04.01.2022
  198


Автор: МАХАББАТ ЖАРБОСИНА

Жастықты жырға қосқан жапырақпын

Қасиетпен тізгіндеп қасіретті,
Тұлпардай тулап талай ғасыр өтті.
Дауылдарға дес бермес жас толқындар,
Жүректерде лаулатты жасын отты.
Жас толқын – біз жастармыз жарқылдаған,
Өткенге сағыныш бар сарқылмаған...
Болашақтың даңғылы күтер бізді,
Армысың, айналайын, жарқын ғалам!
Күміс күн, армандашы күліп дейді,
Дана уақыт мықтыны өзі іріктейді.
Көк аспан кең болуды өрнек етіп,
Асқар тау тек өрлікті үгіттейді.
Жастар жылы – елімде жадырап күн,
Гүлденер, сәні келіп атыраптың.
Туған ел, зор Бәйтерек болса егер,
Жастықты жырға қосқан жапырақпын.
Бабалардың үні – біз дүрілдеген,
Көңілдері көктем боп күлімдеген.
Найза бойы жетпеген қамалдарды,
Жас ұрпақпыз алатын білімменен.
Біз жастармыз, шабыты шарықтаған,
Димаш – ән шырқау көкте қалықтаған.
Өр – Бекзат дүниені мойындатып,
Ер – Данияр боп бүгін жанып барам!
Тулап соққан толқынның күшіндейміз,
Кеудеде жалын жырды мүсіндейміз.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстап,
Көк туды көгімізден түсірмейміз!
Жастық шақ –
Батыл мінез, сұлу дидар.
Бойында бір ерекше жылу, күй бар.
Қазақтың байтақ Ұлы даласында,
От жастар, тура жолмен жүруді ұйғар.
Намысым үлес қосып шабысыма
«Жастар жылы» құт болғай арысыма.
...Біз жастармыз – күркіреп күні ертең,
Айналар Азияның барысына!





Пікір жазу