аттан жығылдың ба, тастан құладың ба, аяққа не болған? – деп емен-жарқын амандасып жатыр. Өрікбай орындыққа жайлап жайғасып, әңгімені не- ден бастарын білмей тұтықты.
- Ие, сонымен... аю алдыңдар ма? – деді Ерен.
- Алдық... Бірақ өті жоқ! – деді Өрікбай төмен тұқырайып.
- Өті жоқ дейді... Өті жоқ аю болушы ма еді? – Ерен Өрікбайдың бет-жүзіне күдіктене көз жүгіртіп өтті. – Сендер өзі жылқы атып жүрген жоқсыңдар ма?
Өрікбай көзін жерден алып, басын көтерді.
- Олай емес... Өті бар, бірақ өтіне оқ тиіп, ағызып жіберіпті! – деді.
- Қалайша? Байқамадыңдар ма!
- Аюды үш оқпен жыққан сияқты едік... Өл- ді екен деп жетіп барсам – мені сирағымнан бас салғаны... Етігімді жұлып алды, жазым ете жазда- ды. Біздің екі жігіт сасқан жерде бүкіл обоймала- рын атып жіберіпті.
- “Бүкіл обойманы” дедің бе?
- Иә, бүкілін...
- Сонда қанша?
- Нұрсанның кавалериялық карабині – бес оқ, Мерхаттың СКС карабині – он оқ. Алдында атылған үш оқты қосқанда, он сегіз оқ атылып кетіпті.
- Мәссаған... Майдан ашқан екенсіңдер ғой? Өйткенше пулемет ала шықпадыңдар ма! – Ерен мырс ете түсті, Өрікбайдың жүзі нарттай қызарды.
- Басеке, солай болды... Ұят... Терісі де шұрық- тесік... Түкке жарамайды... Кешірім сұраймын!
Ереннің түсі суыңқырап, ойға батып, орындық- тың арқасына шалқалай серпілді.
- Сонымен, жапондық азамат бос кететін бол- ды ма?
- Жағдайды өз көзімен көрді ғой. Аюды бірінші боп атқан өзі... Реніші бола қоймас! – деп Өрікбай ернін тыржитып, иығын көтерді.
* * *
Ерен әр ауылдағы аңшы әріптестерімен хабарла- сып, аюдың өтіне сұрау салған.
Коробиха поселкесінде Назар Панкратов деген қорбаңдаған кержақ шал тұрушы еді. Жасы жетпістің бесінен асса да тау мен тайганы кезіп, түз тентіреуін қоймаған сұңғыла аңшының бірі-тін. Сәтін салғанда, кептіріліп, салқын жерде сақталған аю өті сол кісіден табыла кетті.
Назар шалды Коробихаға Ереннің өзі арнайы іздеп барып, аюдың өтін аттай қалап алып келді. Соңынан оны құндақтап орап, жапондық азаматты риза етіп, жолына салып берген еді.