* **
Лаулаған жалын, алаулап әр кез жанатын
Жалынның шоғы, жүректен орын алатын
Ғұмырда мынау, айналып келмес адамға
Жұлдызды шағың, жадыңда мәңгі қалатын.
Жастық өмірді алмайсың сұрап ешкімнен,
Қуаныш сыйлар, сәулесі күннің кешкірген.
Байқамай жүрсің, дауысың жарқын «әу» десең,
Жаңғырық болып, Алатау асып естілген!
Барлығы мүмкін, кіріссең болды қамданып,
Санаңа көркем, адалдық атты шам жағып.
Халқыңмен – қыран, тастүлек болып қалықта,
Япыр-ау, десін күллі әлем көріп, таң қалып!
Жастықтың жылы, берері ұшан елге мың,
Елеусіз қалмас, ерінбей еткен еңбегің.
Адамдық арың, абыройыңа айналсын,
Күніне түспей, қадірі құнсыз теңгенің!
Біліммен білік, ұштасқан уақыт талабы,
Мақсаты айқын, өреннің биік алары.
Нөсерлі көкті жасындай тіліп жарқыра,
Жолбарыс жүрек, жастықтың жалын жанары!