04.01.2022
  118


Автор: ЗЫЛИХА ЖАҢАБАЙ

* * *


Сары гүлден сыр шығар,
Сезімімен құлшынар.
Қосылғалы келеді,
Бір сыңарға бір сыңар.


Уақыттың ап уәдесін,
Сыйлап жүрек сәулесін.
Бір болуға сөз байлап,
Жоғалтардай нақ есін.


Қадамасын көзін де,
Түйремесін сөзін де.
Жұптар бақыт тапсыншы,
Тым керемет емес пе,
Күю, сүю, төзу де!


Жанарында тұрса үміт,
Қабағына мұң салып.
Ғашықтарға тимесін,
Ауыр іс жоқ мұншалық!


Деп тұрғандай сары гүл,
Сары гүлде сары нұр.
Кесапаттан көлденең,
Сақтасыншы тағы жыр.
Барлығын да гүлдетер,
Махаббат қой бәрібір!




Пікір жазу